Алматыда 16 желтоқсан күніне орай митиң өтіп жатыр

Сәтпаев пен Желтоқсан көшелері қиылысына тіркелмеген Демократиялық партия мен Oyan, Qazaqstan белсенділері жиналды


16/12/2020
12:31 47667 0

Фото: the-village.kz

 

16 желтоқсан Алматыда Сәтпаев пен Желтоқсан көшелері қиылысында митиң өтіп жатыр. 

 

Жиынға тіркелмеген Демократиялық партияның басшысы Жанболат Мамай, оның жақтастары мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшелері қатысып жатыр. Оларды арнайы жасақ қоршап алды. 

 

Митиңге қатысушылар «Нұр Отан — ұрылар», «Заң деген — халық», «Әділ сайлау үшін», «Өтірік сайлауға бойкот» (2021 жылы өтетін парламент сайлау — ред), «Оян, Қазақстан» деп ұрандатып жатыр.

 

— Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан емес, Егемендік туралы декларация жарияланған 25 қазан болуға тиіс, — деді Жанболат Мамай.

 

Митиңге әкімдіктер өкілдері келді.

 

— Осылай митиңге шығып ұрандату заңға қайшы. Олар (митиңге қатысушылар — ред.) қоғамдағы тәртіпті бұзып жатыр, бүлік жасауға үндеп жатыр, — деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Азаттық радиосына. 

 

12:58: Қазір «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші алдында тұрған адамдар Oyan, Qazaqstan мүшелерін полиция тоқтатқан жерге бара жатыр.

 

12:19: Арнайы жасақ Жанболат Мамайдың тобын қоршап, Oyan, Qazaqstan белсенділерімен бірігуге мұрша бермеді.

 

12:24: Oyan, Qazaqstan белсенділері «Нұр Отан — ұрылар», «Заң деген — халық», «Әділ сайлау үшін» деп ұрандатып жатыр.

 

13:59: Oyan, Qazaqstan-ның 40–50 белсендісін арнайы жасақ қоршап, еш жерге жібермей тұрғанына екі сағат болып қалды. Қозғалыс мүшелері бірнеше адам өздерін арандатқанын айтты.  

 

14:52: Арнайы жасақ Демпартия жақтастарын қоршап, еш жерге жібермей тұр.

 

14:55: Oyan, Qazaqstan белсенділері Фурманов (Назарбаев) көшесімен төмен түсіп бара жатыр.

 

14:59: Демпартия жақтастары Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғалары құрбандарына құран бағыштады.

 

15:02: Демпартия басшысы Жанболат Мамай: «Келер жылы өтетін парламент пен мәслихат сайлауы — өтірік. Дауыс беруге болатын жөнді партия жоқ. Кімге дауыс берсеңіз де, ештеңе өзгермейді. Сондықтан 2021 жылы 10 қаңтарда орталық алаңдарға шығуымыз керек».

 

15:12: Демпартия жақтастары Республика алаңында Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғалары құрбандарына құран бағыштағаннан кейін тарап кетті.

 

15:37: Oyan, Qazaqstan белсенділері Абай-Достықтағы Абай ескерткішінің алдында Қазақстанның бұрынғы әнұранын айтып, тарап кетті. Бұл митиңде полиция ешкімді ұстамады.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

16/12/2020 12:31
47667 0

Уведомление