ЛГБТИК туралы қалай жазу керек: Журналистерге арналған нұcқаулық

ЛГБТИК туралы жазғанда, айтқанда қай сөз бен тіркесті қолданбау керек


12/11/2020
12:13 6642 0


 

Кейінгі уақытта Қазақстан журналистері ЛГБТИК туралы көбірек жаза бастады. Бірақ материалдардың саны ұлғайғанымен сапасы артпай отыр. Әдейі не абайсызда ЛГБТИК-тер туралы жалған түсінік беріп, оқырмандарын хомофобия мен трансфобияға үндейтін журналистер әлі де бар.

 

Сондықтан мұны болдырмау үшін қазақша жазатын медиа мамандарына нұсқаулық дайындадық. Одан сіз ЛГБТИК-ке қатысты сөздік, қай сөз қолданып, қай тіркесті қолдануға болмайтынын біле аласыз. 

 

Материалды дайындағанда «Феминита» Қазақстан феминистік бастамасы «ЛГБТИК+ жайлы шынайы әрі қисынды журналистік жұмысты қалай шығару керек?» курсы аясында жасаған нұсқаулық пен «Бок о бок» халықаралық ЛГБТ-кинофестивалінің гайдына сүйендік. 

 

ЛГБТИК ДЕГЕН КІМДЕР?

 

Алдымен ЛГБТИК деген кімдер екенін анықтап алайық. 

 

ЛГБТИК дегендер — лесбияндар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлер, интерсекс және квир. 

 

  • Лесбиян — әйелдерді жақсы көретін, олармен жыныстық қатысқа түсе алатын әйел.  
  • Гей — ерлерді жақсы көретін, олармен жыныстық қатынасқа түсе алатын ер адам.   
  • Бисексуал — әйелдерді де, ерлерді де жақсы көре алатын, олармен жыныстық қатынасқа түсе алатын адам. 
  • Трансгендер — гендері биологиялық жынысына сай келмейтін, мысалы, әйелдің өзін ер немесе басқа адам ретінде сезінетін адам. 
  • Интерсекс — туғанынан бері жыныстық сипаттамалары (хромосомалары, жыныс ағзалары не репродуктив денсаулығы) тек әйелдікі не еркектікі болмайтын адамдар. 
  • Квир — кей лесбиян, гей, бисексуал және трансгендер өздерін осылай атайды. Жалпы бұл сөз алғаш рет пайда болғанда жағымсыз мағынаға ие болған еді: ЛГБТ-ні квир деп оларды мазақтау, кемсіту үшін атаған. Қазір бұл мағынаны жою үшін кей ЛГБТ өздерін осылай атап жүр.  

 

БИОЛОГИЯЛЫҚ ЖЫНЫС ПЕН ГЕНДЕР БІР ЕМЕС

 

Қазір кей журналист жынысты гендермен, сексуалдық ориентацияны гендерлік болмыспен шатастырып жүр. Алдағы уақытта мұны болдырмау үшін сізге ЛГБТ туралы сөздік ұсынамыз. Біз оны жоғарыда көрсетілген екі нұсқаулыққа сүйеніп жасадық. 

 

Биологиялық жыныс — адамдарды әйел не еркек деп ажырататын физиологиялық және генетикалық сипаттамалар жинағы. Жыныс әр адам туған кезде оның куәлігінде көрсетіледі. 

 

Гендерлік болмыс — адамның өзін әйел, еркек сезінуі немесе басқа гендерге жатқызуы. Биологиялық жыныс гендерлік болмысқа сәйкес келмеуі мүмкін. Сәйкес келсе, ондай адамдарды цисгендер деп атайды. 

 

Гендерін білдіру — адамның өз гендерін есімі, құлқы, киім, шаш үлгісі арқылы білдіруі. Осы сипаттамаларға қарап қоғам адамның әйел не еркек екенін анықтайды. 

 

Сексуалдық ориентация — адамның өз жынысы не гендері өкілін не қарама-қарсы жыныс/гендер өкілін жақсы көруі, онымен жыныстық қатынасқа түсуі. Оның бірнеше түрі бар: хетеросесуалдық (әйелдің еркекті, еркектің әйелді жақсы көруі), хомосексуалдық (өз жыныс өкілін жақсы көру), бисексуалдық және асексуалдық (сексуалдық ориентациясы болмауы немесе сексті мүлдем қаламау). 

 

Бинарлық — әйел және еркектен басқа жыныс жоқ деп есептейтін көзқарас. 

 

Хомофобия — гей, лесбияндарды сексуалдық ориентациясына бола жек көру, кемсіту, оларға зорлық-зомбылық жасау. 

 

Хетереосексизм — хетереосексуалдықты тек жалғыз табиғи сексуалдық ориентация деп білу. 

 

Трансфобия — трангендерлерді гендерлік болмысына бола жек көру, кемсіту, оларға зорлық-зомбылық жасау. 

 

Камиң аут — адам өзінің бисексуал, гей, лесбиян я трансгендер екенін жария етуі. 

 

 

ЛГБТИК ТУРАЛЫ ЖАЗҒАНДА НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? 

 

Белсенділер журналистер еңбегінде жиі кездесетін дұрыс емес және өрес қателерді тізіп, олардың орнына не жазуға болатынын көрсетті. 

 

Дәстүрлі емес сексуалдық ориентация

 

Кей журналист хомосексуалдық пен бисексуалдықты дәстүрлі емес сексуалдық ориентация деп атап, нормадан ауытқу ретінде көрсетеді. Белсенділер оның орнына хомосексуалдық не бисексуалдық деу жөн дейді. 

 

Сексуалдық азшылық 

 

Бұл тіркес ЛГБТИК-терді қоғамның маргинал, яғни шеттетілген өкілдері қылып көрсетеді. Олар — хетеросексуалдар секілді қоғамның толыққанды мүшесі. Сондықтан оларды жай ғана лесбиян, гей және тағысын-тағы деп көрсеткен дұрыс. 

 

Хомосексуал 

 

Лесбиян, гейлерді гомексуал деп жазғанда журналист адамның гендерлік болмысына емес, оның сексуалдық ориентациясына мән береді. Сондықтан оларды барынша лесбиян, гей деп атаған жөн. 

 

Натурал

 

Натурал деген сөзді кей адам хетересексуал сөзінің орнына қолданады. Бұл хетеросексуалдықты норма, қалған сексуалдық ориентацияны ауытқу ретінде көрсетеді. Барлық сексуалдық ориентация — қалыпты нәрсе. 

 

Сонымен қатар белсенділер қолдануға мүлдем болмайтын сөздер мен тіркестерді де тізіп шықты. 

 

Гейлер мен бисексуал ерлерді қызтеке/қораз/пидор деп атауға болмайды. Бұл — сексизм және хомофобия. 

 

Ал барлық ЛГБТИК-ті адамгершілікке жат, күнәҺар, нәпсіқұмар деп көрсетуге болмайды. Мұндай тіркестерді кей журналист діни сеніміне сүйеніп қолданады. Мынаны ұмытпаған жөн: ЛГБТИК арасында дін ұстанатындар бар. Негізінен бұл сөздерді журналист не жазса да қолданбағаны жөн. 

 

Хомосексуалдық, бисексуалдық, трансгендерлік пен басқа гендерлік болмысты ауытқу, әумесерлік, дисфункция, ауру, қылмыс ретінде көрсетпеңіз. Өз жыныс өкілін жақсы көру, онымен жыныстық қатынасқа түсу, гендері өз жынысына сай келмеуі ешқандай да ауытқу, ауру не қылмыс емес. 

 

«ЛГБТ-ларды ұрып соғу, өлтіру қажет немесе олар біздің елден кетсін» деп оқырмандарыңызды хомофоб болуға үндемеңіз. 

 

Өзін еркек/әйел қылып көрсету, мүләйімсу. Бұл тіркестер трансгендерлерді сипаттағанда қолданылып жүр. Адам өзін әйел не еркек қылып көрсетпейді, адам өз гендерлік болмысын көрсетеді және бұл болмыс көз бояушылық емес. 

 

Трансвестит. Трансгендер әйелдерді осылай сиппатауға болмайды. Бұл — трансфобия. 

 

Хермафродит. Интерсекстер туралы жазғанда қолданады. Бұл сөз — медициналық термин және интерсекстердің «емделуін», физиологиясы «түзелуі» керек деген мағына береді. 

 

Бисексуалдарды азғын, не істерін білмей жүрген, шатасқан деп сипаттауға болмайды. Бұл олардың болмысы мен шынайы сезімін жоққа шығарады. 

 

— Бұл қолдануға болмайтын сөздердің толық тізімі емес. Материалыңызда белгілі бір сөз не тіркесті қолданар алдында және сол материалды жариялар алдында өзіңізге «бұл адам өміріне қалай әсер етуі мүмкін» деген сұрақ қойыңыз, — дейді «Феминита» белсенділері. 



ЛГБТИК-ТЕН ПІКІР НЕ СҰХБАТТЫ ҚАЛАЙ АЛУ КЕРЕК?

 

  • Гендерлік болмысына я сексуалдық ориентациясына қарап адам туралы тұжырымдама жасамаңыз. 
  • Адам «материалда атымды былай көрсетіңіз» десе, солай көрсетіңіз. 
  • Егер адамның гендерлік болмысын я сексуалдық ориентациясын білсеңіз, мұны басқаларға айтудың қажеті жоқ. Біреудің «аутиңін» жасамаңыз. 
  • Трансгендер не бинар емес адамдардан шын атын сұрамаңыз. 
  • Трансгендердің өткеніне құрметпен қараңыз — оның трансгендер болғанға дейінгі және одан кейінгі фотоларын не мәліметін рұқсатсыз жарияламаңыз. 
  • ЛГБТИК өзіне қатысты қандай сөздер қолданады, сіз де сол сөзді қолданыңыз. 
  • Стереотиптерге сүйеніп, ЛГБТИК өкілдеріне ескерту жасамаңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

12/11/2020 12:13
6642 0

Уведомление