Көршілер шулай береді. Не іcтесеңіз болады?

masa нұсқаулығы


28/12/2020
12:02 6647 0

2020 жылғы 7 қыркүйекте Алматы тұрғыны Жанна Полевая Facebook-те Алмалы ауданы полициясының бастығы Есена Искаковаға шағым жазды. Онда ол Байзақов көшесі, 170-үйдің шатырында көршілер әр демалыс түндері дискотека ұйымдастырады деп шағымданды. 

 

Полицейлер кінәлілерді тауып, әкімшілік жауапқа тартқан. Жаннаның айтуынша, бұдан кейін тәртіп бұзғандар шулауды қойыпты. 

 

Қала не аудан полициясы бастығына әлеуметтік желі арқылы шағымдану — шулай беретін көршілермен күресудің жалғыз жолы емес.

 

Түнде шулайтындарды әкімшілік жауапқа тартуға болатынын бәрі біле бермейді.

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 437-бабына («Тыныштық бұзу») сай жұмыс күндері сағат 22:00–9:00, демалыс және мейрам күндері 23:00–10:00 аралығында шулауға болмайды. Сондықтан осы уақытта адамдар тұратын жерде, оның маңында құрылыс жасау,  жиналыс өткізу, музыканы бақыртып қою, ойын-сауық ұйымдастыру тыныштық бұзу боп есептеледі. 

 

ӘУЕЛІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Егер шудың сізге қатты зияны болмаса, тыныштық бұзған көршілерді жай ескертіңіз. Олар айтқаныңызды елемесе, 102 (үй телефонынан) не 112 (мобайл телефоннан) нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырыңыз не бөлімше инспекторына барып, шағым жазыңыз. 

 

Полиция келгенде әкімшілік құқық бұзу туралы шағым жазасыз. 

 

Онда

 

          • Оны кімнің атына жазғаныңызды;
          • Толық аты-жөніңіз, мекенжайыңыз бен телефон нөміріңізді;
          • Болған жайтты; 
          • Міндетті түрде шулаған көршілер пәтерінің нөмірін не мекеме атауын; 
          • Шу қашан басталып, қашан біткенін жазыңыз. 
          • Соңында полициядан қандай да бір шара жасауын талап етіңіз. 

 

ЖАЛПЫ, ШУ ДЕГЕН НЕ ӨЗІ?

 

Заңға сай шу күндіз 55 децибел, кешке 45 децибелден аспауы керек. Оны былай түсіндіріп көрейік:

 

          • дауыс көтермей сөйлесу — бұл 40–50 децибел;

          • айқай, баланың жылауы, шаңсорғыш дыбысы — 80–90 децибел;

          • түрлі жөндеу жұмысы — 100 децибелге дейін;

          • кен балғасы не рок концерті — 120 децибелге дейін. 

 

ШУЛАҒАНДАР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ? 

 

          • Жеке тұлғалар 5 АЕК (13 890 теңге, 2020 жылы 1 АЕК = 2 778 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
          • Шағын бизнес не коммерциялық емес ұйым — 20 АЕК (55 560 теңге).
          • Орта бизнес — 30 АЕК (83 340 теңге), ірі бизнес — 100 АЕК (277 800 теңге).  

КӨРШІЛЕР ШУЛАУЫН ҚОЙМСА, НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ? 

 

Қайтадан полиция шақырыңыз. Құқық бұзу бір жыл ішінде қайталанса,  айыппұл екі есе артады. 

 

          • Жеке тұлғалар — 10 АЕК-ге дейін (27 780 теңге); 
          • Шағын кәсіп не коммерциялық емес ұйым  — 40 АЕК (111 120 теңге);
          • Орта кәсіп — 60 АЕК (166 680 теңге);
          • Ірі кәсіп — 150 АЕК (416 780 теңге).

 

Егер полиция келмесе не көршілер ескертуіңізді елемесе, өзіңіз не басқа көршілермен бірігіп сотқа шағымданыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/12/2020 12:02
6647 0

Уведомление