Қазақстанда жануарларды қорғайтын заң жоқ. Бұл қалай болғаны?
Ел заңнамасында жануарды жәбірлегендерді қылмыстық жауапқа тартатын баптар бар. Бірақ іс жүзінде олар жұмыс істемейді. Қозғалған істердің 99 %-ы сотқа жетпей-ақ жабылады.
МАЗМҰНЫ
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАНУАРДЫ ЖӘБІРЛЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?
Жануарларды азаптап жатқан көріністері бар видеолар БАҚ мен әлеуметтік желілерде жиі кездеседі. Мысалы, маусымда Алматы облысында екі жасөспірім тірі күшікті қапқа салып өртеп жіберген. Қарағандыда ер адам мысықты баспалдақ таянышына өлгенше ұрғылайды. Ал Атырау қаласы маңындағы екі тұрғын өздерінің қару асынып, иттерге «аңшылық құрғанын» видеоға түсіріп алған.
Қаныпезерлердің қолынан иттер мен мысықтар ғана емес, жабайы жануарлар да жапа шегеді. 2017 жылы алдымен қасқырды жол таңдамайтын көлікпен таптап өтіп, артынша ұрып-соққандарын смартфонға түсірген Маңғыстау облысының азаматтары жауапқа тартылды. Кейін әлеуметтік желілерде Ақмола облысы Қорғалжың қорығы аумағындағы ақбөкендерді қудалағандардың видеосы пайда болды. Осы жазда Ақтау қаласында теңіз жағалауында демалып жатқандар жағаға жүзіп келген итбалықты таспен, таяқпен соққының астына алған. Каспий итбалығы — жоғалып бара жатқан жануар түрі және әлемде Каспий теңізінен басқа жерде кездеспейді.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерге қазір өткізіліп жүрген «Биология», «Әлемтану», «Табиғаттану», «Адам және қоғам», «Валеология», «ӨТҚ» және тағы басқалардан бөлек «балалардың экологиялық білімі» пәнін енгізуді ұсынды.
Алайда ортамызда жүрген жауыздарға қатысты мәселе шешілмеген күйі қала бермек. Көпшілік олардың қандай жауапқа тартылғанын, жалпы жаза қолданылған-қолданылмағанын білмейді. Қазақстанның заңнамасына сәйкес, «жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса» қылмыстық жазаға тартылады. ҚР ҚК 316 бабына сай, бұл адам 120 АЕК-ке (333 360 теңге) дейiн айыппұл төлейді не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар істейді не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамалады. Іс жүзінде мұндай әрекетке барғандардың тек 1 %-і ғана жазаланады: Құқықтық статистика жөніндегі комитеттің деректері бойынша, 2015-2019 жылдар мен 2020 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ҚК 316-шы бабы тек жеті адамға қолданылған. Оның төртеуіне айыппұл салынса, үшеуі қоғамдық жұмыстарға тартылған. 636 қылмыстық іс тоқтатылса, алты қылмыстық тергеудің мерзімі үзілген.
Іс түрлі жағдайларға байланысты тоқтатылады: қылмыстық жауапты жоятын рақымшылық пенмораторий, уақытша ессіздік, қылмысына шын жүрекетен өкіну, қорғану кезінде артық кетіп қалу, мұндай әрекетке бірінші рет баруы, адамның жасы, кәмілетке толмауы және тағы басқалар.
Қылмыстық кодекстің 316-бабына жататын әрекет — қылмыстық теріс қылық, яғни қоғамға зор қауіп төндірмейтін немесе болмашы зиян келтіретін әрекет. Мысалы, кішігірім бұзақылық. Сондықтан полиция жаза қолданбауға мүмкіндік беретін барлық заңды жағдайды ескереді.
Сонымен қатар 316-бап жария айыптау ісіне жатады, яғни ол бойынша зардап шеккендер полицияға жүгінбесе де болады.
Қазақстанда «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» және «Ветеринария туралы» заңдар бар. Олар біраз ескірді. Мысалы, онда иттер туралы тек аңшылыққа қатысты мәтіндерде айтылады. Ал «Ветеринария туралы» заң санитария және карантин процедураларының тәртібін сипаттайды.
Жануарлар туралы нормативтік акті жалпы саны оннан асады. Animal Law жөніндегі сарапшы, КИМЭП университетінде құқық оқытатын және халықаралық жануарларды қорғау ұйымының мүшесі Мария Байдильдинованың айтуына қарағанда, олардың арасында республикалық деңгейде қолданылатын маңызды құжаттар да бар. Мысалы, Жануарларды қолда ұстау және жартылай еркіндікте ұстау ережелері, Жануарларға қарау ережесі, Аңшылық ережесі және тағы басқа.
— Сонымен қатар Қазақстан осы салада ратификациялаған бірнеше халықаралық құжат бар, — дейді профессор Байдильдинова.
ЖАНУАРЛАРҒА ҚАТАЛ ҚАРАУ ТУРАЛЫ ЗАҢНЫН НЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС?
Ондай заң жоқ.
Еріктілер мен жануарларды қорғаушылар мұндай заңның керек екенін бұрыннан айтып келе жатыр. Олар әкімдіктерге ұсыныс жасап, үкімет пен президентке электрон петиция жолдап көрді. 2016 жылы белсенділер Алматыда жануарларға жәбір көрсетуге қарсы митиң өткізді. Ал 2019 жылдың аяғында жануарларға жауапкершілікпен қарау заңы жобасына қолдау ретінде қол жинап, кампания жасады. Қазір оған 67 мыңнан астам адам қол қойды.
2019 жылдың қарашасында жануарларды қорғаушылар Мәжіліске «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңының жобасын да ұсынды. Депутаттар оны үкіметке 2020 жылдың қаңтарында тапсырды.
Шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Ал тамыздың басында қоғамдық тыңдалым өтті. Оған жануарларды қорғаушылардың, кинологтар мен басқа да мүдделі азаматтар қатысты. Қоғамдық тыңдалым — заңды қыбылдаудың маңызды кезеңі, мұнда әрбір азамат ұсынысын айта алады.
Заңды 8 ай бойы қарады. Ұсыныс жасағандардың бірі, Мәжіліс депутаты Снежана Имашеваның сөзіне қарағанда, жобаны қарау күрделілігіне қарай орта есеппен бірнеше айдан екі жылға дейін созылады екен.
Заң жобасының басты қағидалары — жануарларға ізгі болу және заманауи талаптарға сай болу. Мысалы, үй жануарларын бірыңғай базаға тіркеу, қараусыз және қаңғыбас жануарларды бақылауда ұстау талабы, олардың санын этикаға сай реттеу, жануарларға қатаң қарауды насихаттауға тыйым салу, ауыл шаруашылығы малдарын жас балалардың көзінше союға тыйым салу және тағы басқалар ұсынылады. Жобада заңның орындалуын қоғамдық бақылауға алу жағы да қарастырылған.
— Жануарларға қатаң қарау мен қоғамдағы жалпы қатыгездік деңгейі арасындағы өзара байланыс туралы көп жазылған. Соның ішінде біздің ғылыми мақаламыз да бар. Жануарларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қарау балаларымыз өсіп келе жатқан қоғамдағы адам құқығына да оң әсерін тигізетін болады, — деп есептейді Мария Байдильдинова.
ЗАҢ ТАҒЫ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Ит төбелесі және зорлық-зомбылыққа бейім адамдар Қазақстандағы жануарларға жасалған қатыгездіктің жалғыз қайнары емес. Бұдан басқа да мәселелер жетерлік: иттер мен мысықтардың етін, терісі мен жүнін сататын қара базарлар, алаяқтар мен арам ниетті қожайындар бар.
— Жануарларға жиі жәбір көрсететіндер — олардың өз қожайындары. Жақында ғана қожайынның өз итін тоңазытқыштың есігімен тұншықтырып өлтірмек болған сорақы жағдай — көп мысалдың бірі ғана. Аштан қатыру, ыстық машинаның ішінде қалдырып кету, сусыз және тамақсыз қамап қою немесе байлап тастау, бақшаны таптап тастағаны үшін улап өлтіру, керек емес төлдерінің көзін жою, суға тұншықтыру — осының бәрін қандай да бір жауыздар емес, жауапсыз қожайындар істейді. Бұлардың бәрін жануарларды қорғау ұйымында заңгер болып жұмыс істегенде көрдім, — деді Мария Байдильдинова.
Сарапшының айтуынша, жануарларға қарсы тұрмыстық зорлықтың басым бөлігі жабулы күйінде қалады, БАҚ мен әлеуметтік желіге шығатындары бірен-саран жағдай ғана.
Сонымен қатар бұралқы жануарлардың пайда болуына дәл осындай жауапсыз қожайындар кінәлі. Қаңғыбас жануарлардың қатары иесі тастап кеткен иттер мен мысықтардың есебінен тұрақты өсіп отырады. Солардың ішінде аман қалғандары қысқа өмірінде бірнеше рет балалап үлгереді.
Жануарларға қатаң қараудың бұдан да басқа елеусіз түрлері бар.
— Саяжай маусымы кезінде итті асырап алып, сол жақта қалдырып кету немесе алысырақ жерге апарып тастау бізге қалыпты секілді болып көрінеді. Ал басқа елдерде бұл — қылмыстық жазаға тартылады. Қолға үйретіліп, кейін далаға тасталған жануарлардың аман қалуы екі талай, — деді Мария Байдильдинова.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ?
2017 жылы ТМД мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы үлгілі заңды қабылдады. Үлгілі заңды халықаралық ұйымдар өзге елдерге үлгі болсын деп дайындайды. Осы заңға сүйене отырып, Ресей үкіметі 2018 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» федералды заңын қабылдап үлгерді. Қазір ресейліктер аймақтардағы жеке меншік және муниципалды жануарлар баспанасы мәселесін шешіп жатыр.
Еуропа Одағында 1987 жылдан бері Жануарларға жәбір көрсетуден қорғау жөніндегі конвенция жұмыс істейді. Германия 2002 жылы жануарларды қорғауды Конституцияда бекітті. Италияда осыған ұқсас заң мен оған берілген түсініктер 241-ші бетте толық жазылған, оған қоса онда әр түрлі үй жануарын асырауға қатысты кеңестер те бар. Канадада 2020 жылдан бастап үй жануарларының амандығын арнайы инспекторлар қадағалайды, ал жануарларға қарсы қылмысты хабарлау үшін жеке шұғыл желі жұмыс істейді.
2019 жылдың желтоқсанында Қырғызстанда «Жануарларды қорғау туралы» заң қабылданды. Енді елде иттерді төбелестіруге ресми түрде тыйым салынды. Қазақстанда ит төбелесі заң қадағаламайды, бірақ олар өткізіліп тұрады. Жануарларды қорғаушылар мұндай іс-шараларға қарсы, себебі олар иттерді әлеуетті қауіпті жануарға айналдырады. «Төбелескіш»-итті жаттықтыру үшін ұйымдастырушылар қаңғыбас немесе арнайы осындай мақсатта ұсталған мысықтар мен кішігірім иттерді пайдаланады.
Иллюстрация: Анар Бакенова
Пікірлер жоқ.