Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары туралы сегіз құжат

Мемлекет адам құқықтарын қалай қорғауы керек


07/08/2020
10:11 5448 0

Фото дереккөзі: platon.asia

 

Әр мемлекеттің азаматтар алдындағы міндеттері болады. Сол міндеттер халықаралық құжаттарда — декларация, пакті мен конвенцияда — жазылған. Егер мемлекет соларды ратификацияласа, ондағы шарттарды орындауға міндетті. Мысалы, қылмыскерді өлім жазасына кеспеу, жануарлардың құқығын қорғайтын заң шығару және т.б.

 

Міндеттердің орындалуын түрлі комитеттер қадағалайды. Соларға азаматтар өз мемлекетінің үстінен шағым жасай алады. Комитет оларды қарап, шешім шығарады. Егер ол мемлекет өз міндетін орындаймайды деп шешсе, оған құжаттағы шарттарды бұзбауға кеңес береді, бірақ бұйырмайды. Кеңеске құлақ түре ме, түрмей ме — оны ел билігі шешеді. 

 

Қазір Қазақстан адам құқықтары жөніндегі сегіз құжатты ратификациялады. Конституцияның 4-бабы бойынша, олар ел заңдарына қарағанда басым күшке ие. Десе де халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанды өз міндеттерін орындамайды деп жиі сынайды. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, БҰҰ комитеттері Қазақстанның үстінен жасалған шағымдардың 90 %-ында арыз берушілерді, яғни азаматтарды жақтады. 

 

Masa.media Қазақстан қол қойып, міндеттерін орындауға «уәде берген» сегіз құжаттың топтамасын жасады. 

 

Халықаралық құжатқа қол қою (қосылу) және соны ратификациялау — сол құжаттың құзыретін мойындаудағы сатылар. Бірінші мемлекет қол қояды, бірақ ондағы шарттарды орындауға міндеттелмейді. Ратификацияласа, міндеттеледі. Мемлекет қол қойып, ратификацияламаса болады.

 


 

НӘСІЛШІЛДІКТІҢ БАРЛЫҚ ТҮРІН ЖОЮ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯ  

 

Нәсіліне қарап кемсітудің барлық түрін жоюға бағытталған құжат(1). Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы 1965 жылы қабылдады, ал 1969 жылы күшіне енді. 

 

Бұл конвенцияның құзіретін мойындаған елдер кез келген нәсілшілдікті жоюға (оны айыптайтын заң шығару, барлық нәсіл өкілдерінің бір-бірімен тату өмір сүруін қамтамасыз ету) атсалысады. Қазір оны 188 ел ратификациялады. 

 

Конценцияның орындалуын БҰҰ Нәсілшілдікті жою жөніндегі комитеті қадағалайды, қарауында істерді соған қарап шешеді. 

 

АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТ

 

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (Қазақстан әлі қол қоймады) негізінде жасалған БҰҰ-ның пактісі(2). 1966 жылы қабылданып, 1976 жылы күшіне енді. 

 

Пакт елдерді адамдардың азаматтық және саяси құқықтарын: өмір сүру, қалаған дінін ұстану, сөз бостандығына, бейбіт жиналыстар жасау, сайлау мен әділ сотқа құқықтарын құрметтеуге міндеттейді.   

 

Қазіргі таңда оны 173 ел ратификациялады. Қазақстан оны 2006 жылы бекітті. 

 

Құжаттардағы шарттардың орындалуын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті қадағалайды, құжатты бекіткен елдердің азаматтардың арызын қарайды, шешім шығарады. 

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТІ 

 

Бұны(3) да БҰҰ 1966 жылы қабылдады, ал 1976 жылы күшіне енді. Қазір оны 171 ел ратификациялады. 

 

Пактіні ратификациялаған елдер азаматтардың өз шешімін өзі қабылдау, жұмыс істеу, жақсы еңбек шарттарына, білім алу, әлеуметтік жәрдемақы алу және т.б құқықтарын сыйлауға, қорғауға міндетті. 

 

Келісімдегі шарттардың орындалуын БҰҰ Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары жөніндегі комитеті қадағалайды. 

 

ӘЙЕЛДЕРДІ КЕМСІТУДІҢ БАРЛЫҚ ТҮРІН ЖОЮ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ 

 

1979 жылы қабылданып, 1981 жылы күшіне енді. 189 ел ратификациялады. Оның құзіретін Қазақстан 1998 жылы мойындады. 

 

Бұл БҰҰ-ның әйел құқықтарын (білім алу, жұмыс істеу, мүлікке ие болу және т.б) сыйлауға, қорғауға, ер мен әйел теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған құжат(4).

 

Ондағы шарттардың орындалуын Әйелді кемсітуді жою комитеті қадағалайды, соған қарап азаматтардың мемлекеттің үстінен жазған арыздарын қарайды, шешім шығарады. 

 

АЗАПТАУЛАРҒА ЖӘНЕ БАСҚА ДА ҚАТЫГЕЗ, АДАМГЕРШIЛIККЕ ЖАТПАЙТЫН ЖӘНЕ АР-НАМЫСТЫ ҚОРЛАЙТЫН IС-ӘРЕКЕТТЕР МЕН ЖАЗАЛАУ ТҮРЛЕРIНЕ ҚАРСЫ КОНВЕНЦИЯ 

 

1984 жылы қабылданып, 1987 жылы күшіне енді. 170 ел ратификациялады. Құжат(5) адамдарды кез келген түрде азаптауға, оларды азап көру қаупі бар елдерге беруге тыйым салады.   

 

Оның шарттарының орындалуын Азаптауларға қарсы комитет қадағалайды. 

 

БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

 

Адамның 18 жасқа толғанға дейінгі құқықтарын (өмір сүру, есімге ие болу, өз ата-анасын кім екенін білу, олардың қамқорына ие болу, өз ойын еркін айту, білім алу) реттейді(6), мемлекеттерді оларды бұзбауға, қорғауға міндеттейді.  Балаларды кез келген түрде азаптауға, ұрлауға, сатуға, заңсыз жұмысқа жегуге, өлім жазасына кесуге тыйым салады. 

 

Бұл құжатты қазіргі таңда 196 ел ратификациялады. 

 

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОНВЕНЦИЯСЫ 

 

2006 жылы қабылданып, 2008 жылы күшіне енген БҰҰ құжаты(7). Мемлекеттер мүгедектігі бар адамдардың кез келген құқығын бұзбауға, қорғауға, олардың ыңғайлы өмір сүруге, еркін жүріп-тұруына жағдай жасауға уәде береді. 

 

Қазір конвенцияны 182 ел ратификациялады. 

 

КҮШТЕП ЖОҚ ҚЫЛЫП ЖІБЕРУДЕН БАРЛЫҚ АЗАМАТТЫ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ 

 

Азаптауларға қарсы конвенция негізінде пайда болған құжат(8)Күштеп жоқ қылып жіберу — мемлекет билігінің адамдарды ұрлап, бас бостандығынан айырып, кейін олардың қай жерде және қандай жағдайда екенін айтпауы. Бұл құжат оның құзыретін мойындаған елдерді:

 

— осындай қылмысқа барғандарды жазалауға;

— тұтқындарды ресми тіркелген, күзетілетін жерге қамауға, олардың есімін арнайы тізімге тіркеуге;

— оларды отбасы және адвокатымен кездестіруге; 

— жақындарына тұтқын жайлы толық ақпарат (қай жерде отырғаны, денсаулығы туралы) беруге міндеттейді.

 

Қазір оны 63 мемлекет ратификациялады.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

07/08/2020 10:11
5448 0

Уведомление