Митиң не пикет өткізетініңізді әкімдікке қалай хабарлау керек?
Жергілікті атқарушы органға өткізілетін хабарламада не көрсетілуі керек?
МАЗМҰНЫ
Биыл 25 мамырда бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданды. Енді азаматтар митиң, пикет, демонстрация өткізгенде әкімдіктен рұқсат алмайды, тек хабар береді. Дегенмен әкімдік сонда да тыйым салуы мүмкін.
Біз митиң, пикет өткізуге ниеттенгендер жергілікті атқарушы органға тиісті хабарламаны қалай бере алатынын түсіндіреміз.
Оның екі жолы бар: egov.kz порталы арқылы және жазбаша. Egov.kz-тен беру үшін электрон-цифр қолтаңба қажет, ал жазбаша өткізу үшін әкімдікке бару керек.
Ескерту: бұл нұсқаулықты демонстрация, шеру өткізерде хабарлама беру үшін қолданбаңыз. Себебі олардың хабарламасын басқаша толтыру керек. Оны сіз «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының 12-бабынан қарай аласыздар.
ХАБАРЛАМАНЫ EGOV.KZ-ТЕН БЕРУ
1. Порталға кіріңіз
Egov.kz сайтын ашыңыз. Оған электрон-цифр қолтаңбаңызды теріп, кіріңіз.
Электрон-цифр қолтаңба — электрон құжатты робот емес, адам жібергенін дәләлдейтін қолтаңба.
Қолтаңбаны сіз халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе онлайн ала аласыз. Оны қашықтан қалай жасатуға болатынын мына жерден қараңыз.
2. Электрон өтініштерге кіріңіз
Порталға кіргеннен кейін оң жақта жоғарыда тұрған өз атыңызды басыңыз (мысалы, Мұратбеков Самат Талғатұлы). Сондағы электрон өтініштерге өтіңіз. Одан кейін оң жақта тұрған «Онлайн сұрау» сары батырмасын басыңыз.
Бетке өткеннен кейін «Құру» деген батырманы басыңыз.
Сіздің алдыңызда мынадай хабарлама шығады:
«Сервис тек қызмет көрсетушімен қарауға жатқызылған электрондық өтініштердің келесі түрлері бойынша “Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі” ақпараттық жүйесі және электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауы үшін ғана қажет:
1) Арыз;
2) Шағым;
3) Сауал;
4) Үн қосу;
5) Ұсыныс.
Сервис шеңберінде серверлердің өзара іс-қимылдың өзге түрлері қарастырылмайды».
«Таныстым» деген батырманы басыңыз.
3. Өзіңіз туралы ақпарат беріңіз.
«Онлайн сұрау» батырмасын басқаннан кейін өзіңізге қатысты мәлімет бересіз. Онда толтырылуға тиіс және міндетті емес торлар бар. Бірақ оның барлығын толтырғаныңыз абзал. Себебі әкімдік хабарламада «анау көрсетілмеді, мынау көрсетілмеді» деп бейбіт жиналысты мақұлдамауы мүмкін.
Сонымен онда жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН), аты-жөніңізді (ат, тек, әкеңіздің аты), электрон поштаңызды, телефон нөміріңізді көрсетуіңіз керек. Сіз порталға ЭЦҚ арқылы кірсеңіз, олар автомат толтырылып тұрады. Онда тек аймағыңызды, кейін өзіңіз хабарлама жібергіңіз келетін жергілікті атқарушы органды (әкімдік) таңдайсыз. Мысалы, бейбіт жиналысты Алматыда өткізгіңіз келсе, хабарламаны Алматы әкімдігіне жолдауыңыз қажет.
Жеке сәйкестендіру нөмірі — ҚР азаматына өз құжатын алғаш тіркегенде берілетін 12 цифрдан тұратын нөмір. Әр адамның өз ЖСН-і болады.
Алматының аудан әкімдігіне жазамын десеңіз, бейбіт жиналысты сол ауданда өткізуіңіз керек. Бірақ онда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілген жер болмауы мүмкін. Сондықтан бірден Алматы әкімдігіне жіберіңіз.
Сонымен қатар порталда «мемлекеттік қызметтің атауы» деген тор бар. Оны бос қалдырыңыз: онда бейбіт жиналыстарға қатысты ештеңе жоқ.
4. Хабарламаны толтырыңыз
Хабарламаңызда таңба саны 3 мыңнан аспауы керек. Жаңа заң бойынша онда мыналар болуы қажет:
1. Бейбіт жиналыстың мақсаты. Мысалы, жануарлар құқығын қорғауға жұрт пен билік назарын аудару;
2. Бейбіт жиналыстың түрі: митиң немесе пикет, соның ішінде бір адамдық пикет;
3. Оны ұйымдастырушы немесе оның өкілінің (бар болса) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, тұрғылықты немесе уақытша мекенжайы. Бейбіт жиналысты заңды тұлға ұйымдастырса, оның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН немесе орысша БИН), ресми мекенжайы;
Бизнес сәйкестендіру нөмірі ЖСН сияқты, бірақ заңды тұлғаларға беріледі.
4. Бейбіт жиналысқа таңдалған арнайы орын туралы мәлімет. Қандай жерлерде митиң өткізуге болатынын әр әкімдіктің сайтынан қарап шығыңыз;
Бір адам пикетін өткізем десеңіз, орнын өзіңіз таңдайсыз. Бірақ онда да шектеулер бар, пикетті мына жерлерде өткізе алмайсыз:
- теміржол, су, әуе және көлік желісі орналасқан жерлереде, мысалы, вокзалда, әуежайда және тағысын-тағы;
- халық мен мемлекет шекарасын қорғап тұрған жерлерде;
- президент пен Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы орналасқан аумақта;
- қауіпті өндіріс орындарында;
5. Бейбіт жиналыстың басталатын, аяқталатын күні, уақыты (сағаты, минуты);
6. Оған қатысатын адам саны туралы мәлімт. Бір адам пикетін өткізсеңіз де, адам санын көрсетіңіз, яғни бір адам деп;
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, бір адамдық пикетке рұқсат сұраған бір азамат осы пунктті толтырмаған. Әкімдік бейбіт жиналысты мақұлдамай қойды.
7. Қандай да бір ағаш үй, шатыр немесе басқа нәрсе құратыныңыз/тігетіңіз туралы мәлімет;
8. Дыбысзорайтқыш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар мен басқа да үгіт-насихат құралдарын қолдану ниетіңіз;
9. Бейбіт жиналыс (пикеттен басқа) регламентін, яғни жоспарын — кімнің кімнен кейін, қашан сөз сөйлейтіні туралы мәлімет;
10. Электрон поштаңыз, ұйымдастырушының немесе оның өкілінің телефон нөмірі;
11. Ұйымдастырушының немесе оның өкілінің өз жеке мәліметтерін жинауға, өңдеуге рұқсаты;
12. Бейбіт жиналысты кім қаржыландырып отырғаны туралы ақпарат. Егер ешкімнен қаражат алмасаңыз, қаржыландыру көзі жоқ деп жазыңыз;
13. Хабарлама берілген күн, ай, жыл.
Хабарламаны жіберер алдында мәліметтерді дұрыс толтырғаныңызға көз жеткізіңіз. Одан бір ғана қате кетсе де, әкімдік бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін.
5. «Жіберу» деген батырманы басыңыз. Ол беттің төменгі тұсында.
6. ЭЦҚ қойыңыз.
ХАБАРЛАМАНЫ ЖАЗБАША ӨТКІЗУ
Төртінші пункттегі 13 талапты орындап, әкімдікке апарыңыз. Сізге кеңес: барарда маска тағып, арақашықтықты ұстаныңыз.
ӘКІМДІК ХАБАРЛАМАҒА ҚАШАН ЖАУАП БЕРЕДІ?
Хабарламаны алғаннан кейін үш күн ішінде. Жауапты олар:
- қолма-қол;
- пошта байланысы немесе электрон пошта арқылы;
- ЭЦҚ-сы бар электрон құжат арқылы. Оны сіз порталдағы «жеке кабинетіңізде» көре аласыз;
- телефон арқылы беруі мүмкін.
Жауапта әкімдік бейбіт жиналыс өткізуге не себепті рұқсат бермейтінін (оған 10 негіз бар) не ағаш үй, шатыр немесе басқа құрылысжай тігуге болмайтынын не бейбіт жиналыстың орнын/уақытын өзгертуге ұсыныс жасайтынын хабарлайды.
Ұйымдастырушы соңғы пунктпен келіспесе, мұны әкімдікке хабарды алғаннан кейін бір күн ішінде хабарлауы керек. Ол үшін жауап жіберген электрон поштаға не egov.kz порталына ЭЦҚ арқылы жазыңыз не әкімдікке телефон соғыңыз.
Әкімдіктен мүлдем жауап келмесе, бұл — митиң, пикет өткізуге рұқсат деген сөз. Бірақ хабарламаңыз әкімдікке жеткеніне көз жеткізіңіз. Кейін сізді «әкімдікке хабарламай, рұқсат берілмеген бейбіт жиналыс өткізді» деп жауапқа тартпасын.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.