Әскерде қаза болған Әлібек Қалбайдың ісі қайта тергеуге жіберілді
Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болған
Алматы гарнизонының әскери соты Әлібек Қалбайдың ісін қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарды. Сотта жәбірленушілер мен сотталушы тарап тергеу ісімен келіспейтінін айтып, қайта тергеуге жіберуді сұраған.
Әлібек Қалбайдың өліміне 18 жастағы сарбаз Айболат Аманжолов күдікті деп танылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Күдіктінің адвокаты Аманжоловтың айыбын дәлелдейтін айғақ жоқ дейді.
Бұған дейінгі сот отырысында жәбірленушілердің адвокаты Гүлайым Шынтаева Masa.media тілшісіне істің дұрыс жүргізілмегенін, бір ғана сарбазды кінәлі деп тануға болмайтынын айтқан.
– Жалған куәгерлердің қатысуымен өткізілген тергеу өзінің дәлелін тауып жатқан жоқ. Бұл жерде іс үстіртін жүргізілген. Тергеу сотында әділдік анықталып, айыпталушылардың кінәлары дәлелденеді деп ойлаймын. Бұл жерде жалғыз сарбазды ғана кінәлі қылып, сол сарбазды ғана жазалауға жұмыс жасалмауы керек. Бұл жерде офицерлер мен сержанттар жауапты деп ойлаймыз. Біз сол күні (Әлібек Қалбай қайтыс болған күні – ред) сол жерде болған барлық офицерлер мен сержанттардан жауап алынып, мүдделі тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етеміз, – дейді Шынтаева.
Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болған. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, туған-туыстарына көңіл айтып, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырған.
Пікірлер жоқ.