Қазақстанда парламентті сайлау қалай өтеді?

Оның алдында және одан кейін не болады


10/11/2020
11:42 8850 0

 


 

2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламенттің (заң шығарушы орган) төменгі палатасы — Мәжіліске депутаттар сайлайды. Қызық факт: бұл сайлау кейінгі 17 жылда алғаш рет өз уақытында өтпек. Бұрын, 2007, 2012 және 2016 жылдары сайлау кезектен тыс өтті. Бұл дегеніміз — президент алдыңғы парламентті өкілеті бітпей тарқатып жіберді. 

 

Мәжілісті сайлауды парламентке сайлау деп атайды. Себебі мәжілісмендердің көбін халық тікелей сайлай алады. Ал жоғары палатаға — Сенатқа депутаттарды халық сайлаған мәслихаттар депуттары тағайындайды. Ол сайлау биыл 12 тамызда өткізілді. 

 

Мәжілісті сайлау қалай өтеді, қалай дауыс беруге болады, сайлаудан кейін не болады — жауап осы материалда. 

 

ПАРЛАМЕНТТІ САЙЛАУ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ 

 

Мәжілісте 107 депутат отырады. Оның 98-ін халық, тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. 

 

Қазақстанда сайлау жүйесі пропорцинал: партия қаншалықты көп дауыс жинаса, парламентте соншалықты көп орын (мандат) алады. Мысалы, партия 17 % дауыс жинады делік, демек парламенттегі 107 орынның 17 %-ы осы партияға тиесілі болады. 

 

Партиялар парламентке өту үшін кемінде 7 % дауыс жинауы керек. 

 

Партиялық тізім. Қазақстан азаматы белгілі бір адамға емес, оның партиясына дауыс береді, яғни Мәжіліске өту үшін міндетті түрде партияға мүше болу керек. Ал парламентте кім отыратынын партияның (егер межеден өтсе) өзі шешеді.  Бұл жабық партиялық тізім бойынша сайлау деп аталады. 

 

Кворум жоқ. Қазақстанда сайлауды заңды деп тану үшін оған келуі керек адам саны бекітілмеген, яғни сайлаушылардың 1 %-ы дауыс берсе де, сайлау өтті деп есептеледі. 

 

ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен парламенттік сайлаулардың бір де бірін әділ өтті деп танымады. 

 

САЙЛАУ АЛДЫНДА НЕ БОЛАДЫ? 

 

1. Президент сайлау күнін белгіледі.

 

2. Тіркелу. Партиялар өз атынан сайлауға түсетін кандидаттар тізімін Орталық сайлау комиссиясына апарып тапсырады. Партия тек бір тізім тапсыра алады. Онда ең көп дегенде 127 (98 + 98*30% [резерв]) кандидат көрсетілуі керек. Қазақстанда сайлауға түсе алатын алты партия бар: Nur Otan, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясы, «Адал» (5 қарашаға дейін «Бірлік» деп аталып келді) мен «Ауыл». 

 

Тапсыру процесі сайлауға екі ай қалғанда басталып, 40 күн қалғанда бітеді.

 


 

Орталық сайлау комиссиясы — Қазақстанда сайлау ұйымдастырып, өткізетін органдарының ең жоғарғысы. Оған аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары қарайды.

 


 

3. Партиялар ОСК-ға жарна төлейді. Оның көлемі — ең төменгі жалақының 15 есесі (2020 жылы бұл — 637 500 теңге). Өткен сайлауда парламентке өткен партиялар (Nur Otan, «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясы) жарна төлемейді. Ал партия 5–7 % дауыс жинаған болса, жарнаның тең жартысын төлейді (2020 жылы бұл — 318 750 теңге). 

 

4. Тіркеу. ОСК партиялық тізімді тіркесе, мұны БАҚ арқылы жариялайды. Комиссия партияны тіркемеуі де мүмкін. Оған бес негіз бар:

 

  • партия құжаттарды толық тапсырмаса;
  • тіркеу мерзімі бітпей жатып, үгіттеу жүргізсе;
  • партиялық тізімінен кандитаттардың жартысынан астамы шығып кетсе;
  • партия басқа партия өкілінің қадір-қасиетін таптайтын жалған ақпарат таратты деп сот үкім шығарса;
  • партия сайлаушыларды сатып алғаны сотта дәлелденсе. 

5. Сайлау алды үгіт-насихат. Тіркеуден кейін басталып, сайлауға бір күн қалғанда бітеді. Онда партиялар медиа, сайлаушылармен кездесу, шеру, митиң, демонстрация, халық алдында сөйлеу арқылы өзіне дауыс беруге үгіттейді: парламентке өтсе қандай мәселе шешетінін айтады, жоспарын таныстырады. 

 

 

САЙЛАУ КЕЗІНДЕ НЕ БОЛАДЫ?

 

Сайлау 10 қаңтарда 7:00–20:00 сағат аралығында үзіліссіз өтеді. Бірақ аумақтық сайлау комиссиялары сайлау сағатын өзгертуі мүмкін. Өзгертсе, оны сайлаушыларға сайлауға кемінде 10 күн қалғанда хабарлауға тиіс. 

 

Сайлау өтетін жер сайлау учаскесі деп аталады. Әр азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша өз сайлау учаскесі болады. Ол тек сол жерде дауыс бере алады. Олардың мекенжайы әр әкімдік сайтында сайлау жақындағанда жарияланады. 

 

Дауыс берем деген азамат өзімен бірге жеке куәлігі не паспортын әкелуі керек. 

 

Партиялар тізімі көрсетілген бюллетеньді алғаннан кейін адам жабық кабинкаға кіріп, қаламмен (!) өз таңдауын жасайды. Содан соң ол жерден шығып, жәшікке бюллетенді салады. 

 

Дауысты қалай беру керегін біз басқа материалда толығырақ жазып шығамыз. 

 

САЙЛАУДАН КЕЙІН НЕ БОЛАДЫ?

 

Сайлау біткеннен кейін учаскелік сайлау комиссиясы дауыстарды санайды. Оған міндетті түрде бақылаушылар мен партия өкілдері қатысуы, барлық процесті көруі керек. 

 

Санап болғаннан кейін комиссия қорытынды жазылған протоколды ОСК-ға жібереді. ОСК қорытындыны (қай партия қанша алғанын, сайлауға қанша адам қатысқанын) БАҚ арқылы бір апта ішінде жариялайды. 

 


 

Егер сайлау және дауыстарды санау кезінде заң бұзылғаны дәлелденсе, республикада не жеке бір аймақта сайлау қайтадан өтеді. Күнін ОСК белгілейді. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстанда қайтадан сайлау өтіп көрген емес. 

 


 

Межеден өткен партиялар жинаған дауыстар санына қарап парламентте орын алады. 

 

2021 жылғы сайлауда Мәжілістің жаңа сайланған депутаттары өз қызметіне қазіргі депутаттар өкілеті біткенде — сол жылдың наурызында кіріседі. Оның алдында олар ОСК-да тіркеледі. 

 

Сайлау кезектен тыс өтсе, жаңа сайланған депутаттар өз қызметіне дереу кірісер еді. 

 

Тіркелгеннен кейін сайланған депутаттар парламентте бес жыл отырады (егер президент парламентті тарқатып жібермесе). Сол уақыт аралығында біздің өмірімізге тікелей әсер ететін заңдар мен бұйрықтар шығарады, сол үшін өкілеті біткенге дейін тегін пәтерге ие болып, айына 700 мың теңгедей жалақы алып отырады



Депутттардың жұмысы және парламенттің не екенін мына жерден толығырақ оқыңыз.

 


 

 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

10/11/2020 11:42
8850 0

Уведомление