Пойызда қандай құқығымыз бар?
masa.media түсіндіреді
Тұтынушы құқығы туралы материалдар топтамасын жалғастырамыз. Бүгінгі мақаламыз азаматтардың пойыздағы құқығы жайында болмақ.
Төлқұжатым мен куәлігім жоғалып кеткен еді. Енді билет ала алмаймын ба?
Мына құжаттардың біреуін көрсетсеңіз, ала аласыз:
-
-
-
- ыхтияр хат;
- азаматтығы жоқ адам куәлігі;
- босқын куәлігі;
- уақытша жеке куәлік;
- дипломат куәлігі;
- қызметтік төлқұжат;
- елге оралу куәлігі;
- 16-ға толмағандардың туу туралы куәлігі;
- жедел қызметкерлердің әскери билеті.
-
-
Билет құнына не кіреді?
— Салмағы 35 келіден, өлшемі 100*50*50 сантиметрден аспайтын қол жүгін алып жүре аласыз. Бұдан ауыр, үлкен қол жүгін багаж вагонына тапсыруыңыз керек.
— Төсек-орын жабдығы: матрас, жастық пен жамылғы, екі төсек жаймасы, жастықтыс пен сүлгі;
— Дәрі-дәрмек қобдишасын пайдалану;
— Қасыңызға жататын жеті жасар баланың билеті тегін болады. 7–15 жасар баланың билетіне 50% жеңілдік беріледі. Бала қол жүгінің салмағы 35 келіден аспауы керек.
— Жолсерік мүгедектігі барлар, кішкентай баласы барлар, қарт кісілер мен науқастардың төсек жабдығын төсеп береді;
— Жолсерік намаз оқитын не өзге де діни жоралғы жасайтындарға өз купесін 10 минутқа бере тұрады;
— Talgo пойыздарында тегін газет-журнал беріледі.
Қауіпсіздігіме алаңдаймын, купенің барлық орнын сатып алсам бола ма?
Иә, болады. Бірақ ол жаққа билеті жоқ біреуді жатқыза алмайсыз.
Купені сатып аларда жеңілдік берілмейді — төрт орынның құнын толықтай төлейсіз.
Билетімді қайтарып бергім келсе, не істейін?
Билет алған жерге барыңыз, қайтарғыңыз келетініңізді айтыңыз. Билетті сайттан сатып алсаңыз, сол жерден қайтару қызметін қолданыңыз. Керек десе, қолдау қызметіне хабарласыңыз.
— Билетті пойыз жүретін уақыттан бір күн бұрын не одан ерте тапсырсаңыз — толық құнын қайтара аласыз;
— 6–23 сағат қалғанда тапсырсаңыз — билеттің толық құны мен плацкарт құнының жартысы қайтарылады;
Билет бағасына мыналар кіреді: тариф, плацкарт (20 %), қызмет пен алым.
— 1–6 сағат қалғанда тапсырсаңыз — билеттің толық құнын ала аласыз, плацкарт ақшасы қайтарылмайды;
— 1 сағаттан аз уақыт қалса — ақшаңыз қайтарылмайды.
Билетім жоғалса, не істей аламын?
Билеттің екі түрі бар: сайт арқылы сатып алып, шығарып алған билет және кассада берілген билет.
Біріншісі жоғалып кетсе, сайттағы «Жеке кабинетке» кіріп, қайтадан шығарсаңыз не жолсерікке электрон нұсқасын көрсетсеңіз болады.
Ал кассадан алған билет жоғалса, сол кассаға барып, көшірмесін жасатып алыңыз. Кассашыға құжатыңызды көрсетіп, қайда кетіп бара жатқаныңызды айтыңыз.
Ең дұрысы — электрон билет сатып алыңыз. Оны телефон не планшетке жүктеп алуға болады, жоғалып кете ме деп уайымдамайсыз.
Пойыздан қалып қойдым
Станцияда түсіп, пойыздан қалып қойсаңыз, ал заттарыңыз бен билетіңіз вагонда қалса, дереу вокзал не станция бастығына хабар беріңіз. Ол ең жақын станция не вокзалға хабарласады, ал ондағылар затыңызды алып қалады.
Тұрған вокзалыңыздан жаңағы станцияға баратын пойызға билет аласыз. Заттарыңыз бен билетіңізді алғаннан кейін баратын жеріңізге билет алыңыз.
Бұл билеттер тегін беріле ме, жоқ па, ол жағы жолаушыларды пойызбен тасымалдау туралы ережеде жазылмаған. Ресейде тегін беріледі екен.
Жоғарғы сөреде жатқан адам төменгісіне отыра ала ма?
Ережеде бұған тыйым салатын норма жоқ. Бірақ жоғарыда жатқан адам төменде отырған адамнан рұқсат сұрауға тиіс дейді «Жолаушыларды тасымалдау» компаниясы.
«Адам билетте көрсетілген орнын ғана пайдалануға тиіс. Сондықтан өзгенің орнына отырғыңыз келсе, иесінен рұқсат алу қажет. Бірақ тамақ ішуге арналған үстелшені қолдануға екеуінің де қақысы бар».
Көршілер шулай не алкоголь іше ала ма?
«Қазақстан темір жолы» пойыз қоғам орны деп есептеледі дейді. Сондықтан 22:00-ден 9:00-ге дейін шулап, тыныштықты бұзуға болмайды. Әйтпесе, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 437-бабына сай бес АЕК айыппұл төлейсіз.
Ал ішімдікті тек дүкендер мен тамақтану орындарында ғана іше аласыз. Пойызда ішсеңіз, бес АЕК айыппұл төлейсіз. Ішкіңіз келсе, вагон мейрамханаға барыңыз.
Полиция жоқ қой деп жайбарақат жүрмеңіз: вагондарды транспорт полициясы аралайды.
Шылым шегуге бола ма?
Вагонның арнайы бөлігінде болады. Нақты қай жерде екенін жолсеріктен сұраңыз.
Пойыз кідірсе, не болады?
Пойыз 6 сағат кідірсе, тасымалдаушы тегін ас-су беруге міндетті.
Ал 10 сағат кешігіп жатса, жолаушыларды тегін қонақүйге апарып, ас-су беруге тиіс.
Әрі сіз әр кідірген сағат үшін билет құнының 3 %-ын қайтарып алсаңыз болады. Бірақ айыппұл көлемі билет бағасынан аспауы керек.
Ол үшін барған жеріңіздің вокзалындағы кезекшіден билетіңіздің артына кешіккен сағат туралы белгі қойдырып алыңыз. Соны және куәлігіңізді тасымалдаушы компанияның кассасына апарып, айыппұлды өтеуді талап етіңіз.
Ал пойыз тасымалдаушының кесірінен уақытында келмесе, өтемақы талап етсеңіз де болады. Ол үшін наразылық хатын жазыңыз. Егер он күнде не сіз айтқан уақытта талабыңыз орындалмаса, компания орналасқан ауданның сотына барып арыз жазыңыз. Өтемақы көлемін өзіңіз белгілейсіз, бірақ ақтық шешімді сот шығарады.
Вагонымыз бұзылып, жүрмей қалса?
Онда жолаушылар бос орындары бар басқа вагондарға көшіріледі, тіпті кейде ақысы жоғары вагондарға көшіріліп жатады. Бірақ ол жаққа әуелі кішкентай балалары барлар, қарттар, Екінші дүниежүзі соғысы ардагерлері мен мүгедектігі барлар көшіріледі.
Бізден сізге кеңес
Егер бара жатқан жерге жетпей бір станция не вокзалда түсуге мәжбүр болсаңыз, билетіңіздің жарамдылығын 10 күнге дейін ұзартуға болады. Бірақ бұл құқығыңызды бір рет қолдана аласыз.
Ұзарту үшін жолсеріктен бақылау купоны, билет не отырғызу талонын алып, түскеннен кейін үш сағат ішінде вокзал кезекшесіне белгі қойдырып алыңыз.
Ал 10 күн ішінде сапарыңызды жалғастырмайтын болсаңыз, билетіңіздің қалған сомасын қайтарып алсаңыз болады. Ол үшін вокзал кассасына жаңа айтқан құжаттарды алып барыңыз.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.