Митиңде полиция ұстап алса, не істеуім керек?

masa-ның бейбіт жиналысқа баратындарға арнаған нұсқаулығы


25/03/2021
12:04 5175 0


 

Материалды Құқықтық саясатты зерттеу орталығының (LPRC) құқық қорғаушысы Татьяна Чернобильмен бірге дайындадық 

 

Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан Конституциясында азаматтардың бейбіт жиындарға қатысу құқығы бар делінген. 

 

Әр адамның бейбіт жиналыстар және ассоциацияларды құру бостандығына құқығы бар.

 

(Жалпыға бірдей декларация, 20-бап)

 

 

Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митиңдер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы.

 

(ҚР Конституциясы, 32-бап)

 

Сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстандағы «Бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңы халықаралық құқыққа сай емес, адам құқығын бұзады дейді.

 

Сол заңға сай, митиң ұйымдастырушылар бейбіт жиналыс өткізетінін әкімдікке хабарлауға тиіс. 

 

Әкімдік митиңді мақұлдамаса, бейбіт жиын «рұқсат етілмеген», заңсыз болып саналады. «Рұқсат етілмеген» митиңге қатысқан адам әкімшілік жауапқа тартылады: ескерту алады не 50 АЕК (2021 жылы бұл — 145 850 теңге) айыппұл төлейді не 15 тәулікке дейін қамалады. 

 

Бізге құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль митиңде ұстау қаншалық заңды екенін, осындай жағдайға тап болғанда не істеу керегін айтып берді. 

 

МИТИҢ АЛДЫНДА ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫН АЛДЫМ. БӨЛІМШЕГЕ БАРУЫМ КЕРЕК ПЕ?

 

Құқық қорғау органы қызметкерлері азаматты (көбіне рұқсат етілмеген) бейбіт жиналыс, шеру не пикет кезінде ұстап, көлікке отырғызып, АІІБ-ге алып кетуі мүмкін. 

 

Полиция адамды митиңге жібермей, алдын ала ұстауы да ғажап емес. Мұны превентив ұстау дейді. 

 

Превентив ұстау деген — азаматтық, саяси белсендіні бейбіт жиналыс алдында, мысалы, үйден шығып бара жатқанында ұстау. Мұндай шара заңсыз. 

 

Татьяна Чернобиль

 

Әдетте алдын ала ұстау кезінде орган қызметкерлері «Құқық бұзушылықты алдын алу туралы» заңына сүйенеді. Олар адамдарды бөлімшеге апарып, профилактикалық әңгіме өткізеді. Бірақ «Құқық бұзушылықты алдын алу туралы» заңында мұндай норма жоқ және бөлімшеге күштеп апару бұлтартпау шарасы бола алмайды. 

 

Ұсталған адамға әкімшілік іс бойынша хабарлама не қылмыстық іс бойынша шақыру қағазы беріледі. Хабарламада белгілі бір мекенжайға белгілі бір уақытта келу керек екені көрсетіледі. Көбіне белсенділерді бөлімшеге бейбіт жиналыс өтетін күні шақырып жатады. 

 

ХАБАРЛАМАНЫ ЕЛЕМЕЙ, БӨЛІМШЕГЕ БАРМАСАМ БОЛА МА?

 

Хабарлама немесе шақыру қағазы дұрыс жазылғанда ғана заңды болады. 

 

МАҢЫЗДЫ: Сізге «әкімшілік құқық бұздыңыз» деп айып тағылса, шақыру қағазы емес, хабарлама беріледі. 

 

Онда шақыруға жауапты құқық қорғау органы қызметкерінің аты-жөні мен лауазымы көрсетілуге тиіс.  

 

Шақыру қағазы қылмыстық құқық бұзушылыққа ғана рәсімделеді және онда: 

 

          • қылмыстық істің нөмірі;
          • кездесуге шақырған құқық қорғау органы қызметкерінің аты-жөні мен лауазымы;
          • сізді кім ретінде (күдікті не куә) шақырғаны жазылуға тиіс. 

 

Татьяна Чернобиль:

 

Сізге әкімшілік құқық бұзушылық туралы шақыру қағазы берілсе, бұл құжаттың заңды күші жоқ екенін біліңіз. Онда кездесуге бармасаңыз, қандай жауапқа тартылатыныңыз жазылуы мүмкін. Мұндай ескерту қылмыстық құқық бұзды деп күдікке ілінсеңіз не сол істе куәгер болсаңыз ғана жазылады. 

 

МЕНІ ДӘЛ ҚАЗІР ҰСТАП ЖАТЫР. НЕ ІСТЕЙМІН?

 

Құқық қорғау органы қызметкерлері сізді шеру, пикет, митиң кезінде не оның алдында ұстаса:

 

            • Олардан қызмет куәлігін ашып көрсетуін талап етіңіз: атын жазып алыңыз. 
            • Қандай полиция бөлімшесінен екенін және өзіңізді не үшін ұстағанын сұраңыз. Айтпай жатса, талап етіңіз. Ол сізге қатысты сұрақтарға жауап беруге міндетті. 
            • Мүмкіндігінше барлығын камераға түсіріп алыңыз.
            • Туыстарыңыз бен адвокатыңызды (бар болса) ескертіп қойыңыз. 
            • Телефоннан туыстарыңызға, достарыңызға не адвокатқа GPS сигналын жіберіп көріңіз. Осылайша сізді қай бөлімге апарғанын тезірек анықтауға болады.

 АІІБ-ДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Әкімшілік құқық бұзсаңыз, бірақ әкімшілік қамаққа алынбасаңыз, онда АІІБ (Аудан ішкі істері басқармасы) сізді үш сағаттан артық ұстай алмайды. 

 

Қашан ұсталдыңыз, яғни қашан жүріп-тұруыңыз шектелді, содан үш сағат өткенде босатылуыңыз керек. 

 

Сондықтан АІІБ-ге жеткізу мен нақты ұстау уақытын көрсетіп, тіркеу журналына белгі қоюды талап етіңіз. Бақылау камераларына түсіп, бөлімшеде болғаныңызды көрсетіңіз. Бұл сізді ұстау мерзімі асып кеткенін дәлелдеуге көмектеседі.

 

Құқық қорғау органы қызметкерлері учаскеге келгеннен кейін жеткізу және ұстау туралы хаттама толтырып, онымен танысуға және қол қоюға, сондай-ақ хаттаманың көшірмесін беруге тиіс. 

 

Ұсталған адамға қатысты іс қазақ не орыс тілдерінде жүргізіледі. Бөлімшедегілердің тілін түсінбей жатсаңыз, аудармашы талап етіңіз. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ ОРЫСША МА: ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ ТІЛДЕР ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?


 

Көбіне ұсталған адамнан түсіндірме жазуды талап етеді. Бірақ әкімшілік істе мұндай құжат жоқ. 

 

Татьяна Чернобиль

 

Түсіндірме әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың бір бөлігі болуы мүмкін. Мұны «хаттамаға түсініктеме» дейді. Түсініктеме жеке құжат ретінде емес, хаттаманы толтырғаннан кейін қосымша ақпарат ретінде жазылады. Хаттамамен танысқаннан кейін азамат өз түсіндірмелерін қоса алады. 

 

Құқық қорғау органдары саусақ іздеріңізді (дактилоскопия) алса, мұнысы заңсыз екенін айтыңыз. Құқық қорғаушылар ұсталғандарды осылайша қыспаққа алып, қорқытады дейді.  

 

МАҢЫЗДЫ: қызметкерлердің ұсталған адамнан жеке куәлігін алып қоюға құқығы жоқ.

 

Татьяна Чернобиль:

 

Ұсталған адамды үш сағаттан кейін босатып, куәлігін кепілдік ретінде алып қойып жатады. Бұл — өрескел заңбұзушылық, сол үшін қызметкерді әкімшілік жауапқа тартуға болады.

 

Орган қызметкерлері хат пен фотоларыңызды көру үшін смартфонның құлпын ашыңыз деп талап етуі мүмкін. Есіңізде болсын: олар мұны прокурордың рұқсаты болса және куәгердің көзінше талап ете алады, кейін сол туралы жеке хаттама жасалады.  

 

Бұлардың бірі де болмаса телефонда не барын көрсетуден бас тартуға құқыңыз бар. 

 

Басқа да жолы бар: олар телефоныңызды жай — қайда да бір қосымша бар ма, жоқ па деп тексере алады. Қызметкерлер күдікті көрінген қосымшалар тапса да (мысалы, Signal мессенжері немесе VPN),  телефонды ашып, хаттарыңызды оқи алмайды. 

 

АДВОКАТ ҚАЙ КЕЗДЕ КЕРЕК? 

 

Әкімшілік құқық бұздыңыз деген желеумен ұсталсаңыз, қызметкерлер сізге адвокат ұсынбайды. Оны тек кәмелетке толмағандар не қабілетсіз деп танылған адамдарға ұсынады. Бірақ адвокат талап етсеңіз, олар ұсынуға міндетті.  

 

Өзіңіздің адвокатыңыз болса және оған ұсталғаныңызды хабарласаңыз, онымен кездестіріңіз деп талап ете аласыз. Ұсталған сәттен бастап үш сағат ішінде адвокатыңыз бөлімшеге келмесе, сізге мемлекеттік қорғаушы беріледі. 

 

Татьяна Чернобиль:

 

Белсенділер алдын ала адвокат тауып, келісіп, ұсталғанын оған дереу хабарларғаны жөн. Жеке адвокатыңыз болмай, мемлекеттік қорғаушы көмегіне жүгінем десеңіз, бір ойланып алыңыз. Көп жағдайда ұсталған адам өз-өзін қорғай алады, себебі мұндай ұстаулардың көбі үш сағаттан кейін, сотқа жетпей аяқталады. Алайда іс сотта қаралатын болса — мемлекеттік не жеке адвокатыңызды талап етіңіз.

 

ТАҒЫ НЕ БІЛУІМ КЕРЕК? 

 

Полицейлерге өз құқыңызды жақсы білетініңізді көрсетіп, оны бұзбауын талап етіңіз. Мұныңыз нәтиже береді. 

 

Іс сотта қаралып жатса, сізге сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сол кезде судьяға Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялағанын ескертіңіз. Бұл халықаралық құжатқа сай, азамат бейбіт жиындарға қатысуға құқылы, ал Қазақстан осы пактіге қол қоя отырып, осы құқықты бұзбауға міндеттеледі.

 


 

Фото: «Азаттық радиосы»

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/03/2021 12:04
5175 0

Уведомление