15 жыл бұрын қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлы кім?
Оппозиционердің өмірі мен өлімі
2006 жылы 13 ақпанда бұрынғы ақпарат министрі, оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы күзетшісі және жүргізушісімен бірге Алматы іргесінде өлі күйінде табылды.
Сәрсенбайұлын өлтіргендер сотталғанмен оппозиционердің жақтастары бұл ресми қорытындыға сенбейді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы деген кім? 12 жыл бойы мемлекеттік қызметте болған адам неліктен оппозицияға өтті?
ОППОЗИЦИОНЕР БОЛҒАНҒА ДЕЙІН
Бірінші мемлекеттік лауазымға дейін Алтынбек журналист боп жұмыс істеді. Әуелі ҚазТаг-тың, кейін «Өркен», «Арай» деген газет-журналдың редакторы болды.
1992 жылдан 2004 жылға дейін түрлі мемлекеттік лауазымда қызмет етті: президент пен үкімет аппаратында жұмыс істеді, төрт рет баспасөз министрі (бұл министрліктің атауы 1993–2004 жылдар аралығында өзгеріп отырды), Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2004 жылы министр боп жүргенде 100-ден астам оппозициялық газеттің тіркелуіне рұқсат берді.
2004 жылы саясаткер «Ақ жол» партиясының тең төрағасы болды. Сол жылы партия парламент сайлауда 12 % дауыс жинап, заң шығарушы органнан тек 1 орын ала алды. Алтынбек сайлау өтірік өтті деп, мемлекеттік қызметтен кетті.
2005 ЖЫЛДАН ӨЛІМІНЕ ДЕЙІН
2005 жылы партиядағы жақтастарымен келісе алмай бұрынғы министр өз партиясын — «Нағыз Ақ жолды», бірнеше оппозициялық партиямен бірге «Әділетті Қазақстан үшін» блогын құрды. Сол коалицияның атынан Жармахан Тұяқпаев 2005 жылы президент сайлауға түсіп, 6,6 % дауыс жинады. Оппозиционерлер сайлау қорытындысын мойындамады.
2007 жылы Қазақстанда саяси блоктар сайлауға түсе алмайды деп заңға өзгертулер енгізілді.
2005 жылы Алтынбек «”Хабар” агенттігі Дариға Назарбаеваға қарайды, сол агенттік арқылы жекеменшік «Еуразия» бірінші каналы мемлекет бюджетінен қаржыландырып отыр, бұл — мемақшаны жымқыру» деп журналистерге сұхбат берген. Агенттік сол сөзі абыройымызға кір келтірді деп оппозицонерді сотқа беріп, одан 50 миллион теңге төлеуін талап етті. Сот Сәрсенбайұлы 1 миллион теңге төлейді деп шешті.
Алтынбек Сәрсенбайұлы (сол жақта) мен Заманбек Нұрқаділов (оң жақта). Фото: voxpopuli.kz
Сол жылдың қарашасында Назарбаев режиміне қарсы шыққан Заманбек Нұрқаділов көз жұмды. Ресми мәлімдеме бойынша ол өз-өзіне қол салған. Үш ай өткеннен кейін Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі кісі қолынан қаза тапты.
ӨЛІМІ
2006 жылы 11 ақпанда Сәрсенбайұлы, күзетшісі Бауыржан Байболсын мен жүргізушісі Василий Журавлев іс-түссіз жоғалып кетті. Екі күн өткеннен кейін үшеуінің денесі Алматының іргесінде табылды. Олар қолы байланып, желкесінен атылған екен.
Оларды өлтірді деп оппозиционердің жақтастары мен БАҚ билікте отырғандар мен ҰҚК-ны (КНБ) айыптады. Содан кейін ҰҚК-нің басшысы Нартай Дүтбаев оставкаға кетті.
Алтынбек Сәрсенбайұлының жаназасы. Фото: voxpopuli.kz
25 ақпанда осы істің басты күдіктісі ретінде Сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев тұтқындалды. 2 наурызда Өтембаев Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, Сәрсенбайұлы мен оның екі серігін өлтіруге тапсырыс бергенін мойындады: ол Алтынбекке өзі туралы бірнеше сыны үшін өшіккенін, бұл қадамға еш қысымсыз барғанын жазған.
Тапсырысты орындағандар бұрынғы ІІМ офицері мен «Арыстан» арнайы жасақтың қызметкерлері болып шықты.
Сол жылдың жазында Өтембаев 20 жылға бас бостандығынан айырылды, ал тапсырысты орындаушы Рүстем Ибрагимов өлім жазасына кесілді, бірақ бұл жазаға мораторий жариялағандықтан, өмір бойына абақтыға қамалды. Жалпы, осы іс бойынша 10 адам сотталды.
2014 жылы Ибрагимов Алтынбекті өлтір деп Өтембаев емес, Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев айтты деп бастапқы сөзінен айнып мәлімдеме берді. Содан кейін Өтембаев түрмеден босап шықты. Ол абақтыда сегіз жыл отырды.
Кейін Әлиев «Крестный тесть» кітабында Сәрсенбайұлын өлтірмегенін, нағыз кінәлілерді биліктің жоғарғы жағынан іздеу керегін жазды.
Фото: azattyq.org
Пікірлер жоқ.