Қазақстан Конституциясын қалай түсінсек болады? Екінші бөлім

Masa.media мен Qazaqsha jaz негізгі заңды қарапайым тілде түсіндіріп берді


31/08/2021
15:53 4752 0

Конституция — кез келген елдің бас заңы. Онда мемлекеттің құрылысы, басқару формасы, діни көзқарасы мен идеологиясы, азаматтардың жалпы құқығы және тағы басқа нақтыланады. Соған сүйеніп өзге заңдар жазылады. Ешбір заң не норматив акт Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. 

 

Қазақстанда көптеген норматив құқықтық актіні, әсіресе қазақшасын түсіну қиын. Конституция да солай. Қарап отырсақ, ол әуелі орысша жазылған, кейін мемлекеттік тілге аударылған. Бірақ аударманың сапасы көңіл көншітпейді. Мұны мамандар да растайды. 

Masa.media азаматтар заңдарды, әсіресе негізгі заңды оқып үйренсе, қиналмай түсінсе екен дейді. Сондықтан біздің редакция Qazaqsha jaz-бен бірігіп Конституцияны түсінікті қылып қайтадан жазып шықты. 

 

Qazaqzha jaz — қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жөніндегі қозғалыс. 

 

Бұл — материалдың екінші бөлімі. Біріншісі мында тұр. 

 


 

IV бөлім

ПАРЛАМЕНТ

49-бап 

1. Парламент — Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдер (халық сайлайтын адамдар) органы.

2. Парламенттің өкілеті бірінші сессиясы ашылғанда басталып, жаңадан сайланған парламенттің бірінші сессиясы ашылғанда аяқталады. 

Парламент сессиясында депутаттар елдегі жағдай не заң жобаларын талқылайды, шара қолданады. 

3. Парламенттің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Қандай жағдайда және тәртіпте тоқтатылатыны Конституцияда жазылады. 

4. Парламент құрылымы мен қызметі, депутаттардың құқығы қандай болатыны конституциялық заңда көрсетіледі. 

50-бап 

1. Парламент тұрақты істейтін екі палатадан — Сенат пен Мәжілістен тұрады. 

2. Сенатқа әр облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан екі-екі депутаттан сайланады. 15 депутатын президент тағайындайды. 

3. Мәжілісте халық сайлайтын 107 депутат отырады. Оларды сайлау тәртібі конституциялық заңда көрсетіледі. 

4. Парламент депутаты бір мезгілде екі палатаға мүше бола алмайды, яғни Мәжіліс депутаты Сенат депутаты бола алмайды. 

5. Сенат депутаттары өкілетінің мерзімі — 6 жыл, мәжілісмендердікі — 5 жыл.

51-бап

1. Мәжілістің 98 депутатын халық, тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Парламент шақырылымының өкілеті аяқталуына кемі 2 ай қалғанда Мәжіліс депутаттарын кезекті сайлау өтеді. 

2. Сенат депутаттарын халық жанама түрде сайлайды, яғни оларды халық сайлаған мәслихат депутаттары сайлайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат өкілетінің бітуіне 2 ай қалғанда Сенаттың жаңа құрамы сайланады. 

3. Парламент не Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылса, кемі 2 ай ішінде жаңа құрамды сайлау өтеді. 

4. Қазақстан азаматтығы бар және кейінгі 10 жыл бойы осында тұрып жатқан адам парламент депутаты бола алады. 

30-ға толған, жоғары білімі және кемі 5 жыл жұмыс істеген, атынан сайланып отырған облыс, республикалық маңызы бар қала не астанада кемі үш жыл бойы тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола, 25-ке толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.

5. Конституциялық заңда парламент депутаттарын сайлаудың тәртібі жазылады.

6. Парламент депутаты Қазақстан халқына ант береді.

52-бап

1. алып тасталды; 

2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Парламентте депутаттың өзі ғана дауыс береді. Депутат парламент отырыстарына себепсіз үш реттен көп келмей қалса, дауыс беру құқығын басқа біреуге берсе, жазаланады. 

3. Парламент депутаты: 

  • басқа өкілдер органының (мысалы мәслихаттың) депутаты бола; 
  • оқытушылық, ғылым және шығармашылықтан басқа ақы төленетін жұмыста істей, кәсіпкерлікпен айналыса;
  • коммерциялық ұйымның басқарушы органы не бақылау кеңесіне мүше бола алмайды

Осы ережені бұзған депутат қызметінен қуылады. 

4. Қылмыс жасап жатқан жерінен ұсталмаған, ұстауға палатасы келісім бермеген парламент депутатын тұтқындауға, полиция бөліміне алып келуге, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. 

5. Парламент депутаты қызметтен кетсе, қайтыс болса, сот іс-әрекетке қабілетсіз, жоғалып кеткен деп таныса, Конституция мен конституциялық заңда көрсетілген өзге де жағдайда оның өкілеті тоқтатылады. 

Парламент депутаты:

1) тұрақты мекенжайы басқа елде тіркелсе;

2) қылмыстық жауапқа тартылса;

3) Қазақстан азаматтығын айырылса мандатынан айырылады, яғни депутат болудан қалады.

Ал Мәжіліс депутаты мына жағдайларда мандатынан айырылады:

 

— өзін сайлаған партиядан шықса немесе одан шығарылса;

 

— сол партия жұмысын толықтай тоқтатса.

 

Президент өзі тағайындаған Сенат депутаттарының өкілетін мерзімінен бұрын тоқтата алады.

Парламент пен Мәжіліс таратылғанда олардың депутаттарының өкілеті бітеді. 

6. Депутаттарды жазалау, олардың осы баптың 3-тармағындағы талаптарды орындауы мен депутаттың әдеп ережелерін бұзбауын қадағалау, сондай-ақ өкілетін тоқтатуға, айыруға байланысты мәселелерді шешу — Орталық сайлау комиссиясының міндеті. 

53-бап

Палаталардың бірлескен отырысында парламент:

1) президент ұсынысынан кейін Конституцияны өзгертеді;

2) үкімет пен Есеп комитетінің республика бюджетінің атқарылуы туралы есебін бекітеді. Парламент үкіметтің республикалық бюджет туралы есебін бекітпесе, оған сенімсіздік білдірді деген сөз. 

3) алып тасталды. 

4) соғыс және бітімге келу мәселелерін шешеді;

5) президент ұсынысынан кейін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттерді орындау үшін Қарулы күшті пайдаланамыз деп шешім шығарады;

6) Конституциялық кеңестің Конституция қалай орындалып жатқаны туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды; 

7) палаталардың бірлескен комиссиясын құрады, төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;

8) Конституциядағы өзге де міндеттерін орындайды.

54-бап

1. Парламент шығаратын конституциялық заңдар мен жай заңдар әуелі Мәжілісте, кейін Сенатта қаралады. Депутаттар:

1) республика бюджетін бекітеді, өзгертеді, толықтырады;

2) салық пен алымдарды белгілейді және алып тастайды;

3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық (облыс, аудан, ауыл) құрылысы  мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;

4) мемлекеттік марапаттарды тағайындайды, құрмет, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді белгілейді, мемлекеттік рәміздерді белгілейді;

5) өзгеден қарыз алып елге қаржылай және өзге де көмек көрсету мәселелерін шешеді;

6) рақым ету (амнистия) мәселелерін шешеді;

7) халықаралық келісімшарттарды бекітеді және олардың күшін жояды.

2. Әуелі Мәжіліс, кейін Сенат: 

1) республика бюджетін игеру туралы есепті талқылайды;

2) президент парламентке өзгертіңдер деп қайтарған заң не оның баптарын қайтадан талқылайды, оған өзгерту енгіземіз не енбізбейміз деп дауыс береді. Бұл процедураға бір ай беріледі. Егер бір ай ішінде палаталар ешқандай шешім шығармаса, президент не десе, заң не оның баптары солай өзгертіледі. 

Мәжіліс пен Сенат заңды өзгертпейтінін депутаттардың үштен екісі растайтын болса, президент бір ай ішінде заңға қол қояды. 

3) республикалық референдум өткізейік деп ұсынады.

55-бап

Сенат қана:

1) президент тағайындайық деп ұсынған Жоғарғы сот төрағасын және Жоғарғы сот судьяларын сайлайды, қызметтен босатады, олардан ант қабылдайды;

1-1) президент ұсынған Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жылға қызметке тағайындайды және оны қызметінен босатады;

2) Президенттің Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім береді не бермейді;

3) Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларын оларға ешкім тиісе алмайды деген құқығынан айырады;

4) алып тасталды;

5) Мәжіліс мерзімнен бұрын таратылса, парламенттің орнына конституциялық заң мен жай заң шығарады; 

6) Конституция жүктеген өзге де міндеттерді орындайды.

56-бап

1. Мәжіліс қана:

1) парламентке енгізілген конституциялық заң мен заң жобаларын қабылдап, қарайды; 

2) президентке премьер-министрді тағайындауға келісім береді не бермейді;

3) Президентті кезекті сайлау өтеді деп хабарлайды;

4) Конституция жүктеген өзге де міндеттерді орындайды.

2. Мәжілісмендердің кемінде бестен бірі үкіметке сенімсіздік білдіру керек деп бастама көтерсе, ал жартысынан көбі сенбейміз деп дауыс берсе, үкіметке сенімсіздік жарияланады.  

Сенімсіздік вотумы дегенпарламенттің үкіметке «сенбеуі» не оның қызметіне көңілі толмауы. Депутаттар үкіметке сенбейміз десе, үкімет отставкаға кететінін президентке хабарлайды. Мемлекет басы рұқсат берсе, министрлер кабинеті тарқайды. 

57-бап

Әр палата басқа палатаның қатысуынсыз:

1) Конституциялық кеңестің екі мүшесін тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Есеп комитетінің үш мүшесін бес жылға тағайындайды;

2) Парламент Конституцияның 47-бабының 1-тармағында айтылған жағдайда құратын комиссия мүшелерінің жартысына өкілет береді;

3) Палаталардың бірлескен комиссиясының мүшелерінің жартысын сайлайды;

4) Мәжіліс мәжілісмендердің, Сенат сенаторлардың мандатынан айырады, Бас прокурордың ұсынуымен оларға ешкім тиісе алмайды деген құқығынан айырады;

5) парламент тыңдауын өткізеді;

6) Палата депутаттарының кемінде үштен бірі бастама көтерсе, үкімет мүшелерінің есебін тыңдай алады.

Тыңдауда палата депутаттары үкімет мүшесі заңды орындамады деген қорытынды шығарса, президенттен оны қызметтен босатыңыз деп өтіне алады. Ал президент босатады; 

7) Өздерінің үйлестіруші және жұмыс органдарын құрады;

8) өз қызметіне қатысты өзге де шаруаларды шешеді. 

58-бап

1. Палаталарды мемлекеттік тілін (қазақ тілін) еркін меңгерген төрағалар басқарады. Мәжілісмендер Мәжіліс төрағасын, сенаторлар Сенат төрағасын сайлайды. 

Сенат төрағасы қызметіне кандидатураны президент, ал Мәжілістікін мәжілісмендер ұсынады.

2. Палата төрағалары қызметтен қуылуы мүмкін, өз еркімен де кете алады. Ол үшін палата депутатарының жартысынан рұқсат алуы керек. 

3. Мәжіліс пен Сенат төрағалары:

1) Палата отырыстарын өткізіп, оларға төрағалық етеді;

2) Палатасы қарайтын мәселелерді әзірлеуге басшылық жасайды;

3) Орынбасарымды сайласын деп палатасына кандидатуралар ұсынады;

4) Палатасы регламентке сай жұмыс істегенін қадағалайды;

5) Палатасының үйлестіру органдарын басқарады;

6) Палатасы шығарған актілерге қол қояды;

7) Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитетіне мүше тағайындасын деп палатасына кандидатуралар ұсынады;

8) Парламент регламенті жүктеген өзге де міндеттерді атқарады.

4. Мәжiлiс Төрағасы:

1) Парламент сессияларын ашады;

2) Палаталардың кезекті бірлескен отырыстарын өткізеді, палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарына төрағалық етеді.

5. Палата төрағалары өз құзыретіндегі мәселелерге қатысты өкім шығарады. 

59-бап

1. Парламент сессиясы екі түрде өтеді: палаталар бірлесіп және бір-бірінен бөлек өткізген отырыстары. 

2. Сайлау қорытындысы жарияланған күннен бері 30 күн өтпей президент парламенттің бірінші сессиясын өткізеді. 

3. Парламенттің кезекті сессиясы жылына бір рет — қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өтеді.  

4. Парламент сессиясын әдетте президент ашады. Сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында жабылады. 

Сессияаралық кезеңде  президент өзі бастап я палата төрағалары/парламент депутаттарының кемі үштен бірінің ұсынғасын кезектен тыс сессия өткізе алады.  Онда жиынды өткізуге түрткі болған мәселелер ғана қаралады.

5. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстарына Мәжіліс пен Сенат депутаттарының кемінде үштен екісі қатысса, бұл жиындар өтті деп есептеледі (кворум). 

6. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық өтеді. Бірақ кейде регламентке сай жабық өтуі де мүмкін. Президент, премьер-министр мен үкімет, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы кез келген отырысқа қатыса, сөз сөйлей алады.  

60-бап

1. Мәжіліс пен Сенат палатасында ең көп дегенде жеті тұрақты комитет құрады.

2. Ортақ шаруаны шешу үшін Сенат пен Мәжіліс бірлескен комиссия құра алады. 

3. Комитеттер мен комиссиялар құзыретіне қарай қаулы шығарады.

4. Комитеттер мен комиссиялар заңға сай құрылады, олардың өкілеті мен қызметін ұйымдастыру тәртібі де заңнамада жазылған. 

61-бап

1. Заң шығарайық деп президент, парламент депутаттары, үкімет бастама көтере алады. 

2. Президент әуелі мына заң жобаларын қарау керек деп заңдарды қарау тәртібін өзгерте алады. Президент басымдық берген заң жобалары дереу қаралып, екі айда қабылдануға тиіс. 

3. Парламент қоғамның аса маңызды қатынастарын реттейтін, мыналарға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға қақылы:

1) азаматтардың құқығы мен бостандығы, жеке және заңды тұлғалардың құқығы, міндеті мен жауапкершілігі;

2) меншік режимі мен өзге де мүлікке қатысты құқықтар;

3) мемлекет органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негізі;

4) салық салу, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді бекіту;

5) республика бюджеті;

6) сот құрылымы мен сотта іс жүргізу;

7) білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру;

8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіру;

9) қоршаған ортаны қорғау;

10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы;

11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өзге қатынастардың барлығын заңға қосымша актілер реттейді.

4. Мәжіліс депутаттары қараған, жартысынан астамы мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жіберіледі. Сенаторлар оны әрі кеткенде 60 күнде қарайды. 

Оларды көбі мақұлдаған жоба заңға айналып, президентке қол қойсын деп жіберіледі.  

 


 

Оқи отырыңыз: Заң жобасы мен заңның айырмашылығы қандай?

 


 

Сенаторлардың көбі мақұлдамаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Мәжілісмендердің үштен екісі жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа жіберіледі. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессияда қайтадан енгізуге болмайды.

5. Сенаторлар заң жобасына енгізген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Мәжіліс депутаттарының көбі бұл өзгертулер мен толықтыруларға келіссе, заң қабылданды деп есептеледі. 

Егер келіспесе, палаталар келіспеушілікті келісу рәсімі арқылы шешеді. 

5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және 107 мәжлісменнің кемі үштен екісі мақұлдаған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі. Сенаторлар оны 60 күннен асырмай талқылайды. 

49 сенатордың кемі үштен екісі қабылдаған жоба конституциялық заңға айналады және 10 күнде президент қол қойсын деп жөнелтіледі. Қабылдамасын деп 107 мәжілісменнің не 49 сенатордың көбі дауыс берсе, конституциялық заң қабылданбайды. 

Конституциялық заң жобасына 49 сенатордың үштен екісі өзгеріс енгізу қажет десе, құжат Мәжіліске қайтарылады. 107 мәжілісменнің үштен екісі Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.

Келіспейміз десе, палаталар келіспеушіліктер келісу рәсімі арқылы шешеді.

6. Мемлекет кірісін қысқартуды не мемлекет шығынын көбейтететін заңдардың жобалары үкімет оң қорытынды бергенде ғана енгізілуі мүмкін. Президент бастамасымен Мәжіліске заң жобасын ұсынуға үкіметтің мұндай қорытындысы қажет емес. 

7. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбағанда премьер-министр парламенттің бірлескен отырысында үкіметке сенесіз бе, жоқ па деп сұрауға құқылы. 

Депутаттар дауыс беру арқылы жауап береді. Дауыс беру премьер-министрдің ұсынысынан кейін кемі 48 сағат өткенде өткізіледі. Егер мәжілісмендер мен сенаторлардың көбі сенеміз десе, заң жобасы дауысқа салынбай-ақ қабылданды. Алайда үкімет бұл құқықты жылына көп дегенде екі рет пайдалана алады.

62-бап

1. Парламент елдің бүкіл аумағында орындалуға тиіс заң, қаулы шығарады. 

2. Республика заңдары президент қол қойса күшіне енеді.

3. Конституцияға өзгерту мен толықтырулар 107 мәжілісмен мен 49 сенатордың кемінде төрттен үші мақұлдаса енгізіледі. 

4. Конституциялық заң 107 мәжілісмен мен 49 сенатордың кемінде үштен екісі мақұлдаса қабылданады. 

5. Парламент, Мәжіліс пен Сенаттың заң актілері 107 мәжілісмен мен 49 сенатордың  көбі мақұлдаса қабылданады. 

6. Конституцияны өзгертерде кемінде екі оқылым өткізу — міндет. 

7. Заңдар, парламент қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Парламент қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс. 

8. Заң және өзге де норматив құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнайы заң мен парламент, Мәжіліс, Сенат регламенттерінде көрсетілген. 

63-бап

1. Президент Мәжіліс және Сенат төрағалары мен премьер-Министрмен кеңескеннен кейін парламент не Мәжілісті тарата алады.

2. Парламент пен Мәжілісті төтенше не соғыс жағдайында, президент өкілеті бітуіне алты ай қалғанда, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.

 


 

Біз парламент қандай орган екенін, оның депутаттары не тындырып жүргенін қысқаша айтып бердік. Оқыңыз.


 

V бөлім

ҮКIМЕТ

64-бап

1. Үкімет Қазақстанның атқарушы билігі, атқарушы органдарды басқарады. 

2. Үкімет — алқа орган. Президент пен парламентке жауап береді. 

3. Үкімет мүшелері Конституцияның 57-бабының 6-тармақшасында жазылғандай парламент палаталарына есеп береді.

4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңда жазылған. 

65-бап

1. Президент Үкіметті Конституцияға сүйеніп құрады. 

2. Премьер-министр тағайындалғанынан 10 күн өтпей президентке үкімет құрылымы мен құрамы мынандай болсын деп ұсыныс айтады. 

3. Үкімет мүшелері халық мен президентке ант береді.

66-бап 

 

     Үкімет: 

 

      1) мемлекеттiң әлеуметі мен экономикасы,  қорғанысы, қоғам тәртібіне қатысты саясатқа жауапты. Президент келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуына жауап береді;

 

      2) Республика бюджеті жөнді жұмсалғанын қадағалайды, парламентке сол туралы есеп береді;

 

      3) Мәжіліске заң жобаларын әзірлеп өткізеді және азаматтар мен мемлекеттік органдар заң бұзбағанын қадағалайды; 

 

      4) мемлекеттік меншікті басқарады; 

 

      5) сыртқы саясатқа жауапты; 

 

      6) министрлік, мемлекеттік комитет, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдарды басқарады; 

 

      7) министрліктер, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар шығарған актілердің күшін толық не ішінара жояды, тоқтата тұрады;

      9-1) Президентен келісім алғаннан кейін мемлекеттік бюджеттен мемлекеттік органдар мен ондағы қызметкерлерге қаржы мен жалақы беру тәртібін жасайды;

 

      10) Конституция, заң мен президент актілерінде жазылған өзге де міндеттерді орындайды.

 67-бап 

 

      Қазақстан премьер-министрі: 

 

      1) Үкімет қызметін ұйымдастырып, басқарады, оның жұмысына жауап береді; 

 

      3) Үкімет қаулыларына қол қояды; 

 

      4) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен оның аса маңызды шешімдерін президент пен парламентке баяндап отырады; 

 

      5) Өзіне жүктелген басқа да міндеттерді атқарады.

 68-бап 

 

      1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде дербес шешім қабылдай алады. Сонымен қатар олар өз қарамағындағы мемлекеттік органдардың жұмысы үшін премьер-министрге жауап береді. Үкімет мүшесі үкімет саясатымен келіспесе не оны орындамаса, орнынан өз еркімен кете алады не қуылуға тиіс. 

 

      2. Үкімет мүшесі жалақы беретін өзге жұмыста істей, кәсіперлікпен шұғылдана және депутат, коммерциялық ұйымның басшылығы мен бақылау органаны мүше бола алмайды. Оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық жұмыспен айналысуына рұқсат етілген.

 69-бап 

 

      1. Үкімет өз шаруаларына қатысты қаулылар шығарады. Олар елдің бүкіл аумағында орындалуға тиіс. 

 

      2. Премьер-министр өкімдер шығарады. Олар да елдің  бүкіл аумағында орындалуға тиіс.

 

      3. Үкімет қаулылары мен премьер-министрдің өкімдері Конституция, заң актілері, президент жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс. 

 

 70-бап 

 

      1. Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанда үкімет таратылады. 

 

      2. Үкімет және оның кез келген мүшесі міндетін орындай алмаймын десе, президентке өз орнынан кететінін мәлімдейді. 

 

      3. Мәжіліс не парламент үкіметке сенбейміз десе, үкімет отставкаға кететінін президентке мәлімдейді. 

 

      4. Президент үкіметті отставкаға жіберетінін не жібермейтінін 10 күнде шешуге тиіс. 

 

      5. Президент отставканы қабылдаса, үкімет не оның мүшесі қызметтен кетеді деген сөз. Премьер-министр отставкаға кетсе, бүкіл үкіметтің  қызметі тоқтайды.

 

      6. Президент үкімет не оның мүшесі отставкаға кетпейді десе, олар міндеттерін одан ары орындай береді. 

 

      7. Президент үкімет өкілетін тоқтата алады не оның кез келген мүшесін жұмыстан қуа алады. Премьер-министрді орынан алып тастаса, бүкіл үкіметтің өкілеті тоқтайды.


 

Үкімет не істейтінін, министрлер қалай тағайындалатынын, бюджеттен қанша алатынын да жазғанбыз. Оқи отырыңыз.

 


 

 VI бөлім


КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС

 

 71-бап 

 

      1. Конституциялық кеңесте жеті адам отырады. Олар онда алты жыл істейді. Экс-президенттер ғұмыр бойына кеңестің мүшесі болып қала береді.  

 

Конституциялық кеңес Конституция бұзылмағанын қадағалайтын, Констититуциядағы баптарды түсіндіретін орган.

 

      2. Конституциялық кеңестің төрағасын президент тағайындайды. Кеңес мүшелері дауыс берерде келісімге келе алмаса, төрағаның даусы шешуші болады. 

 

      3. Конституциялық кеңестің екі мүшесін президент тағайындайды, тағы екі-екі мүшеден Сенат пен Мәжіліс тағайындайды. Кеңес құрамының жартысы үш жыл сайын сайланып отырады. 

 

      4. Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшесі өзге ақылы жұмыста істей, кәсіперлікпен шұғылдана және депутат бола алмайды. Сондай-ақ коммерциялық ұйымның басшылығына немесе бақылаушы кеңесіне мүше болуға болмайды. Оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық жұмыспен айналыса алады. 

 

      5. Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшелерін парламент келісімінсіз тұтқындауға, күштеп әкетуге, жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс үстінде ұсталса немесе ауыр қылмыс жасаған кеңес мүшесін жауаптқа тартарда парламенттің келісімі қажет емес. 

 

      6. Конституциялық кеңестің қызметін конституциялық заң реттейді.

 

 72-бап 

 

      1. Конституциялық кеңес президент, Сенат төрағасы, Мәжіліс төрағасы, парламент депутаттарының кемінде бестен бірі мен премьер-министрдің өтініші бойынша:

 

      1) дау туғанда президент, парламент депутаттарын сайлау мен республикалық референдум заңға сай өткенін тексереді; 

 

      2) Президент қол қойғанға дейін парламент шығарған заңдар Конституцияға сай екенін  тексереді;

 

      2-1) Парламент пен оның палаталары шығарған қаулылар Конституцияға сай, сай емесін тексереді; 

 

      3)  Бекітілмеген халықаралық шарттар Конституцияға кереғар емесін тексереді;

 

      4) Конституция нормаларына қатысты ресми түсіндірме береді; 

 

      5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарына сай қорытынды береді. 

 

      2. Конституциялық кеңес Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көрсетілген жағдайда президент өтiнiштерiн, 78-бабында белгiленген жағдайда сот өтiнiштерiн қарайды.

  
73-бап 

      1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген шаруалар бойынша өтініш жасалған жағдайда президенттің қызметіне кірісуі, парламент депутаттарын тіркеу не республикалық референдум нәтижелерін шығару процедурасы кейінге қалдырылады.  

 

      2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3-тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған жағдайда тиісті актілерге қол қою не оларды бекіту мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. 

 

      3. Конституциялық кеңес өтініш түскен күннен кейінгі бір айда шешім шығарады. Егер мәселе шұғыл болса, президент талабы бойынша бұл мерзім 10 күнге дейін қысқартылуы мүмкін.

 74-бап 

 

      1. Конституцияға кереғар заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойып, бекітуге және күшіне енгізуге болмайды.

 

      2. Конституцияға кереғар, оның ішінде Конституцияда бекітіліген адам құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін заңдар мен құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылмайды.

 

      3. Конституциялық кеңестің шешімі қабылданған бойда күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағында орындалуға тиіс және оны өзгертіңіз деп апелляциялық шағым түсіруге болмайды.

 VII бөлім


СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI 

 

 75-бап 

 

      1. Қазақстанда сот билігін тек сот жүзеге асырады. 

 

      2. Сот билігі азаматтық, қылмыстық соты және заңда көрсетілген өзге де нысандар арқылы жүзеге асады. Заңда жазылған жағдайларда қылмыстық сот ісі алқабилер қатысуымен өтеді. 

 

      3. Республикада со деген — Жоғарғы сот, жергілікті және басқа да соттар. Олар заңға сай құрылады. 

 

      4. Сот жүйесі Конституция мен арнайы конституциялық заңда көрсетіледі. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше сот құруға болмайды. 

  

 76-бап 

 

      1. Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылады. Соттың мақсаты — азамат мен ұйым құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғау. Сонымен қатар сот Конституция, заңдар, өзге де норматив құқықтық актілер, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуі керек. 

 

      2. Сот билігі Конституция, заңдар, өзге де норматив құқықтық актілер, халықаралық шарттар негізінде туындаған барлық іс пен дауда қолданылады.

 

      3. Сот шешімі, үкімі мен өзге де қаулысы республиканың бүкіл аумағында орындалуға тиіс.

 77-бап 

 

      1. Судья тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. 

 

      2. Сот қызметіне қалай да болсын араласуға болмайды. Араласқандар жазаланады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.

 

      3. Жұмыс барысында судья мына қағидаларды ұстануы керек: 

1) сот адамды кінәлі деп танымайынша ол адам кінәсіз боп саналады; 

      2) адамды бір қылмыс үшін екі рет соттауға болмайды; 

 

      3) адамға шығарылған сот үкімін сол адамның келісімінсіз ешкім өзгерте алмайды, яғни ол адам апелляциялық шағым түсірмесе, оның ісі сотта қайтадан қаралмайды.

 

      4) әркім сотта сөз сөйлей алады және бәрі оны тыңдауға тиіс; 

 

     5) жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндет жүктейтін не олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Яғни ол заңдар күшіне енгенге дейін болған оқиғаларға қатысты қолданылмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін жаңа заң шығып, құқық бұзушының жауапкершілігін алып тастаса немесе жеңілдетсе, онда сол жаңа заң қолданылады; 

 

Мысалы, қазіргі Қылмыстық кодекс 1998 жылы шықты. Демек, ол 1998 жылға дейін қылмыс істегендерге қатысты қолданылмайды. 

 

      6) айыпталушы кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес; 

 

      7) ешкім өзіне-өзі, жұбайы (зайыбы) және жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Жақын туыстар тізімі заңда көрсетіледі. Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқандарға қарсы куә болуға міндетті емес; 

 

      8) адамның кінәлі екені жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады;

 

      9) заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Біреу құқық бұздым деп мойындаса, оны тек осыған сүйеніп соттауға болмайды. 

 

      10) әлдебір қылмыстық заңды басқа ұқсас заңның орнына қолдануға болмайды. 

 

      4. Конституцияда көрсетілген сот төрелігінің қағидалары елдің барлық соты мен судьясына ортақ әрі бірыңғай. 

  

 78-бап 

 

      Соттардың Конституцияда бекітілген адам және азамат құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін заңдарға сүйенуге қақы жоқ. Егер сот сүйенгенгелі отырған заң Конституцияда бекітілген адам және азамат құқығы мен бостандығын бұзады десе,  іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. Сондай-ақ осы актіні Конституцияға жат деп тансын деп Конституциялық кеңеске жүгінуге тиіс. 

 

 79-бап 

 

      1. Сотта тұрақты судьялар істейді, олардың тәуелсіздігі Конституция және заң арқылы қорғалады. Судьяның өкілеті заңға сай доғарылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін. 

 

      2. Судьяны президент не Сенаттың келісімінсіз тұтқындауға, бөлімшеге күштеп әкетуге, жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған судьяны жауапқа тартуға президент не Сенаттың келісімі керек емес. 

 

      3. Сот судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда жазылған.

 

      4. Судья жалақы беретін өзге жұмыста істей, кәсіперлікпен шұғылдана және депутат, коммерциялық ұйымның басшылығы мен бақылау органына мүше бола алмайды. Оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық жұмыспен айналысуына рұқсат етілген. 

 

80-бап 

 

      Соттарға қаржы, судьяларға тұрғын үй беру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл сот қызметін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. 

 

81-бап 

 

      Жоғарғы сот — азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың қарамағындағы өзге де істер жөніндегі жоғарғы сот органы. Заңға сәйкес өз құзыретіне кіретін сот істерін қарайды және сот практикасындағы мәселелер бойынша түсiнiктеме беріп отырады.

 82-бап 

 

      1. Жоғарғы соттың төрағасын және судьяларын Сенат сайлайды. Олардың кандидатурасын Сенатқа Жоғары сот кеңесінің ұсынысына қарап президент ұсынады.

 

      2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғарғы сот кеңесінің ұсынысына қарап президент тағайындайды. 

 

      3. Соттарда конституциялық заңға сай сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілет беру тәртібі конституциялық заңда белгіленеді. 

 

      4. Жоғары сот кеңесінде президент тағайындайтын төраға мен басқа да адамдар отырады. 

 

      5. Жоғары сот кеңесінің мәртебесі және жұмыс тәртібі заңда көрсетілген. 

     

 83-бап 

 

      1. Прокуратура мемлекет атынан елдің аумағында заң бұзылмағанын қадағалайды, сотқа мемлекет атынан қатысады және күдікті, айыпталушы, қылмыскерлерді қудалайды (тергейді, жауап алады, айып тағады). 

 

      2. Прокуратура — прокурорлар мен Бас прокурор істейтін бірыңғай орталықтандырылған жүйе. Ол тек президентке тәуелді және соған есеп береді. 

 

      3. Бас прокурорды Сенаттың келісімінсіз тұтқындау, бөлімшеге күштеп әкелуге, жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған Бас прокурорды жауапқа тартуға ешкімнің келісімі қажет емес. Бас прокурор бес жылға тағайындалады. 

 

      4. Республика прокуратурасының қызмет тәртібі заңда жазылады.



 84-бап 

 

      алып тасталды.

 

 VIII бөлім


ЖЕРГIЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ

 

 85-бап 

 

      Жергілікті мемлекеттік басқару органы деген — аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдер (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік). 

 

86-бап 

 

      1. Жергілікті өкілдер органдар — мәслихаттар. Онда жергілікті халық сайлайтын депутаттар отырады,  олар жергілікті әкімдік жұмысын қадағалайды, өзге де міндеттерін атқарады. 

 

      2. Мәслихат депутаты 5 жылға сайланады. Сайлау жасырын өтеді, яғни кім кімге дауыс берені құпия болып қалады. Бір адам тек бір кандидатқа дауыс бере алады.  

 

      3. Қазақстанның 20-ға толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы тек бір мәслихатқа депутат бола алады, яғни облыс мәслихатаның депутаты бір уақытта аудан мәслихаты депутаты бола алмайды. 

 

      4. Мәслихаттар мынаған жауапты: 

 

      1) аумақты дамыту жоспары, экономикалық және әлеуметтік бағдарлама, жергілікті бюджет пен оның жұмсалуы туралы есептерді бекіту; 

 

      2) құзіретіне кіретін жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу; 

 

      3) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жергілікті әкімдердің есебін қарау; 

 

      4) өздерінің тұрақты комиссиялары мен өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де шаруаларды шешу; 

 

      5) заңға сәйкес азаматтың құқығы мен заңды мүддесін қорғау.  

 

      5. Мәслихаттың өкілеттін мерзімінен бұрын президент тоқтата алады. Бірақ ол әуелі премьер-министрмен мен Сенат және Мәжіліс төрағаларымен кеңесуі керек. Сондай-ақ мәслихат өзін-өзі таратамыз деген кезде де өкілеті мерзімінен бұрын тоқтайды. 

 

      6. Мәслихаттардың қызметі, құзіреті қандай екені заңда жазылады. 

 


 

Оқи отырыңыз: Мәслихат депутаты бізге не үшін керек?

 


 

 87-бап 

 

      1. Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) атқарушы органдардың бірыңғай жүйесіне кіреді. 

 

Олар атқарушы биліктің (үкіметтің) жалпы мемлекеттік саясатын жүргізеді. Сонымен бірге басқарып отырған аумағын дамытады, қысқасы, аймақты қандай проблемасы болады, соны шешеді. 

 

      2. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті мыналар: 

 

      1) аумақты дамыту, сол үшін экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қадағалау; 

 

      2) коммунал меншікті (мысалы жергілікті бюджет) басқару; 

 

      3) жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу; 

 

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай жергілікті атқарушы органдарға Республика заңдарымен жүктелетін өзге де қызметті жүзеге асыру. 

 

      3. Жергілікті атқарушы органды тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады. Әкім Президент пен Үкіметтің өкілі болып табылады.

 

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін президент тағайындайды. Бұған әуелі жергілікті мәслихаттардің келісімін алу керек. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері заңда жазылған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады және қызметінен босатылады. Президент әкімдерді жұмыстан босатуға қақылы.

 

      5. Мәслихат депутаттарының кемінде бестен бірі әкімге сенбейміз дей алады. Мұндайда дауыс беру өтеді, егер мәслихат депутаттарының көбі әкімге сенімсіздік білдірсе, президентке не жоғары тұрған әкімге жаңағы әкімді алып тастаңыз деп талап қоя алады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері жаңадан сайланған президен қызметіне кіріскен кезде жұмыстан босталады.

 

      6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, қызмет тәртібі заңда жазылады. 

 

 88-бап 

 

      1. Мәслихаттар өз құзыретінегі шаруалар бойынша шешім шығарады, ал әкімдер — басқарып отырған аумағында шешім мен өкім шығарады. Олар орындылуға тиіс. 

 

      2. Мәслихаттардың жергілікті бюджет кірісін қысқартуды не шығысын ұлғайту жобаларын әкімнің өзі қолдаған кезде ғана қаралады.

 

      3. Конституция мен заңдарға сәйкес келмейтін мәслихат шешімдерінің күшін сот жоюы мүмкін. 

 

      4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін президент, үкімет пен жоғары тұрған әкім, сот жоюы мүмкін.

 89-бап 

 

      1. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару бар. Оған сай жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындардың өздері шеше алады. 

 

      2. Жергілікті халық өздерін тікелей не мәслихат арқылы басқара алады. Бұл органдар жергілікті қоғамдастық саналады.

 

      Жергілікті өзін-өзі басқару органына мемлекеттік функцияларды атқару құқығы заңға сай берілуі мүмкін. 

 

      3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметін заң реттейді. 

 

      4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңға сай кепілдік беріледі.



Біз бұрын жергілікті өзін-өзі басқару органдары не үшін керегін, жұрт өздерін қалай басқара алатынын айтып бергенбіз. Оқи отырыңыз.

 


 

 IX бөлім


ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

 

 90-бап 

 

      1. Конституция республикалық референдумда қабылданады. Референдум нәтижесі шыққан бойда жаңа Конституция күшіне енеді, ал ескінің күші жойылады. 

 

      2. Конституция қабылданған күн — мемлекеттік мереке. Атауы — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. 

 

 91-бап 

 

      1. Конституция республикалық референдумда өзгертілуі мүмкін. 

 

Президент өз бастамасы, үкімет не парламент ұсынысынан кейін референдум өткіземіз десе, референдум өткізіледі. 

 

Егер президент Конституцияға енгізілетін өзгерту мен толықтырулар жобасын парламент депутаттары қарасын деп ұйғарса, онда жоба референдумға шығарылмайды, яғни Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум өтпейді. 

 

Мұндайда парламент шешімі Конституцияда жазылған тәртіпте шығарылады. 

 

Парламент Конституцияны референдум арқылы өзгерту керек десе, ал президент бұл ұсынысты қабылдамай тастаса, парламент Конституцияны өзгерту туралы заң шығара алады. 

 

Ол заң қабылдануы үшін 107 мәжлісмен мен 49 сенатордың кемінде бестен төрті жақтап дауыс беруі керек. 

 

Мұндай жағдайда президент сол заңға қол қояды не оны халық шешсін деп республикалық референдумға шығарады. 

 

Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы келіп дауыс берсе, ол өткізілді деп есептеледі. 

 

Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың кемінде үштен екісінде дауыс беру өтіп, қатысқандардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, Конституция өзгертіледі. 

 

      2. Конституция белгілеген мемлекет тәуелсіздігі, республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, республика қызметінің түбегейлі қағидалары мен бірінші президент – Елбасының мәртебесі өзгермейді.

 

      3. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сай болуы керек. Сай ма, жоқ па, оны Конституциялық кеңес анықтайды. 

 

Содан кейін ғана өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға не парламент қарауына шығаруға болады.

 92-бап 

 

      1. Конституциялық заңдар Конституция күшіне енген күннен бері бір жыл өтпей қабылдануға тиіс. 

 

Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар Конституция күшіне енгенге дейін қабылданып қойған болса,  олар Конституцияға сай өзгертіледі. 

 

      2. Конституцияда аталған өзге заңдар парламент белгілейтін тәртіп пен мерзімге сай, бірақ Конституция күшіне енген күннен бастап екі жылда қабылдануы керек. 

 

      3. 1993 жылғы 10 желтоқсанда шыққан «Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы» заңы бар. Президент осы заңға сүйеніп қосымша міндетін атқарда заңды күші бар жарлықтар шығарса, оларды  өзгерту, толықтыру немесе күшін жою республика заңдарындағы өзгерту, толықтыру немесе күшін жою туралы тәртібіне сай жүзеге асады. 

 

Президент 1993 жылғы 28 қаңтарда шыққан Конституцияның 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарында жазылған мәселелер бойынша өзіне жүктелген қосымша өкілеттін атқарарда шығарған жарлықтарды парламент бекіте алмайды.

 

      4. Конституция күшіне енгенге дейін қолданылып жүрген заңдардың Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінің ғана заңды күші болады. Қайшы келетін тұстары Конституция қабылданған күннен екі жыл өтпей Конституцияға сәйкес өзгертілуі керек.

 93-бап 

 

      Үкімет, жергілікті өкілдер және атқарушы органдар барлық азамат мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруіне жағдай жасауға міндетті. 

 

 94-бап 

 

      1. Конституция күшіне енгенге дейін қолданылып жүрген заңдарға сай сайланған президент Конституция белгілеген өкілетке ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуірде референдумда қабылданған шешім бойынша жүзеге асырады. 

 

Президент өз өкілетінің қазіргі мерзімін қысқартуы мүмкін. Бұған парламенттің қаулысы қажет. Қаулы парламенттің бірлескен отырысында 107 мәжіліс мен 49 сенторлардың көбі жақтап дауыс берсе қабылданады. 

 

Одан кейін Мәжіліс бір айда президент сайлау тағайындайды. Сайланған президент сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және өз қызметін жеті жыл бойы атқарады. Жеті жыл біткенде желтоқсанның бірінші жексенбісінде президентті кезекті сайлау өтеді.

 

      2. Конституция күшіне енгенге дейін қолданылған заңға сәйкес сайланған вице-президент мерзімі аяқталғанға дейін қызмет ете береді. 

 94-1-бап 

 

      Конституцияның 41-бабы 1-тармағында президент өкілетінің мерзімін белгілейтін ереже бар. Бұл ереже 2005 жылғы 4 желтоқсанда сайланған президенттің жеті жылдық мерзімі аяқталғаннан кейін сайланған президентке қатысты қолданылады, яғни 2012 жылғы 4 желтоқсаннан кейін сайланған президенттің өкілет мерзімі бес жыл болады.

 95-бап 

 

      1. Бірінші сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жылға сайланады, ал екінші жартысы конституциялық тәртіпке сай екі жылға сайланады.

 

      2. Конституциядағы Мәжіліс депутаттарын сайлау туралы ережелер екінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.

 96-бап 

 

      Конституция күшіне енген күні министрлер кабинеті онда белгіленген үкімет құқықтарына, міндеттері мен жауапкершілігіне ие болады. 

 

 97-бап 

 

      Конституциялық Кеңестің бірінші құрамы былайша құрылды: президент, Сенат төрағасы мен Мәжіліс төрағасы Конституциялық кеңес мүшелерін жартысын үш жыл, екінші жартысын алты жылға тағайындайды, төрағасын президент алты жылға тағайындайды. 

 

 98-бап 

 

      1. Конституцияда көрсетілген сот төрелігі мен тергеу органдары тиісті заңдарға сай құрылады. Олар құрылғанға дейін жұмыс істеп тұрған сот төрелігі мен тергеу органдары сол күйі жұмыс істей береді.  

 

      2. Жоғарғы сот пен Жоғары төрелік соты, жергілікті соттардың судьялары Конституцияда белгіленген соттар құрылғанша істей береді. Судьялардың бос қалған жұмыс орны Конституциядағы тәртіпте толықтырылады.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

31/08/2021 15:53
4752 0

Уведомление