Алматы полициясы: 16 желтоқсанда митиңге шыққандар бұйрыққа бағынбады
Құқық қорғау органы белсенділерді үш сағат аязда ұстауын осылай түсіндірді
Арнайы жасақ қоршауындағы Oyan, Qazaqstan белсенділері, 2020 жылғы 16 желтоқсан. Фото: sputnik.kz
28 желтоқсанда брифиңде Алматы полиция басқармасының басшысы Қанат Таймерденов құқық қорғау органдары 16 желтоқсанғы митиңге жиналғандарды неге қоршап алып, үш сағат аязда ұстады деген журналист сұрағына жауап берді.
— Бұл жағдайға қатысты айтарым мынау: егер құқық қорғаушылар полиция әрекеті заңсыз десе, өтініш, өзіндік қауіпсіздік басқармасына барыңыздар. Полиция әрекетін қадағалайтын орган бар — прокуратура, ондағылар қажет деген тексерісті жасайды. Бейбіт жиналыс туралы заң бар, оның әр нормасын сақтауымыз керек. Біз оларға (митиңге жиналғандарға — ред.) «тараңдар» дедік, бірақ олар айтқанымызды орындамады. Сонымен бірге оларға әкімдік, прокуратура өкілдері заңнама нормаларын түсіндірді, бірақ олар бұйрыққа бағынбады.
Олар полицейлер әрекетіне шағымданып не тиісті орган — прокуратураға шағым жазса болады, — деді Таймерденов.
16 желтоқсанда Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері мен тіркелмеген Демократия партиясы Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғалары құрбандарын еске алу митиңін өткізген еді. Қозғалыс мүшелері Назарбаев көшесімен шеру өткізбен болған. Бірақ оларды арнайы жасақ бөгеп, еш жерге жібермей, үш сағат бойы аязда ұстады.
Кейін құқық қорғаушылар «полицияның бұл әрекеті — адамның емін-еркін жүріп-тұруын шектеу, сондықтан бұл заңға қайшы» деп айтты.
Адам құқықтары жөніндегі сарапшы Татьяна Чернобильдің айтуынша, полицияның көшеде наразыларды қоршап алып, ешқайда жібермеуі — кетлиң — Еуропа елдерінде қолданылады екен. Ол жақтағы сарапшылар да мұны заңға қайшы деп есептейді.
Біз өз сөздігімізде кетлиң не екенін толығырақ түсіндіргенбіз.
Пікірлер жоқ.