Мейрамхана мен кафеде қандай құқығымыз бар?

Тұтынушылар жиі қоятын сұрақтарға жауап береміз


28/04/2021
12:14 5350 0

Материалды дайындауға көмектескен адвокат Тайыр Назханов пен Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовскаяға рахмет айтамыз

 

Тағам/сусынымнан шаш шықты. Оның ақысын төлеуге міндеттімін бе? Сатушыны жауапқа тарту үшін не істеу керек? 

 

Жоқ, ақысын төлеуге міндетті емессіз. 

 

Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның 30-бабына сай, сатушы, яғни мейрамхана/кафе сақтық шараларына сай, сапалы дайындалмаған тағамды басқасына ауыстыруға не ақысын толық қайтаруға міндетті. 

 

Тағамыңыздан басқа зат (шаш, құрт) шықса, оны дәлел ретінде фото не видеоға түсіріңіз. Мейрамхана иесіне ескертіп, тағамды басқасына ауыстырыңыз не ақысын толық қайтарыңыз деп талап қойыңыз. 

 

Ал сатушыны жауапқа тартам десеңіз, сантария-эпидемиология қызметіне барып, қолыңызда бар дәлелді (чек, фото не видео, куәгерлер сөзі) көрсетіңіз. Олар мейрамханада кезектен тыс тексеріс жасайды.

 

Егер сол заттың кесірінен денсаулығыңызға зиян келсе, мейрамхана иесі медкөмекке кеткен барлық шығынды өтеуге, моральдық өтемақы мен айыппұл төлеуге міндетті. Ол үшін мекенжайыңыз бойынша аудан сотына баруыңыз керек. 

 

Ас мәзірінде не көрсетілуге тиіс?

 

Сатушы қазақ не орыс тілінде тауар туралы бар ақпаратты беруге тиіс. Сондықтан ас мәзірінде тағамның аты, құрамы, салмағы, түрі көрсетілуі керек. Басқа да ақпарат алам десеңіз, даяшыдан сұрауға хақыңыз бар. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ ОРЫСША МА: ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ ТІЛДЕР ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

 


 

Сонымен қатар тұтынушы тағам сақтық шараларына сай дайындалғанын дәлелдейтін құжаттарды, мысалы, ветеринар анықтамасын не қандай да бір сертификаттарды көрсетіңіз деп талап ете алады. 

 

Уланып қалдым. Не істеймін? 

 

Әуелі жедел жәрдем шақырып немесе ауруханаға барып, емделіңіз. Бірінші байлық — денсаулық :) 

 

Дәрігерге қайда барғаныңыз, не жегеніңізді бүге-шүгесіне дейін айтыңыз. Бұл бір жағынан өзіңізді емдеуге көмектеседі, бір жағынан медқызметкер айтқаныңызды медқорытындыға енгізеді.  

 

Енді үш жолыңыз бар: 

 

          • Осы медқорытындыны, ақы төлегеніңізді дәлелдейтін чекті алып, мейрамхана иесінің атына арыз жазсаңыз болады. Одан тағамның ақысы мен медициналық көмекке кеткен және басқа шығынды өтеуді талап ете аласыз. 
          • Егер талабыңызды орындамаса, бар дәлелді алып, санитария-эпидемиология қызметіне барыңыз. Ондағылар мейрамханаға ішкі тексеріс жүргізеді. Қандай да бір ағаттық тауып жатса, соны сотта дәлел ретінде пайданала аласыз. 
          • Сотқа шағым жазыңыз. Онда қандай мейрамханадан тамақ ішіп, уланғаныңызды, оның денсаулығыңызға қандай зияны болғанын көрсетіңіз, дәләлдеріңізді (чек, медқорытынды, санэпидқызметінің қорытындысы және тағысын-тағы), мейрамханадан не талап ететініңізді (материалдық және моральдық өтемақы) жазыңыз. 

 

Шайпұл төлеуге тиіспін бе? 

 

Жоқ, тиіс емессіз. Ешбір заңда тұтынушы шайпұл төлеуге міндетті деп жазылмаған. 

 

Егер бергіңіз келсе, қалдырсаңыз болады. 

 

Кафеде тапсырыс бермей отыра алам ба, мысалы, тек жылыну не телефонымды қуаттап алу үшін? 

 

Негізі, Қазақстан заңдарында не арнайы ережелерінде бұған тыйым салынбаған. 

 

Бірақ бізде жария келісімшарт деген бар. Оның шарттарын кафе жасайды. Кафеге келгенде не тапсырыс бергенде, сіз осы келісімшартқа қол қойған боласыз. 

 

Бірақ бұл келісімнің шарттары заңға қайшы келмеуге тиіс, мысалы, сатушы тауарды әртүрлі бағамен сата алмайды. 

 

Мейрамхана иесі келіп, тапсырыс бермей отыруға болмайды десе, демек құр отыра алмайсыз. 

 

Бірақ бұл жария келісімшарттың шарты болғандықтан, мейрамхана иесі оны белгі не жазулармен көрсетуге тиіс. 

 

Үстелге алдын ала тапсырыс берерде мейрамхананың депозит алғаны заңды ма? 

  

Заңды. Мұндайда да мейрамхана иесі не дейді, сол. 

 

Өз тамағым/сусынымды әкеле алам ба? 

 

Мұндайда да мейрамхана иесі не дейді, сол. 

 

Ит/мысығымды ше?

 

Мұндайда да мейрамхана иесі не дейді, сол. 

 

Алған тамағымның ақысын белгілі бір себепке байланысты төлей алмаймын. Не болады? 

 

Тұтынушы түрлі себепке байланысты тағам ақысын төлей алмай қалуы, мысалы, жанында не қолма-қол ақшасы, не банк картасы болмай қалуы мүмкін. 

 

Ондайда сіз мейрамхана иесіне қарызданасыз, ол сізді сотқа беріп, ақысын толықтай қайтара алады. 

 

Бірақ ешкім сізді «ақша бермей, ешқайда кетпейсіз» деп ұстап тұра, яғни бас бостандығыңызды шектей алмайды. 

 

Ыдыс-аяғын абайсызда сындырып алсам, ақысын кім төлейді?

 

Ыдысты шынымен де абайсызда, мысалы, басқа бір адам итеріп қалып, бүлдіріп алсаңыз, оған мүлік иесі жауап береді, яғни төлемесеңіз болады. Бірақ ыдыс сынғанына шынымен кінәлі болсаңыз, ақысын шу шығармай сол жерде төлей салыңыз. 

 

Алайда ыдыстың құны тым жоғары деп төлеуге келіспеуіңіз мүмкін. Ондайда мейрамхана «төлемесеңіз, шықпайсыз» деп талап қоя алмайды. Шығармай жатса, полиция шақырыңыз — «102» нөміріне қоңырау шалыңыз. Ешкім бас бостандығыңызды шектей алмайды. Бірақ мейрамхана кейін сізді сотқа бере алады. 

 

Ал сіз сынған ыдыс-аяқты фото не видеоға түсіріп алыңыз, чегіңізді сақтап қойыңыз, куәгерлердің телефон нөмірін алыңыз. Сотта пайдасы тиеді. 

 

Гардеробқа өткізген киімім жоғалып кетті. Кім жауап береді? 

 

Мейрамхана/кафе/бар. Азаматтық кодекстің 778-бабы бойынша сақтаушы сақтауға алған затқа толықтай жауап береді, яғни бүлінсе, жоғалып кетсе, ақысын мейрамхана өтеуге міндетті. 

 

Тұтынушы құқығым бұзылғанда қайда жүгінсем болады?

 

Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитет:

 

 

Ауданыңыздың сотына барыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/04/2021 12:14
5350 0

Уведомление