«Іс үстіртін жүргізілген». Алматыда жас сарбаздың өліміне байланысты сот процесі басталды

Бұл жерде жалғыз сарбазды ғана кінәлі қылып, сол сарбазды ғана жазалауға жұмыс жасалмауы керек


23/08/2022
15:31 29453 0

Алматы гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында қайтыс болған Әлібек Қалбайдың қазасына байланысты сот процесі басталды. Істі судья Қанат Естай қарауда.

 

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Күлайым Шынтаева қылмыстық істің дұрыс жүргізілмегенін айтады. Оның сөзінше, жалғыз бір сарбазды ғана кінәлі деп тануға болмайды дейді. 

 

– Жалған куәгерлердің қатысуымен өткізілген тергеу өзінің дәлелін тауып жатқан жоқ. Бұл жерде іс үстіртін жүргізілген. Тергеу сотында әділдік анықталып, айыпталушылардың кінәлары дәлелденеді деп ойлаймын. Бұл жерде жалғыз сарбазды ғана кінәлі қылып, сол сарбазды ғана жазалауға жұмыс жасалмауы керек. Бұл жерде офицерлер мен сержанттар жауапты деп ойлаймыз. Біз сол күні (Әлібек Қалбай қайтыс болған күні – ред) сол жерде болған барлық офицерлер мен сержанттардан жауап алынып, мүдделі тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етеміз, – дейді Шынтаева. 

 

Күлайым Шынтаева куәгерлердің бірінші тергеу мен қазіргі сот тергеуінде берген жауаптары бір-біріне қарама-қайшы дейді. 

 

– Бүгін жауап берген офицерлердің бірінші тергеу мен сот тергеуінде берген жауаптарында қарама-қайшылық болды. Қарама-қайшылық көп болғандықтан біз көптеген сұрақтарға қайтадан жауап алып жатырмыз, – дейді ол. 

 

Шынтаеваның сөзінше, қазір ҚР ҚК 453 бабы (өз ісіне салғырт қарау) бойынша жауапты офицерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір ол іс жүріп жатыр. Іс құпия болғандықтан күдіктілер жөнінде ешқандай дерек жоқ. 

 

Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағамбетова «басында немеремді кашадан уланып қайтыс болды» деп істі жауып тастамақшы болды дейді. Оның сөзінше, немересін үйге алып келгенде денесінде сау жер болмаған. 

 

– Басында каша жеп уланып сапта тұрғанда құлап, қайтыс болды деді. Олар істі кашаменен жауып тастамақшы болды. Бірақ біз оны жаптырмадық. Баланы гробпен алып келді, денесінің сау-тамтығы жоқ, барлығы көгерген. Біз бұлардың сараптамасына сенбей, Ақтаудан тағы жасаттық. Баланы 25-і күні жерледік те, 26-ы күні қазып алып, қайтадан сараптама жасаттық, – дейді Құлмағамбетова. 

 

Құлмағамбетованың сөзінше, бөлім басшысым Әлшер Дәрібаев немересіне «сен Айжамалсың, сені Айжамал жасаймын» деп айтып, намысына тиген. 

 

– Әлшер Дәрібаев балама «сен Айжамалсың, мен сені Айжамал жасаймын» деп намысына тиген. Оны басында өзі мойындаған. Бірақ жаңа онысын мойындамай тұр. Басында «иә мен Айжамалдап айттым, бірақ, мен оны Әлібекке емес, барлығына айттым» деген. Біздің талабымыз – офицерлерді жазалау. Бізге әділдік керек, – дейді ол. 

 

Күдікті Айболат Аманжоловтың адвокаты Сержан Пралиев бұған дейін болған тергеулерге көңілім толмайды дейді. Оның айтуынша, жалғыз куәгер екі түрлі куәлік берген. 

 

– Тергеуге көңілім толмайды. Бұл жерде бас куә Курочкин деген азамат. Бірінші тергеуде 22 сәуірде түскі сағат 13-00-де сұрағанда ол «мен ешнәрсе көрген жоқпын, білмеймін» дейді. Сол күні кешкі сағат 20-00-де берген куәлігінде «мен көрдім, екеуі төбелесті, Аманжолов жеті соққы жасады» деген. Бұлар адам жеті соққыдан қайтыс болды деп отыр. Жүрегіне зақым келген, екі өкпесін езіп жіберген. Бірақ жеті соққыдан ондай зақым келуі мүмкін емес. Біздің Ақтөбе қаласындағы сарапшы маманымыз «жеті соққыдан денеге ондай зақым келмейді» деген қорытынды шығарып отыр. Мемлекеттік сотмедициналық сараптама жету соққыдан болуы мүмкін деп отыр, – дейді Пралиев. 

 

Сержан Пралиевтің айтуынша, өзге сарбаздар басты куәгер Курочкинге қысым жасалған. Кейіннен тергеушілер куәгермен бірге шашлық жеп, сусын ішіп отырған.

 

– Мен жас жауынгерлермен кездесіп, сөйлестім. Олардың барлығы «өтірік» деп отыр. Жас жауынгерлердің барлығынан жауап алған. Олар айтады ««Курочкинді тергеушілер алып қалып, қысым жасады» дейді. Сарбаздар Курочкинді тергеушілермен бірге шашлық жеп, сусын ішіп отырғанын көрген. Менің жазбам бар... Біздің құрметті президентіміз кінәлілерді табыңдар деді ғой. Бұлар алты сағаттың ішінде кінәліні тапқан, – дейді Пралиев.

 

Айболат Аманжолов кінәлі деп танылатын болса 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот барысында ол өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. 

 

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болған. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, туған-туыстарына көңіл айтып, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырған. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

23/08/2022 15:31
29453 0

Уведомление