ҚазҰУ. Студенттерді сайлауға қатысуға «мәжбүрлеуде»
Сайлау қарсаңында студенттерге қысым күшейді
Парламент сайлауы жақындаған тұста әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қысым көріп жатқандарын айтуда.
ҚазҰУ студенті Аружан (аты өзгертілген –ред) ортақ чаттарға кураторлар сайлау кезінде студенттердің жатақханада қалулары қажеттігін айтып смс хаттар жолдауда дейді.
– Мәжіліс сайлауы жақындаған уақытта түрлі студенттік және жатақхана чаттарында Алматыда қалу немесе қалмау туралы ақпараттар сұралып жатыр, – дейді Аружан.
Оның сөзінше, бұндай жағдай былтыр өткен президент сайлауы кезінде де болған.
– Президент сайлауында ауылда болдым. Топ басшысы жеке куәлігімді сұратты. «Не үшін?» деген сұрағыма «Отчет үшін» деп жауап берді. «Қандай отчет?» деген сауалға, «Сайлауға. Тездетіп жібере қоясың ба» деді. Жеке куәлікті жібере алмайтынымды, өз ауылымнан дауыс беретінімді айттым. Группаластарыммен сөйлескен сәтте барлығынан да жеке куәлік сұрағанын білдім. Бұл заңсыздық деп ойлаймын, – дейді ол.
Қазақ Ұлттық университетінің тағы бір студенті Жанерке де (аты өзгертілген –ред)президент сайлауында мұғалімдер сайлауға баруға мәжбүрледі дейді. Оның сөзінше, мұғалімдер студенттерден сайлауға барғаны жөнінде есеп берулерін талап еткен.
– «Сайлауға бару – әр азаматтың парызы» деген секілді ұран cөздер әруақытта айтылып, баспасөз беттерінде жазылады. Президент сайлауында да оқытушылар тарапынан осы секілді сөздер көп қолданылып, көптеген қысымдар болды. Оқытушылар «Елдің ертеңін ойлайтын кез келген адам сайлауға баруы тиіс», «Дауыс беру – елдің болашағы үшін маңызды» деген сөздер арқылы студенттерді сайлауға баруға мәжбүрледі. Біздің «Сайлауға бару немесе бармау – әр адамның өз еркі» деген сөзімізге де назар аудармады, – дейді Жанерке.
СТУДЕНТТЕР ЧАТЫ
Жанеркенің айтуынша, сайлау кезіндегі мәжбүрлеу туралы БАҚ өкілдеріне айтқаны үшін кафедра мен мұғалімдер тарапынан қысым көрген.
– Осы қысым туралы тәуелсіз арналарға жазып, тәуелсіз журналистерге ескерттім. Бұл ескерту кафедра ішінде шу туғызып, өзіме қысым жасалды. Оқытушылар «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Ертеңіңді де ойла», «Диплом алуын керек» деп әртүрлі қысымдар жасады. Бұл қысымдар маған ғана емес, старостама да жасалды. Ол қызға жарияланған жазбаға «Бұл – өтірік. Барлық скриндер фото-редактор арқылы жасалған» деп жазуын талап етті. Ол жазбады. Оқытушылар тікелей өзіме шығуға жасқанып, старостам арқылы байланыс орнатты. Түнгі сағат 02:00-де хабарласқан кездері де болған, – дейді ол.
ҚазҰУ-дың тағы бір студенті Жалғас та (аты өзгертілген –ред) президент сайлауы кезінде жатақханада жатқан студенттер ауылына кеткен өзге студенттердің атынан дауыс бергенін айтты. Оның сөзінше, куратор, топ басшылары үйіне қайтып кеткен студенттердің жеке куәліктерін сұратқан.
– Жатақханада жатқан сәтімде өзге адамның атынан дауыс беруді өтінді. Бұл іс-әрекеттің дұрыс емес екенін, заңсыз екенін ескерттім. Ол адам жеке куәлік жіберсе де, бұл қадамға бара алмайтынымды айттым. Алыста жүрген, ауылына кеткен студенттерден топ басшылары жеке куәлік сұратқан екен. Осы жеке куәлік арқылы жатақханада жатқан студенттер дауыс беруге барған, – дейді Жалғас.
Студенттерді түрлі шараларға қатыстырып, биліктің студенттер арқылы дауыс жинайтыны туралы сайлау сайын айтылады. 1995 жылы қыркүйекте қабылданған «Сайлау туралы» заңның 3-бабына сәйкес, азаматтар сайлауға ерiктi түрде қатысады. Бапта «Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ» деп жазылған.
Мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.
Пікірлер жоқ.