Контрабанда

Мемлекет шекарасынан тауарды, құндылықтарды, басқа да заттарды заңсыз өткізу. Термин итальянның contra – «қарсы», bando – «үкімет жарлығы» деген сөздерінен шыққан.




Ірі көлемдегі тауарды кеден бақылауынан тыс немесе жалған құжатпен алып өту экономика саласындағы қылмыс болып есептеледі.


Қазақстанда оған Қылмыстық кодекстің 234-бабы («Экономикалық контрабанда») бойынша жаза берілед. Контрабандистің мүлкі тәркіленеді немесе оған 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2020 жылы ол — 220 240 теңге) айыппұл салынады. Осы мөлшерде түзеу жұмысына немесе 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 20 тәулікке қамалуы да мүмкін.


Мұндай қылмысты:


— бірнеше рет;


— қызмет бабын пайдаланып;


— шекарашылар мен кеденшілерге күш көрсетіп;


— аса iрi мөлшерде; 


— адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасағандардың мүлкі тәркіленеді, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (2020 жылы ол – 8 334 000 теңге) айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмысына немесе 800 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа тартылады. Бостандығы үш жылға дейiн шектелуі немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.   


Мемлекеттік қызметтегі не соған теңестірілген және басқа да лауазымды адамдар контрабандамен айналысса, сол сияқты олар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі болса, мүлкі тәркіленеді, мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойы және бас бостандығынан үш жылдан сегiз жылға дейiн айырылады.


 



23/10/2020 15:53 4414 0

23/10/2020
15:53 4414 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление