Еңбек құқығы: Жұмысқа уақытша жарамсыздық туралы FAQ
Жұмысшыларға арналған материалдар топтамасы
МАЗМҰНЫ
- «ЕҢБЕККЕ ЖАРАМСЫЗДЫҚ ПАРАҒЫ» (ОРЫСША «БОЛЬНИЧНЫЙ») ДЕГЕН НЕ?
- ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ҚЫЗМЕТКЕР ЖӘРДЕМАҚЫ АЛА АЛАДЫ?
- ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ МӨЛШЕРІ НЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ?
- ҚЫЗМЕТКЕР БҰЛ ЖӘРДЕМАҚЫНЫ КІМНІҢ ЕСЕБІНЕН АЛАДЫ?
- ЕҢБЕККЕ ЖАРАМАЙ ҚАЛҒАНДА ҚАНША УАҚЫТ ДЕМАЛУҒА БОЛАДЫ? ҚЫЗМЕТКЕР ҰЗАҚ УАҚЫТҚА АУЫРЫП ҚАЛСА (ЖОЛ АПАТЫ, ТУБЕРКУЛЕЗ, ОНКОЛОГИЯ), ҚАНДАЙ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ?
Сарапшылармен бірге қазақстандық жұмысшылар құқы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, материалдар топтамасын дайындадық. Бұл жолы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша демалыс туралы әңгімелестік.
Мәтінді дайындауға көмектескен еңбек заңнамасы бойынша сарапшы Әсел Дюсембаева және «Ideal safety» ЖШС басшысы Дильфуза Пердебаеваға алғыс айтамыз.
«ЕҢБЕККЕ ЖАРАМСЫЗДЫҚ ПАРАҒЫ» (ОРЫСША «БОЛЬНИЧНЫЙ») ДЕГЕН НЕ?
Еңбекке уақытша жарамай қалған адамға берілетін жәрдемақы. Оны жұмыс беруші қызметкер ауырған жұмыс күндері үшін жалақы орнына төлейді.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ҚЫЗМЕТКЕР ЖӘРДЕМАҚЫ АЛА АЛАДЫ?
Ауырып, еңбекке жарамай қалса. Бірақ бұл еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен расталуы керек. Оны емдейтін дәрігер береді. Парақтың жарамдық мерзімі науқас емделуге өтініш берген күні басталып және жазылғаннан кейін бітеді. Құжат қатаң есептілік бланкісінде рәсімделеді. Бұл оның нөмірленгенін және құжат бойынша есеп жүргізілетінін білдіреді.
ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ МӨЛШЕРІ НЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ?
Қызметкердің қазір жұмыс істейтін жерінде өткен 12 айда алған жалақы мөлшеріне байланысты. Адам жыл бойы жиі ауырып, жәрдемақы алған жағдайлар кездеседі. Бұл кезде оның бір жылдағы орташа жалақысының көрсеткіші төмендеуі мүмкін. Еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы жалақы болып есептелмейді.
Сонымен бірге бір айдағы жәрдемақының мөлшері 15 АЕК-тен (41 670 теңге, 2020 жылы 1 АЕК = 2 778 теңге) аспауы тиіс.
Кейде ауырған күндер бір айдың соңғы бірнеше күніне және келесі айдың басындағы күндерге түседі. Мұндайда 15 АЕК шегі әр ай үшін бөлек қолданылады.
ҚЫЗМЕТКЕР БҰЛ ЖӘРДЕМАҚЫНЫ КІМНІҢ ЕСЕБІНЕН АЛАДЫ?
Жәрдемақы жұмыс берушінің қаражатынан төленеді.
Ол былай есептеледі: бір күндік орташа жалақы жұмыс күндерінің санына көбейтіледі (демалыс және мереке күндері есептелмейді). Жоғарыда айтып өткеніміздей еңбекке жарамсыздық парағы бір айға шаққанда 15 АЕК-тен (41 670 теңге) аспауы керек.
Мысалы, адам бес жұмыс күні ауырды.
Еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы былай саналады:
120 000 (соңғы 12 айдағы жалақы мөлшері) x 12 = 1 440 000.
1 440 000/246 (бір жылда жұмыс істеген күндер (аптасына бес күн жұмыс істесе) = 5 854.
5 854 × 5 (еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша демалыста болған күндер саны) = 29 270 теңге.
Егер қызметкер бір айдың ішінде 10 жұмыс күні ауырса, онда:
5 854 × 10 = 58 540 теңге. Бұл сома 41 670-тен жоғары (15 АЕК). Сондықтан компания айына ең көп 41 670 теңгені ғана төлейді.
Шетелде ауырып қалған дипломатия қызметкерлеріне, өндірісте жарақат алған не жұмыс кезінде ауруға шалдыққан адамдарға ғана жәрдемақы ретінде орташа жалақының 100% -ы төленеді.
Жәрдемақы төленбейтін де жағдайлар бар. Мысалы, адам еңбек не декреттік демалыс кезінде немесе қамауда отырғанда ауырып қалса, жәрдемақы төленбейді. Сонымен бірге егер қызметкер мас күйінде жұмыс орнында ауырса я жарақат алса жәрдемақы төленбейді.
Жәрдемақы еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша төленеді (ауруға байланысты демалыс). Оны дәрігер тексеріп, емдегеннен кейін рәсімдейді.
ЕҢБЕККЕ ЖАРАМАЙ ҚАЛҒАНДА ҚАНША УАҚЫТ ДЕМАЛУҒА БОЛАДЫ? ҚЫЗМЕТКЕР ҰЗАҚ УАҚЫТҚА АУЫРЫП ҚАЛСА (ЖОЛ АПАТЫ, ТУБЕРКУЛЕЗ, ОНКОЛОГИЯ), ҚАНДАЙ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ?
Егер ауру денсаулық сақтау министрі бекіткен аурулар тізімінде болса, компания еңбекке жарамсыз болған барлық күн үшін жәрдемақы төлеуге міндетті. Алайда жәрдемақы айына 15 АЕК-тен аспайды.
Басқа жағдайда ауруға байланысты жәрдемақы екі айдан артық төленбейді. Егер қызметкер екі айдан соң жұмысына оралмаса, жұмыс беруші оны жұмыстан шығаруға құқылы.
Сонымен қатар қызметкер денсаулығына байланысты физикалық тұрғыдан жұмысын толық орындай алмаса, компания оны жұмыстан шығаруы мүмкін. Мысалы, химиялық терапиядан кейін жұмысшы шахтада толық жұмыс істей алмайды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші ұйым қызметкерге толық емес немесе жеңілдетілген жұмыс ұсына алады. Жұмыс беруші басқа орын ұсына алмаса, қызметкерді жұмыстан шығаруға құқы бар.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.