Тоқаевтың әкесін ұлықтау: «30 жыл бойы «нұрланған» жүйе «кемелденуге» көшті»

ҚазҰУ-да президенттің әкесіне аудитория ашылды


05/10/2023
11:53 13130 0

 

4 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылды. Университетте жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме мен деректі фильм көрсетіліп, «Детектив дарабозы» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов және т.б қатысты. 

– Ол кісі (Кемел Тоқаев-ред) ішкі істер министрлігі мен жазушылар одағының бірлескен жүлдесінің лауреаты болған жалғыз адам. Кітаптары өте көп тиражбен, 500 мың данамен шыққан, – деді Бауыржан Жақып жиында сөйлеген сөзінде. 

Жансейіт Түймебаев Азаттық радиосы журналисінің «Бұл жеке басқа табыну емес пе?» деген сұрағына Кемел Тоқаевтың кітаптары ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болмай тұрғанда да шыққан деп жауап берді. Бірақ ол жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы уақытқа дейін атқарған қызметтері мен жеткен жетістіктерін жіпке тізгендей етіп айтып, мақтап сөз сөйледі.

Masa Media тілшісі «Президенттің әкесінің атына аудитория беру жағымпаздық емес пе?»деген сауалды факультет қызметкерлері мен студенттерге қойып көрді. 

Журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева сауалға жауап беруден бас тартты. Бірақ «Facebook»-тегі парақшасына «Журналистика факультетінің түлегі Кемел Тоқаевқа арналған ғылыми, ағарту шаралары әр жылдары өтіп тұрады.  Бұл шаралардан саяси  астар іздеу артық» деген пікір қалдырған. 

2009-2022 жылдар аралығында журналистика факультетінде қызмет істеген жазушы-журналист Қойшыбек Мүбарак: «Кемел Тоқаев мерейтойының тура осылай дүркіреп өткені есімде жоқ» дейді. «Бұл – қаны қайнап, жаны шығып тұрған жағымпаздық. 30 жыл бойы «нұрланған» жүйе енді «кемелденуге» көшті. Бүгін «нұр» дегеннен ел қалай қашатын болса, ертең «кемел» дегеннен осылай қашатын болады», – деді ол.

Студенттер журналистика факультетінде өзге де маңызды проблемалардың бар екенін жеткізді. 

– Меніңше, факультетімізде аудитория ашудан бөлек істелу керек жұмыстар көп. Салалық журналистикаға маманданған мамандар жетіспейді, жылда бір мұғалімдер берілген пәнге қатысы болмаса да, ауысып сабақ бере береді. Әуелі осындай студенттердің біліміне әсер ететін мәселелер шешілсе екен деген сұрауымыз бар, – деді Назерке. 

Шарадан соң әлеуметтік желіде журналистика факультетінің мұғалімдерді Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылғанын мақтап жаппай жазба жаза бастады. Кейіннен Masa Media тілшісі факультет басшылығы мұғалімдерге жазба жазуға арнайы тапсырма бергенін анықтады.

Бұған дейін Masa Media ҚазҰУ басшылығы студенттерді сайлауға баруға мәжбүрлейтіні жөнінде жазған. Кейіннен университет басшылығы Азаттық радиосына бұл фактіні жоққа шығарып, пікір білдірген. 

Оқи отырыңыз: ҚазҰУ. Студенттерді сайлауға қатысуға «мәжбүрлеуде»


 

Президенттің әкесін ұлықтау бұған дейін басталған. 2 қазанда Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы күні Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында қазақ күресінен әлем кубогы мен бәйгеден халықаралық жарыс өткізіліп, ас берілген. Сарапшылар Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралардың көбейгенін айтып, «культ жасау» қайта басталды деп санайды.

 Автор:  Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

05/10/2023 11:53
13130 0

Уведомление