Кірерде сөмкемді тапсыруға тиіспін бе: Тұтынушының дүкенде қандай құқығы бар?

Тұтынушы құқығы туралы сұрақтарға жауап береміз


01/04/2021
13:00 5298 0

Дүкенде фото мен видеоға түсіруге бола ма? 

 

Болады. Түсіруге болмайды деп жатса, «Тұтынушылар құқығы туралы» заңының 24-бабының 12-тармағын көрсетіңіз :)

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАНДА КІМДІ ЖӘНЕ НЕНІ ФОТО МЕН ВИДЕОҒА ТҮСІРУГЕ БОЛАДЫ?

 


 

Сатып алмаған тауарды абайсызда бүлдіріп алсам, ақысын төлеуге тиіспін бе? 

 

Жоқ. Оған сатушы жауапты. 

 

Егер ол тауардың бүлінгеніне сізді кінәласа, оны сотта дәлелдеуі керек. Оған дейін ешқандай ақы төлеуге міндетті емессіз. 

 

Егер сатушы не күзетші «төлеңіз» деп, ешқайда жібермей тұрса, дереу «102» нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырыңыз. Ешкім сіздің бас бостандығыңызды, яғни жүріп-тұруыңызды шектей алмайды. 

 

Тауарды дүкенге қайтарып беруге бола ма?

 

Иә, болады. Тауарды қашан сатып алдыңыз, содан 14 күн өтпей апаруыңыз керек. Ал сатушы оны басқа затқа алмастыруға не ақысын толықтай қайтаруға міндетті

 

Дегенмен екі «бірақ» бар

 

            • Қайтарғыңыз келген тауардың түрі бүлінбеген, сапасы сақталған болуы керек. Жаныңызда чегіңіз болғаны жақсы, болмаса, куәгерлердің сөзі, бейнебақылау жазбалары тауарды сол дүкеннен алғаныңызды дәлелдей алады. 
            • Дәрі-дәрмек, ішкиім, шұлық, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар (мата, кілем) мен телефонды қайтарып беруге болмайды. 

 

Дүкенші тауарды басқа бағамен сатып жіберді. Не істеу керек?

 

Тауардың бағасы сөреде не заттаңбасында басқа, чекте басқа болса, полиция шақырыңыз. Бұл — әкімшілік құқық бұзу (Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 190-бабы). Кінәсі дәлелденсе, дүкен 200 АЕК-ке дейін (583 мың теңге) айыппұл төлейді. 

 

Дүкенші қайтарар ақшам жоқ деп тауарды бермей қойды. Мұнысы заңды ма? 

 

Жоқ, заңды емес. Сатушы адамды тауарды алыңыз не алмаңыз деп мәжбүрлей алмайды.  

 

Таразымен өлшеніп сатылатын тауардың қайдан, қашан келгенін, жарамдылық мерзімін білгім келеді. Не істеймін? 

 

Сатушыдан тиісті құжаттарды көрсетуді талап етіңіз. Мысалы, кәмпит алғыңыз келді. Оны кім қашан өндіргенін білу үшін бар ақпарат жазылған заттаңбаны көрсетуді сұраңыз. Ет алғыңыз келсе, сертификатын, ветеринар анықтамасын көрсетсін

 

Маңызды: сатушы сізге тауар туралы барлық ақпаратты қазақша не орысша беруге міндетті. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ ОРЫСША МА: ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ ТІЛДЕР ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

 


 

Дүкеннен алған тауардан уланып қалдым. Кім жауап береді? 

 

Сатушы халыққа сапасы тиісті, қауіпсіз тауар сатуға міндетті. Егер сот улануыңызға дүкен кінәлі деп шешсе, сатушы медициналық көмекке кеткен не басқа шығындарды өтеуге, айыппұл төлеуге міндетті. 

 

Супермаркетке кірерде сөмкемді тапсыруға міндеттімін бе? Жоғалып кетсе, кім жауап береді?

 

Сөмке не пакетіңізді тапсыруға тиіс емессіз. Тапсырыңыз деп жатса, дүкен әкімшісін, керек десеңіз полиция шақырыңыз. Сөмкеңізді қалдырасыз ба, жоқ па, ол тек өз еркіңіз.

Тапсырып жатсаңыз, есіңізде болсын, оның қауіпсіздігіне дүкен жауап береді (Азаматтық кодекстің 778-бабы). 

 

Күзетші оны тексере ала ма?

 

Жоқ. Күзетші сөмкеңізді көрем деп қоймаса, полиция шақырыңыз. Заттарыңызды құқық қорғау органдары сіз құқық бұзды деп күдіктенгенде ғана тексере алады. 

 

Тұтынушы құқығым бұзылғанда қайда жүгінсем болады?

 

Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитет:

 

  • 75–06–42; 
  • +7 (7172) 75-16-32; 
  • 74–98–32, 74–98–36; 
  • +7 (705) 110–07–57; 
  • +7 (747) 287–77–71; 
  • +7 (705) 595–59–18. 
  • Telegram боты.

Ұлттық тұтынушылар лигасы — +7 (727) 277–89–45; +7 (727) 277–83–46. 

 

Мекенжайыңыз бойынша аудан сотына барыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

01/04/2021 13:00
5298 0

Уведомление