Репарация

Жақында Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдемелерінің бірінде ресейліктерге «репарация» және «контрибуция» сөздерін үйренуді ұсынды. 


Сіздер біздің елімізге, әрбір украиналыққа істеген істеріңізді толығымен өтейтін боласыздар. Біз қаза тапқандарды еш уақытта ұмытпаймыз, — деді Зеленский. 


Репарация сөзі туралы айтамыз. 




Репарация — латын тілінен аурадрғанда «қалпына келтіру» дегенді білдіреді. Яғни, шабуыл жасаушы, арандатушы мемлекеттің зардап шеккен елге өтемақы төлеуі. 


Егер арантатушы мемлекет соғыста жеңілетін болса, зардап шеккен елдің қираған қалаларын, инфроструктурасын қалпына келтіріп беруге міндетті. 


Өтемақының мөлшері мен көлемін соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық сот белгілейді. 


Репарация төлеу (алу) ең алғаш 1919 жылы Версаль бейбіт келісімінде мүмкін болған. Онда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия мен оның одақтастарының Антанта елдерінің (Ресей, Ұлыбритания, Францияның әскери блогы) бейбіт халқына келтірілген шығындарды өтеу қарастырылған. 


Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін фашистік Германия мен оның одақтастарына репарация төлету 1945 жылы Ялта және Постдам конференциялары кезінде анықталды. Репарацияның жартысы (10 миллиард доллар) Кеңес одағы мен Польшаға берілді. 


Кеңестер одағына репарация ақшалай төленген жоқ. Германияда өнеркәсіп кешендері бұзылып, КСРО-ға жөнелтілді. Тарихшы Михаил Семирягтың дерегінше, бірнеше жылдың ішінде Германиядан Кеңес одағына 2 885 әртүрлі зауыт, фабрика, 96 электростанция, 340 мың әртүрлі станоктар, 200 мың электромотор және лабораториялық құрылғылар жеткізілген.  


Украиналық Forbes журналының мәліметінше, 24 ақпаннан бері Украинадағы қираған ғимараттардың ғана шығыны 80 миллиард доллардан асқан. Бұндай соққыдан кейін ел экономикасы тек 2025 жылға қарай қалпына келеді. Халықаралық валюта қорының есебінше, егер соғыс ұзаққа созылатын болса Украина ЖІӨ шығыны биылғы жылдың өзінде 25-30 пайыз болады. 


 


22/04/2022 15:57 2780 0

22/04/2022
15:57 2780 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление