Қазақша сөйлеу керек пе, әлде орысша ма: Қазақстан заңнамасы тілдер туралы не дейді?

Тілдер туралы басты сұрақтарға жауап береміз


22/02/2021
18:04 8564 0

Қазақстан — көпэтносты мемлекет. Мұнда қазақ, орыс және басқа тілдерде сөйлейтін 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. 

 

masa.media Qazaqsha Jaz онлайн қозғалысымен бірге мемлекет тілдердің қолданыс аясын қалай қадағалайтынын анықтады. 

 

Қазақстан Конституциясында тілдер туралы не делінген? 

 

Қазақстан Конституциясының 7-бабында қазақ тілі — мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. 

 

Мемлекет елдегі өзге тілдердің дамуына да жағдай жасауға тиіс. 

 

Мемлекеттік органдар маған қай тілде қызмет көрсетуге міндетті?

 

Кез келген мемлекеттік орган (министрлік, әкімдік, полиция және т.б.) азамат қай тілде жүгінсе,  оған сол тілде қызмет көрсетуге тиіс. Мысалы, әкіммен кездескенде оған қазақша сауал қойсаңыз, ол қазақша жауап беруге міндетті, орысша хат жазсаңыз, оған жауап орысша болуы керек. 

 

Сот та істерді қазақша, орысша, қажет болып жатса басқа тілдерде қарап, шешім шығарады. 

 

Мемлекеттік емес ұйымдарда да қазақ және басқа тілдер қолданылады. Олар да сізге қалаған тіліңізде қызмет көрсетуге тиіс. 

 

Білім қай тілде берілуі керек?

 

Мектепке дейінгі мекемелерде, мысалы, балабақшада балалар қазақ тілінде, қажет болса басқа тілдерде білім алады.

 

Балалар үйінде азаматтар қай тілде білім алатынын жергілікті әкімдік шешеді. 

 

Қазақстандықтар бастауыш, орта және жоғары білімді қазақ және орыс тілдерінде, ал қажет әрі мүмкін болғанда басқа тілде алады. 

 

Барлық жерде қазақ және орыс тілдері оқытылуға міндетті пәндер қатарына кіреді. 

 

Кафе, мейрамхана, дүкендер қай тілде қызмет көрсетуі керек? 

 

Тұтынушы қай тілде көрсетілуін сұраса, сол тілде. 

 

Мемлекеттік мекеме, мейрамхана, дүкен қазақша не орысша қызмет көрсетуден бас тартса, не істей аламын? 

 

Qazaqsha Jaz мынадай кеңестер береді: 

 

  • Ең бастысы — қынжылмау және ашуланбау; 
  • Жай ғана сол мекемеден ұсыныс кітапшасын сұрап, сыпайы түрде өзіңізге қазақша не орысша қызмет көрсетілмегенін, мәселе шешілетініне үміт ететініңізді жазыңыз; 
  • Тура сол жазбаңызды мекеменің 2gis, Яндекс.Маркет сияқты платформалардағы парақшасына жазып, қалаған бағаңызды беріп кетіңіз.
  • Жағдай қайталанса, мекеме басшысына хабарласып, тұтынушы құқығын сақтауын — оған қалаған тіліңізде қызмет көрсетуін сыпайы сұраңыз. Қозғалыстың негізгі ережесі — мәдениетті әрі сыпайы болу.

 

Ал оларды жауапқа тартқым келсе, қайда барам? 

 

Мемлекеттік қызметкерді не органды жауапқа тартқыңыз келсе, онда прокуратураға барасыз. Прокуратура — осындай органдар мен полицияның заң сақтауын қадағалайтын жер. Ол тексеріс жүргізіп, жауапты мекемеге сөгіс айтуы мүмкін. 

 

Ал кафе, мейрамхана, дүкен және басқа да мемлекеттік емес заңды тұлғалардың үстінен шағымданам десеңіз, өз мекенжайыңыз бойынша сотқа барасыз. 

 

Олар кінәлі екені дәлелденсе 25 АЕК дейінгі (72 925 теңге, 1 АЕК = 2 917 теңге) көлемде айыппұл төлейді (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабы).

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

22/02/2021 18:04
8564 0

Уведомление