Заңнамаға өзгеріс енгізгім келеді. Не істей аламын?

masa нұсқаулығы


13/09/2021
13:34 3675 0

masa.media Қазақстан азаматтарының заңнаманы өзгерту мүмкіндігі қандай екенін анықтап көрді. 

 

Материалды дайындауға көмектескен заңгер, құқық қорғаушы Роман Реймерге алғыс айтамыз. 

 


 

Еске сала кетейік, бұл материалды біз Қазақстан заңнамасына сүйеніп жасадық. Мұнда жазылғандар өмір шындығына керағар болуы мүмкін. Ескертпеді демеңіздер :)  

 


 

Қазақстанда азамат заңнамаға өзгеріс енгізу керек деп бастама көтере ала ма? 

 

Жоқ. 

 

Қазақстан Констиуциясының 61-бабына сай, мұндай құқыққа президент, парламент депутаттары мен министрлер ғана ие. 

 

Десе де, халық заңнамаға біраз болсын ықпал ете алады. Қазір оның бірнеше заңды жолын түсіндіреміз.  

 

Әуелі заң қалай дайындалатынын біліп алайық: 

 

        • Президент, парламент депутаттары мен министрлер бастама көтереді; 
        • Заңды дайындау белгілі бір органға жүктеледі. Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне. 
        • Сол орган заңды даярлайтын адамдар (жұмыс) тобын құрады. Оған депутаттар, құқық қорғаушылар, мамандар, мысалы, қаржыгерлер, заңгерлер және тағысын-тағы кіреді.
        • Заң жобасы ашық норматив құқықтық актілер (НҚА) сайтында халық талқысына түседі. 
        • Дайын заң жобасы әуелі Мәжілісте қаралады. Депутаттардың заңға айтар уәжі болмаса, Сенатқа жолдайды. Заң жобасы сенаторларға ұнамаса, Мәжіліске қайтарылады. 
        • Ал ұнаса, президентке жолдайды. Мемлекет басшысы қол қойғанда ғана заң жобасы заңға айналады. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЗАҢНЫҢ ЗАҢ ЖОБАСЫНАН ҚАНДАЙ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР?

 


 

1. Азамат ретінде пікір білдіру 

 

Legalacts.egov.kz сайтында барлық норматив құқықтық актіге пікір қалдыра аласыз. Заң және оның жобасы — норматив құқықтық актінің бір түрі. 

 

Ол үшін сайтқа кіріңіз — қай саланың НҚА-сы керек, сол саланы бас бетінен тауып алыңыз/НҚА атауын білсеңіз, іздеу жүйесі арқылы іздеңіз. Айтпақшы, пікір қалдыру үшін ЭЦҚ қажет.

 

Керек НҚА-ны тапқаннан кейін, «Толығырақ» дегенді басыңыз, құжатты оқып алыңыз, кейін «Пікір қалдыру» дегенге кіріп, уәжіңізді айтыңыз. Пікіріңіз не ұсыныңыз түсінікті, саралы жазылғаны жақсы — әйтпесе заң дайындаушының назарына ілікпеуі мүмкін.   

 

2. Жұмыс тобына мүше болыңыз 

 

Депутаттар заң дайындарда жұмыс тобын құрады, оған түрлі мамандар шақырылады: заңгер, психолог, құқық қорғаушылар және тағысын-тағы. 

 

Егер сіз маман болсаңыз, сол топқа мүше болыңыз. Алайда ол үшін қай заң жасалып не өзгертіліп жатқанын біліп отыруыңыз керек. Депутаттар мұны көпшілікке жариялай бермейді. 

 

Сіз ашық НҚА сайтын не құқық қорғаушы ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларын я сайтын үнемі қадағалап отырсаңыз болады. Себебі ашық НҚА сайтына кез келген заң не заң жобасы салынады, ал депутаттар жұмыс топтарына мамандарды көбіне құқық қорғау ұйымдары не қоғам бірлестіктерінен іздейді. 

 

Сіз өзіңізге керек заңды дайындап жатқан орган я құқық қорғау ұйымына барып не электрон поштасына жазып, топқа қосылғыңыз келетінін айтыңыз. Бұған заңда тыйым салынбаған. 

 

 

3. Референдум 

 

Мемлекетке өте маңызды құжат не шешім қабылданарда, мысалы, Конституцияны өзгертерде республикалық референдум өтеді. 

 

Алайда референдум — сөз жүзінде іске асатын әдіс. Себебі тәуелсіз Қазақстанда ол тек екі рет: 1995 жылғы сәуір мен тамызда өтті. Біріншісінде сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілет мерзімі ұзартылды, екіншісінде қазіргі Конституция қабылданды. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАН БІРІНШІ КОНСТИТУЦИЯСЫНАН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?

 


 

Теория жүзінде сонда дауыс беріп, заңнама және құқық жүйесіне біраз да болсын ықпал ете аласыз. 

 

Айтпақшы, сіз өзіңіз референдум өткізейік деп бастама көтере аласыз. Ол үшін 200 мың қол жинап, президентке өтініш жолдайсыз. Бірақ 14 облыс, 3 республикалық маңызы бар қаладан жиналған қол саны тең болуы керек. Мысалы, Маңғыстау облысынан 10 мың қол жинасаңыз, басқа аймақтардан сонша жинауыңыз керек. 

 

Референдум өте ме, жоқ па, оны президент шешеді. Себебі тек президенттің жалпыхалық дауыс беру өткізу құқығы бар. 

 

4. Сайлау 

 

Төртінші жолы — сізге жағатын заң шығаратын депутаттар мен президентті сайлау. 

 

Қазақстан халқы парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс, жергілікті мәслихаттар мен президентті ғана сайлай алады. Ал Сенат депутаттарын сіз таңдаған мәслихат депутаттары, министрлерді президент премьер-министермен кеңесіп тағайындайды. 

 

Мәжіліс пен мәслихаттарды, президентті сайлау бес жыл сайын өткізіліп тұрады. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ МЕН БАҚЫЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

 


 

5. Петиция

 

Петиция жазып та заңнамаға өзгеріс енгізуге болады. Мысалы, 2019 жылы жануар құқығын қорғаушылар жануар, малға жауапкершілікпен қарау туралы жаңа заң қабылдансын деп 67 мың қол жинады, митиңге шықты. Кейін өздері дайындаған заң жобасын Мәжіліске тапсырды. Содан соң ол қоғам талқысына түсті. Заң әлі парламентте қаралып жатыр. 

 

Петицияны Ақордаға не тиісті органға жіберіңіз.

 

Петиция жолдағаныңызды БАҚ арқылы жұртқа жариялағаныңыз жақсы. Себебі неғұрлым көп адам талқыласа, проблема депутаттардың назарына соғұрлым тез ілінеді. 

 

6. Наразылыққа шығу

 

Конституцияға сай, Қазақстан азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналып, өз пікірін білдіре алады. 

 

Егер қандай да бір заңға айтар сыныңыз болса, митиң, шеру, демонстрацияларға шықсаңыз болады. Мысалы, биыл тәуелсіз адвокаттар өздерінің қызметі туралы заңдағы кей нормаға қарсы болып: билік адвокаттардың ісіне араласпақ деп бес айы бойы митиңдеді

 

Бірнеше наразылықтан кейін парламентте келісім комиссиясы құрылып, депутаттар заңға енгізбек болған кей нормасын алып тастады, десе де адвокаттар қабылданған заңға әлі де наразы. 

 

Алайда Қазақстанда әкімдікті ескертпестен (іс жүзінде рұқсат алмастан) бейбіт жиын ұйымдастыруға болмайды. Құқық қорғаушылар мұны адам құқығы мен халықаралық келісімшарттарға қайшы дейді. 

 

Біз бұрын митиң не пикет ұйымдастырарда қандай талаптарды орындау керегін айтқанбыз. Оқи отырыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/09/2021 13:34
3675 0

Уведомление