Ұлттық қауіпсіздік комитеті не КНБ: бізге мұндай орган не үшін қажет?

Ұлттық қауіпсіздік деген не


14/01/2022
15:07 8716 0

UPD: Кешірім өтінеміз! 😢 Материалда қате кеткен: Кәрім Мәсімовтің орнына адам тағайындалған екен, ол — Ермек Сағымбаев, Мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы басшысы.

 

2022 жылғы газ наразылығы мен қаңтар оқиғасы тұсында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов ұсталды. Басында оған мемлекетке опасыздық жасау күдігі ілінді. Кейін үстінен «билікті басып алу» және «билігін асыра пайдалану» істері де қозғалды. 

 

Ұлттық қауіпсіздікке жауапты орган нақты немен айналысады? Президент Алматыдағы «жаппай тәртіпсіздіктің алдын алмады» деп сынаған бұл орган не үшін құрылған? Неге жұрт оны елді қорғайтын орган емес, билікке жақпайтындарды жою құралы көреді? Осы материалымызда айтамыз. 

 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген не? 

 

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен біртұтастығын сақтайтын орган. 

 


 

Ұлттық қауіпсіздік деген — мемлекеттің өзін сыртқы және ішкі қауіп-қатерден қорғай алуы. 

 


 

Органның міндеттері: 

 

  • қоғам және мемлекет қауіпсізідігін қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру; 
  • сыртқы барлау;
  • шетел тыңшыларын анықтау; 
  • сыртқа мемлекет құпиялары тарамауын қадағалау;
  • халық өміріне қауіп төндіретін, елдің экономика мен әлеуметтегі және саяси жағдайын тұрақсыздандыратын қылмыстарды зерттеу, тергеу, болдырмаумен айналысу: 

 

— президент пен Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне қауіп төндіру, оларға тіл тигізу;

— сепаратизм;

— қарулы бүлік шығару; 

— соғыс ашуды үгіттеу;

— жаппай қыруға арналған қаруларды өндіру, сақтау;

— терроризм; 

— контрабанда; 

— ұйымдасқан қылмыс.

  • Азаматтық беру процесіне қатысады; 
  • Шекара күзетеді. 

Соған сай, комитеттің түрлі басқармасы бар: «А» арнайы мақсаттағы қызметі, Үкімет байланысы қызметі, Шекара қызметі, терроризмге қарсы орталық және тағысын-тағы. 

Комитеттің басты міндеттерінің бірі — елдегі терроризм мен экстремизммен күрес. 2014–2017 жылдары қызмет елде 30 терактінің алдын алған екен. Одан бөлек, Сирия мен Иракта террорист ұйымдарға мүше болғандарды елге қайтарумен айналысады. Бұрын біз осы операция туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берген едік. Оқи отырыңыз. 

Орган басшысын тек президент тағайындай алады, алып тастайды. 

8 қаңтарда комитеттің ең кейінгі төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. Басында оған мемлекетке опасыздық жасау күдігі ілініп еді. Кейін оның үстінен «билікті басып алу» мен «билігін асыра пайдалану» істері қозғалды. Одан бөлек, Мәсімовтің бұрынғы екі орынбасары — Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин ұсталды. Оларға да осындай айыптар тағылған. 

Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәсімовтің орнына әзірге ешкімді тағайындамады. 

 

11 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлегенде президент Алматыда болған «жаппай тәртіпсіздіктің алдын алмады» деп комитетті сынға алды. 

 

«Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілетті орган ретінде деструктив іс-әрекет ұйымдастырылып жатқанын көре алмады. Ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төніп тұрғанын анықтай алмады. Шабуылды ұйымдастырушылар себеп тапса болғаны, ол себеп кез келген жағдайда пайда болар еді». 

 

Жалпы, осы уақытқа дейін комитетті 13 адам басқарып үлгерді.

 

ҰҚК төрағасы тек мемлекет басшысына есеп береді. Орган ешқандай билік тармағына жатпайды.

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БИЛІКТІҢ ҮШ ТАРМАҒЫ ДЕГЕН НЕ?

 


 

Қазақстанда мұндай меморгандар жетерлік: Бас прокуратура, Ұлттық банк, Есеп комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Олардың барлығы Тоқаевқа есеп береді. 

 


 

ҰҚК сияқты органдар басқа елдерде де бар. Мысалы, Ресейдің Федерал қауіпсіздік қызметі, Беларустың мемлекттік қауіпсіздік комитеті (КГБ), Қырғызстандағы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігі комитеті, Украинаның қауіпсіздік қызметі. 

 

Қызметі мен міндеті — мемлекет қауіпсіздігін сақтау. Барлығы тек президентке бағынады. 

 


 

Комитет мемлекеттен қанша ақша алады?

 

2021–2023 жылғы республика бюджетіне қарасақ, осы жылдары органға 910 миллиард теңгедей ақша жұмсалмақ: 2021 жылы — 352,6 миллиард, 2022 — 290 миллиард, 2023 — 267,6 миллиард теңге.

 

Ашық дереккөздерде ҰҚК қызметкерлері айына қанша алатыны туралы еш ақпарат жоқ. 

 

ҰҚК — КГБ? 

 

1992 жылы құрылған комитет 30 жыл ішінде билікке жақпайтындарды жоюмен айналысатын құралға айналды деп бірнеше рет сынға ұшырады

 

2006 жылы оппозиционер Алтынбек Сәрсенбаев және оның екі серігі Алматы іргесінде өлі табылғанда саясаткердің туыстары мен басқа да оппозиционерлер мұны ҰҚК-ден көрді. Содан кейін комитет басшысы Нартай Дүтбаев орнынан кетті. 

 

2016 жылы Дутбаев «мемлекет құпиясын жария етті» деген айыппен ұсталып, 2017 жылы 7,5 жылға абақтыға қамалды. 2018 жылы оған билігін асыра пайдаланды, заңсыз келген қаражат не мүлікті заңдастырды деген айыптар тағылып, түрме мерзімі 12 жылға дейін ұзарды. Екі жылдан кейін ерте босап шықты. 

 

2007 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне «Арыстан» арнайы жасағы қызметкерлерінің (Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кіреді) қатысы бар болып шықты

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАСТАНДЫҚПЕН ӨЛТІРІЛГЕН АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫ КІМ?

 


 

Адам құқығы жөніндегі бюроның басшысы, құқық қорғаушы Евгений Жовтис ҰҚК-нің басты міндеті — мемлекет қауіпсіздігін қаматасыз ету болса да, органның тек әуресі — билікті қорғау, оның айтқанын орындау дейді. 

 

— Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызмет түрі, қоғаммен қарым-қатынасына қарай отырып, оның тоталитар және авторитар мемлекеттің структурасы екенін көруге болады. 

 

Орган баяғыда саяси, соның ішінде оппозицияны басып-жаншу құралына айналған. Мұнысы жағынан комитет бұрынғы кеңестік Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне (орысша КГБ) ұқсайды. 

 

Десе де, Жовтис бұл мұндай орган бізге қажет емес дегенді білдірмейді дейді.


— Қанша жерден биліктің қолшоқпары болса да, ҰҚК бізге керек. Сырттан да, іштен түрлі қауіп төнуі мүмкін. Бізге басқа ел шабуы, елімізден де көптеген радикал табылуы мүмкін. Мұндайда, әрине, бізге ұлттық қауіпсіздік органдары қажет. Алайда олардың қызметін парламент не басқа да органдар қадағалап отыруға тиіс.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

14/01/2022 15:07
8716 0

Уведомление