Ереуіл ұйымдастыратын жұмысшылар нені білуі керек?

Ереуіл деген не және ол күткен нәтиже бере ме


23/09/2020
12:14 6370 0

Жұмыс берушімен арадағы дауды шешу үшін жұмысшылар ереуілге шыға алады. Конституцияда солай жазылған, бірақ наразылық ұйымдастыру үшін негізгі заңдағы бір бапқа қарап алысқа бара алмайсыз. Оның бірнеше нюансы бар және олар Еңбек кодексінде жазылған. 

 

Біз соған сүйене отырып, ереуіл ұйымдастырамын не оған қатысамын дегендер нені білуі керек екенін айтып береміз. 

 


 

Мақалада «Офисный закон» Telegram каналының материалдары пайдаланылды

 


 

ЕРЕУІЛ ДЕГЕН НЕ?

 

Кейде жұмыс берушілер жұмысшылардың жалақыны көтеру, қауіпсіздік шараларын күшейту, демалыс беру сияқты талаптарын елемеуі мүмкін. Мұны еңбектегі ұжымдық дау деп атауға да болады.  

 

Мұндайда жұмысшылар жұмысқа шықпай, кейде аштық жариялап наразылық білдіруі мүмкін. Міне, осы ереуіл деп аталады. 

 

Қазақстанда жұмысшылардың ереуіл өткізуге құқы бар, бірақ оған шығардан бұрын жұмыс берушімен татуласу рәсімдерінен өту керек: наразылар алдымен бастығына талабын жазбаша жетуізуі керек. Жұмыс беруші жауабын 3 күн ішінде беруге тиіс. Одан нәтиже шықпаса, татуластыру комиссиясы құрылады. Онда да тараптар мәмілеге келе алмаса, іс еңбек арбитражына немесе медиацияның қарауына, керек болса, сотқа беріледі. Одан да қанағаттандыратын нәтиже болмаса, жұмысшылар ереуілге шыға алады. 

 


 

Татуластыру комиссиясы — арадағы дауды шешу үшін жұмысшылар мен жұмыс беруші құратын комиссия. Жұмыс беруші оның қызметіне бар жағдайды жасауы керек.  

 

Тараптар татуластыру комисссиясында келісімге келмесе, керек мамандарды шақырып, еңбек арбитражын құра алады. Ол уақытша жұмыс істейді. 

 


 

Ереуіл ұйымдастыру туралы шешім жұмысшылардың жиналысында шығарылады. Заңды болуы үшін шараға ұйым жұмысшыларының жартысынан астамы қатысуы керек. Жиналысқа қатысушылардың көбі келісім берсе, шешім шығарылды деп есептеледі. 

 

Ереуіл ұйымдастыру мен оған қатысу ерікті. Кім де кім жұмысшыны наразылыққа қатыс немесе қатыспа деп күштесе, ол 3 мың АЕК-ке (8,3 миллион теңге шамасында) дейін айыппұл төлейді не қоғамдық жұмысқа тартылады не бостандығы 3 жылға дейін шектеледі немесе бас бостандығынан 3 жылға дейін айырылуы мүмкін. 

 

Жұмысшылар ереуіл өткізу үшін әуелі жұмыс берушіге ескертуге тиіс. 

 

ҚАЛАЙ? 

 

Жазбаша. Ескертуді наразылық шарасына кемінде 5 күн қалғанда беру қажет. 

 

Онда мыналар көрсетілуі керек: 

 

  • Ереуілге не себеп болғаны;
  • Болатын күні, сағаты мен оған қатысушылардың саны;
  • Ереуілді басқаратын уәкілетті органның атауы, оның татуласу рәсіміне қатысатын өкілдерінің аты;
  • Наразылар ереуіл кезінде жұмысты тоқтатпау үшін не істейтіні.  

 

УӘКІЛЕТТІ ОРГАН ДЕГЕН НЕ? 

 

Ереуілді басқаратын орган. Оны ереуіл комитеті деп те атайды. Онда жұмысшылар сайлаған адамдар отырады. Бірнеше жұмыс берушінің жұмысшылары бірдей талаппен ереуілге шықса, онда наразылықты біріккен орган бастай алады. 

 

Кодексте мұндай орган болуға міндетті делінбеген, дегенмен заңда жазылған бар талапты орындаған жақсы. Әйтпесе сот ереуілді заңсыз деп табуы мүмкін.

 

Уәкілетті органның мынадай өкілеті бар: 

 

  • Жұмысшылардың мүддесін қорғау;
  • Жұмыс берушіден сол мүддеге қатысты ақпарат алу, мысалы, жұмыс берушінің наразылар талабын орындаймыз деген хаты;
  • БАҚ-қа ереуіл туралы ақпарат беру;
  • Заңгерлердің немесе басқа мамандардың көмегіне жүгіну; 
  • Жұмысшылардың келісімімен ереуілді тоқтата тұру;
  • Ереуілді заңсыз деп тапқан сот шешіміне шағым жасау.

 

Бұл өкілет ереуіл біткенде, яғни тараптар келісімге келгенде немесе наразылық заңсыз деп табылғанда бітеді.  

 

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЕРЕУІЛ ЗАҢСЫЗ БОЛАДЫ? 

 

Ереуілді сот қана заңды/заңсыз деп таба алады. Іс қаралуы үшін әуелі жұмыс беруші немесе прокурор арыз жазуы керек. 

 

Ереуіл мына жағдайларда заңсыз деп есептеледі: 

 

  • Төтенше жағдайда немесе соғыс кезінде күш құрылымдарында, өрт сөндіру, апаттан құтқару, жедел жәрдем станциялары мен арнайы құқық қорғау органдарында ұйымдастырылса;
  • Халықты энергиямен, жылумен, сумен, газбен, әуе, теміржол көлігімен, автокөлікпен, қоғамдық және су көлігімен қамтитын ұйымдарда, байланыс, денсаулық сақтау орындарында халыққа ең аз көлемде қызмет көрсету қарастырылмаған болса;
  • Жұмысы тоқтап қалғаннан салдары ауыр апат болуы мүмкін нысандарда ұйымдастырылса, мысалы, жарылғыш зат сақталған жерде. Толық тізімін мына жерден қарай аласыздар;
  • Ереуілдің өтетіні талаптарға сай жарияланбаса;
  • Ереуіл адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп (қандай екені көрсетілмеген) төндірсе. Мұндайда судья мен прокурор шешім шықпай жатып, ереуілді тоқтата алады. 

 

ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚҚАНЫМ ҮШІН ЖАЛАҚЫМ ҚЫСҚАРЫП, ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛМАЙМЫН БА? 

 

Сот ереуілді заңсыз деп таппаса, жұмыс беруші сізге сөгіс айтып, жұмыстан қуа алмайды. 

 

Жұмысшылар ереуілге жалақы төленбегені үшін шықса, оларға наразылық кезінде еңбекақы беріледі, басқа себептермен шықса, берілмейді. Сонымен қатар ереуіл заңсыз болмаса, наразыларға уақытша жұмыс істей алмағаны үшін әлеуметтік төлем беріледі, олардың еңбек өтілі сақталады. 

 

ЕРЕУІЛ КҮТКЕН НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ? 

 

Татуластыру рәсімдері көмектеспесе, ереуіл арқылы жұмыс берушімен бір келісімге келуге болады, әсіресе ол туралы БАҚ жазса, хабарласа. 

 

Бірақ Қазақстанда жұмысшылар талабы толықтай орындала бермейді. Мысалы, Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» шахтерлары 2017 жылы өткізген ереуілінде «жалақысымызды екі есе арттырсын» деген талап қойған еді. Жұмыс берушілер жалақыны тек 30 % көтерді. 2012 жылы да олар жұмыс берушіге «еңбекақыны 30 % көтеріңіздер» дегенде жалақы 10 % өскен. 

 

Дегенмен бұл жерде басқа сұрақ туындайды. Жұмыс берушіге қарсы шыққаннан кейін жұмысшылардың жағдайы қандай болмақ? Ереуілге шыққан кей жұмысшы наразылықтан кейін жұмыста қысым көретінін айтады. Мәселен, 2012 жылы «ҚазМұнайГазға» тиесілі «ОТК ЖУТТ» компаниясы жұмысшылары жалақыны көтеру мен еңбек шарттарын жақсарту туралы арызға қол қойғаны үшін басшылық бір-бірлеп шақырғанын хабарлаған еді. Кейбірін «талаптардан бас тартамын» деп хат жазуға мәжбүрлеген.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

23/09/2020 12:14
6370 0

Уведомление