Қырғызстанда Жогорку Кенештің (парламент) 80 депутаты жаңа Конституция жобасын әзірледі. Жергілікті қоғам бұл жоба авторитаризмге жол ашады деп сынға алып, оны «Ханституция» деп атады. Ал 22 қарашада оған қарсы елде бейбіт шеру өткізілмек.
Конституцияға енгізілетін басты өзгеріс — президент құзыретінің артуы: ол атқарушы билікті (үкіметті) басқарады, елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты маңызды шешімдер шығарады.
Сонымен бірге мемлекет басшысы үкіметті өзі құрып, оның жұмысына жауап береді: парламент келісімімен премьер-министр, оның орынбасарларын, министрлер мен мемкомитеттер басшысын тағайындайды.
Президент бес жылға сайланады. Бір адам көп дегенде екі рет президент бола алады. Қазіргі Конституциясы бойынша Қырғызстан басшысы алты жылға сайланып, тек бір рет ел басқара алады.
Егер мемлекет басшысы өз қызметінен мерзімі бітпей кететін болса, оның міндетін премьер-министр орындайды, орындай алмаса, міндет парламент спикеріне жүктеледі. Ал қазіргі негізгі заңына сәйкес президент құзыреті әуелі спикерге, содан соң үкімет басшысына беріледі.
Екінші өзгеріс — халық билігін үйлестіріп отыратын Халық құрылтайы деген консультатив орган құру. Ол президент, Жогорку Кенеш, меморгандар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп жұмыс істемек. Бұл құрылтай не үшін қажет және нақты немен айналысады — ол жағы түсініксіз.
Тағы бір үлкен өзгеріс сөз бостандығына байланысты. Жаңа жобаның 23-бабында былай делінген:
«Республикада Қырғызстан халқының қоғамда қалыптасқан моральдық құндылықтарына, дәстүрі мен халықаралық стандарттарға қарама-қайшы келетін БАҚ, көпшілік шаралар мен ойын-сауықтарға тыйым салынады.
Қырғызстан халқының мәдениеті мен моральдық құндылықтарына зиян тигізетін мәліметтерді БАҚ арқылы тарату шектеледі не оған мүлдем тыйым салынады».
Айтпақшы, депутаттар жобаны 2021 жылы 10 қаңтарда референдум арқылы қабылдау керек деп ұсыныс айтты. Сол күні елде басқа дауыс беру — президентті сайлау — өтеді.
Пікірлер жоқ.