Кеттлиң

Полицейлердің бейбіт жиналыстарға (митиң, шеру, пикетке) қатысушыларды бөгеп, қоршап алуы. Ағылшынша «kettle» қазан деген мағына береді. 




Кетлиңге мысал: полиция қызметкерлері бейбіт түрде жиналғандарды ары қарай жүргізбей, тығыз қоршап алып, сапқа тұрады.


Бұл сөз биыл әлеуметтік желіде көп айтыла бастады. Оған себеп — 16 желтоқсанда Алматыда өткен митиңдер: онда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (орысша СОБР) Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділерін қоршап алып, үш сағат бойы аязда ұстады. Осындай «кеттлиңнен» кейін белсенділердің бірі — Фариза Оспан пиелонефритпен ауруханаға түсті. 


Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль ЕҚЫҰ-ның «Бейбіт жиналыстар еркіндігін бақылау жөніндегі анықтамалығынан» мынандай үзінді жариялады:


«Полицейлер наразылық білдірушілердің бір бөлігін қоршап, оқшаулау (“кеттлиң” немесе “бұрышқа тақау”) тәсілін тек төтенше жағдайда, бейбіт жиналысқа қатысушыларға қауіп төнгенде ғана қолданғаны жөн. 


Әдетте, мұндай тәсіл бейбіт жиналысқа  қатысушыларға да, қатыспайтындарға да қарсы қолданылады. Наразылық білдірушілерді осылай заңсыз қоршап алу — адамдардың бас бостандығы мен еркін жүріп-тұруын шектеу.  


БҰҰ-ның Бейбіт жиналыс және қауымдастық құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы кеттлиңді «адамның бейбіт жиналысқа қатысу құқығын бұзады» деп санайды және бұл тактиканың қолданылуына үзілді-кесілді қарсы».        


Кеттлиңді батыс медиасы 2009 жылы Ұлыбританиядағы G20 саммитіне қарсы наразылық митиңдері мен 2011 жылы Нью-Йорктегі «Occupy Wall Street» акцияларынан кейін кеңінен талқылай бастады.


 


21/12/2020 14:57 3497 0

21/12/2020
14:57 3497 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление