Қазақстанның халық партиясы: парламент партиясы, бұрынғы коммунистер, сайлауалды ребрендиң

Мәжілісті сайлау алдында Қазақстанның тіркелген партиялары туралы айтып береміз


30/11/2020
11:31 8699 0

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Бізде сайлау партия тізімімен өтеді: сайлаушы өз дауысын жеке адамға емес, партияға бере алады. 

 

Осыған орай біз сайлаушыларға Қазақстанда қандай партиялар барын: олардың идеологиясын, атқарып жатқан жұмысын айтып береміз. Өткенде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» мен «Ақ жол» партиялары туралы жаздық. Бұл жолы Қазақстанның халық партиясы туралы сөз қозғаймыз.

 


 

ДИСКЛЕЙМЕР: masa.media редакциясы ешқандай партияға жақтас емес және агитациясы бар материалдар жарияламайды. Оқырмандарымызға сайлау, партия және саясат туралы мақалалар мен жаңалықтарды тек ақпарат ретінде береміз.

 


 

Идеологиясы: коммунизм мен социализм

 

Құрылған жылы (тіркелген жылы): 2004 жылы 21 маусымда тіркелді

 

Сайлауларда жинаған дауысы: 2007 жылы — 1,29 %, 2012 — 7,19 % (7 мандат), 2016 — 7,14 % (7 мандат). 

 

Қанша адам мүше: 100 мыңнан астам

 

Бұрынғы және қазіргі танымал мүшелері:  Жамбыл Ахметбеков 2011 және 2019 жылдары президентті сайлауға түсті. 

 

Төрағасы: Айқын Қоңыров (2020 жылғы қарашаға дейін партияда төраға лауазымы болмады)

 

Ұсынған заң жобасы: жоқ

 

Партия бұрын Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы деп аталып келген. Атауы биыл қарашада Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) болып өзгертілді. 

 

Сонымен, 2004 жылы тіркелмеген Қазақстан Коммунистік партиясынан (Кеңестік коммунистер партиясымен шатастырмаңыз, ол 1991 жылы таратылған еді) 12 жетекшісі бөлініп шығып, ҚХП-ны құрды. Сол кезде Компартиядан ҚХП-ға 15 мың адам қосылды. 

 

2005 жылы партия атынан президентті сайлауға Ерасыл Әбілқасымов түсті. Оған сайлаушылардың 0,34 %-ы дауыс берген. 

 

2007 жылы Компартия мен ҚХП қосылғысы келген, бірақ кейін ҚХП өз ойнынан айнып қалды. Партия хатшысы Владислав Косарев себебін былай түсіндірді: «Компартияның құрылымы бұзылған, ал халық арасындағы беделі өте қатты төмендеді». 

 

Фото: time.kz

 

Партия жарғысынан: 

 

Партия — социализм мен коммунизм идеяларын ұстанатын азаматтар бірлестігі. 

 

ҚХП әлеуметтік әділдік пен саяси теңдікке ұмтылған халық мүддесін (жұмысшылар мен жұмыссыздар, зейнеткерлер мен жастар) қорғайды.

 

Мақсаты — ғылыми-техникалық даму мен социализмге сүйене отырып халықтың шынайы билігі мен әлеуметтік әділдікке, руханият, еркіндік пен экономиканы дамытуға бағыт алу. Сол үшін әуелі мына мәселелерді шешу керек: 

 

                    • демократиялық сайлау;
                    • социализм құру;
                    • халық билігін құру;
                    • экономиканы шикізат өндірісі арқылы дамыту бағытынан арылу;
                    • өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізу;
                    • ТМД елдерімен қарым-қатынасты дамыту;


Халық партиясы осы уақытқа дейін толық өзі бастаған заң жобасын ұсынбады. Десе де, кейбір  заң жобасына бірнеше толықтыру айтты. Мысалы, «Жол жүрісі туралы» заңы.

 

2011 және 2019 жылдары президентті сайлауда партия атынан Жамбыл Ахметбеков кандидат болды. Ол біріншісінде 1,36 %, екіншісінде 1,82 % дауыс жинады. 

 

2011 жылғы сайлауда ҚХП алғаш рет парламентке өтіп, 7 орынға ие болды. Ал 2016 жылы заң шығарушы органнан 7 мандат алды. Партия сайлауды «әділ» өтті деп бағалады. 

 

Биыл партия төтенше жағдай кезінде үкіметтен Қазақстан азаматтарына несиелік амнистия жариялауын талап етті. Оның алдында үдемелі табыс салығы жүйесін енгізуді сұраған. 

 

Партия 2021 жылғы сайлауға қатысатынын хабарлады.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

30/11/2020 11:31
8699 0

Уведомление