Ер адам декрет демалысына қалай шыға алады?

Бала күтімі үшін әйелдер ғана жәрдемақы алып, демалысқа шықпайды


03/08/2020
14:37 7424 0


 

Адамдар балалы болған кезде олардың өмірі айтарлықтай өзгереді. Бала тәрбиесі мен жұмысты қатар алып жүру қиындай түседі. Сол үшін көп елде декрет демалысы қарастырылған. Декрет демалысы кезінде ата-ананың біреуі баласына қарау үшін үйде отырып, мемлекеттен жәрдемақы алады және болашақта жұмыс орны сақталатынына сенімді болады. Заң декрет демалысындағы қызметкерді жұмыстан шығаруға тыйым салады.

 

Әдетте декретке әйелдер шығады. Ерлердің көбі мұндай мүмкіндік барын біле бермейді. Бұл жағдайды ескерген жөн, себебі кейде баланы әкесі баққаны ыңғайлырақ болады. Мысалы, әйелі күйеуіне қарағанда көп жалақы алса, жұмыста таптырмайтын маман болса немесе үй шаруасына күйеуі көбірек бейім болса. Ауылда тұратын ер адам үйде отырса, мал бағып, су тасып, от та жағар еді. 

 

ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ МӨЛШЕРІ

 

Жәрдемақыға қатысты нені білуіңіз керек: 

 

Ресми түрде жұмысқа тұрған ер адам өз еңбек ұйымында бала күтімі үшін берілетін демалысқа шыға алады. Оған бала туған әйелге арналатын біржолғы жәрдемақы төленбегенімен бала күтіміне арналған жәрдемақы беріледі. Бір жасқа дейінгі баланы бағу үшін табысынан айырылған адамға әлеуметтік төлем мына формула бойынша есептеледі: БКәт = ОАТ * ТАК, яғни:

 

БКәт — бала күтіміне арналған әлеуметтік төлем;

 

ОАТ — қызметкердің БКәт-қа дейінгі 24 айда әлеуметтік аударымдар алынып отырған орташа айлық табысы.

 

ОАТ = (АК1 + АК2 + АК3 +………+ АКn)/24 

АК — әлеуметтік аударымдар алынып келген ай сайынғы кіріс;

n — әлеуметтік аударымдар алынған ай;

ТАК — табысты алмастыру коэффициенті, 0,4-ке тең (немесе 40 %).

 

Төлемнің нақты сомасын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры барлық ерекшелікті ескере отырып белгілейді. 

 

Баланың әкесі жұмыс істемесе, оған жыл бойы тек бала күтіміне арналған ай сайынғы тиянақты жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері:

 

  • бір балаға 5,76 АЕК (16 мың теңге);
  • екі балаға 6,81 АЕК (18 918 теңге);
  • үш балаға 7,85 АЕК (21 807 теңге);
  • төрт және одан көп балаға 8,90 АЕК (24 724 теңге).

 

2020 жыл үшін айлық есептік көрсеткіш 2 778 теңге болып белгіленді. 

 

Жәрдемақы алуға өтініш беру үшін:

 

  • баланың туу туралы анықтамасы;
  • жұмыс орны анықтамасы және қызметкерді жалақысы сақталмайтын ресми демалысқа шығару туралы бұйрық үзіндісінің көшірмесі;
  • банктегі 20 таңбалы IBAN-шот.

 

Құжаттарды тіркелген жер бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Электрон-цифр қолтаңбамен www.egov.kz порталы арқылы онлайн немесе тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тапсыруға да болады.

 

Мемлекеттік корпорацияға өтініш беруге қажет құжаттар:

 

  • жәрдемақы тағайындау туралы өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • баланың туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы акт (актілер) жазбасы (жазбалары).

 

Ер адам бала бір жасқа толғаннан кейін қайтадан жұмысына шығуы керек.



СТАТИСТИКА

 

ҚР Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ақпаратына қарағанда, МӘСҚ-тан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бір жасқа дейінгі баланың күтіміне арналған әлеуметтік төлем 2008 жылдан бері тағайындалады. 12 жыл ішінде 2 563 801 адам әлеуметтік төлем алды, оның 3,8%-ы (шамамен 97 500 адам) ер адам.

 

2020 жылдың бірінші жартысында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі 118 399 адамға әлеуметтік төлем тағайындалды, оның 1,1%-ы (шамамен 1300 адам) ер адам.

 

 

БЕЙРЕСМИ ДЕКРЕТ

 

Ресми емес декрет демалысына бірнеше айға ғана шығатын ерлер бар. Ақсуда Еуроазиат энергетика корпорациясында жұмыс істейтін Дмитрий Бешеля былай дейді:

 

— Жұмысында жұбайымды алмастыратын қызметкер болмаған соң балалы болғанда оған тек төрт айға декрет демалысын берді. Төрт айдан кейін ол жұмысқа оралуға мәжбүр болды, содан кейін мен өзіме тиесілі бір ай демалыс пен жалақы төленбейтін тағы екі ай демалыс алдым. Мемлекеттік жәрдемақы алу үшін қажет құжаттарды жинадым, бірақ жәрдемақы ала алмадым. Өйткені жұмыста зейнетақы аударымдары бір ай кеш ұсталып отырады. Әлеуметтік сақтандыру қорында маған декрет демалысында болған кезімде әлі де зейнетақы аударымы түскенін айтты, яғни жұмыс істеп, жалақы алған адам сияқты болғанмын. Осылайша үш ай бойы мен мемлекеттен де, жұмыс берушіден де бала күтімі үшін ешқандай көмек алмадым. Есесіне кейін жұмысыма еш қиындықсыз оралдым, мен үшін бұл әлдеқайда маңызды.

 

Анара есімді келіншек бала күтімі үшін қалай күйеуімен бірігіп демалыс алғанын айтып берді:

 

— Босанғаннан кейінгі алғашқы үш айда Мәскеуде тұрдық. Күйеуім жұмыс істеді. Мен баламен үйде отырдым. Классика жағдай. Содан кейін біз Астанаға (Нұр-Cұлтан) көштік. Күйеуім Мәскеуде 10 жыл жұмыс істеген еді. Астанаға келгеннен кейін бірінші болып мен жұмыс таптым. Жұмыстың шарты жақсы болды, мен сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін аптасына бес күн жұмыс істеп, жоғары жалақы алдым. Күйеуіммен былай келістік: 9:00-ден 13:00-ге дейін мен кәсіби міндеттеріммен айналыстым, ал 13:30-дан бастап бала бақтым. Түскі астан кейін күйеуім басқа бөлмеде ноутбукпен өз жобаларымен айналысатын еді. Екі жыл өтсе де,  күн тәртібіміз өзгерген жоқ. Қазір ұлымыздың жасы екіде, мен күн сайын 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істеуге кетемін немесе басқа бөлмеде оқшауланамын. Сағат 14.00-де бәріміз асүйде бас қосып, түскі ас ішеміз, содан кейін күйеуім жұмысқа кетеді. Бұл жүйе мінсіз жұмыс істейді. Мен баладан шаршамаймын және кәсібім жағынан да шыңдалып үлгеремін. Күйеуім де балаға менімен бірдей уақыт бөледі, бизнесімен де айналысады.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/08/2020 14:37
7424 0

Уведомление