ҚазҰУ «студенттерінің пәктігі» туралы тізім: Университет басшылығы «журналистерді кіргізбеу» туралы нұсқау берген
Ректорат ешқандай шағым жоқ дейді, студенттер тізім туралы білмейді
Әл-Фараби атындағы қазақ улттық университетінің механика-математика факультетінің «студенттердің пәктігі» жөніндегі жеке деректері жарияланған. Бұл жөнінде Qumash телеграм арнасында хабарлады.
14 ақпанда Masa Media тілшісі университет басшылығы және студенттермен тілдесу мақсатында оқу орнына барды. Факультет өкілдері басшылыққа сілтеп, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Күзетші Қуат Қырықбаев басшылықтан «ішке журналистерді кіргізбеу» туралы нұсқау түскенін айтты.
Фамилиясын айтудан бас тартқан Нартай есімді ректорат күзетшісі университеттің баспасөз қызметінің өкілі Алмат Исаділдің шықпайтынын мәлімдеді. Исаділ оған телефон арқылы журналистер сұрағына Жастар ісі бойынша департамент басшысы Жұлдыз Дәпенова жауап беретінін жеткізген. Masa Media тілшісінің “Дәпеновамен қалай байланысуға болады?” деген сұрағына күзетші оның ұялы телефоны жоқ екенін, жұмыс телефонын ешкімнің көтермейтінін айтты. Біраз уақыттан кейін “Жұлдыз Дәпенова қазір өзге БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп жатыр, қашан келетіні белгісіз” деді.
Мasa Media тілшісі сөйлескен механика-математика факультетінің студенттерінің кейбірі жарияланып кеткен жеке деректер жөнінде білмейтінін айтса, енді бірі тізімді көріп, таң қалғанын жеткізді. Бірақ барлығы студенттер чатында флюрографиядан өту туралы тізім тарағанын растады.
– Тізімді көріп, таң қалдым. Бізді осыған байланысты деканатқа шақырып, ешқандай жиын өткізген жоқ. Мүмкін қыздарды шақырған шығар. Ол жерде негізінен қыздардың аттары ғой, – деді аты-жөнін атағысы келмеген факультет студенті.
«Мехматта» оқып жатқан қыздарды да сөзге тартып көргенімізде, олар әзірге деканат тарапынан ешқандай жиын, ескерту болмағанын айтты.
Азаттық радиосына университет өкілі жарияланып кеткен жеке деректерге байланысты «студенттер тарапынан ешқандай шағым түспегенін» мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРДІ САЙЛАУҒА ҚАТЫСУҒА "МӘЖБҮРЛЕУДЕ"
Аталмыш жағдайға байланысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те түсініктеме берген. Ол жеке деректердің жарияланып кетуі заңсыздық екенін айтып, мәселе бақылауға алынғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ТҮК БІЛМЕЙТІН ҚАЗҰУ БАСШЫЛЫҒЫ, ҚАЙТА ЖҰМЫСҚА АЛЫНҒАН МҰҒАЛІМ, ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТКЕН ДЕКАН
Университет басшылығы бұл факт бойынша қызметтік тексеріс тағайындалғанын хабарлаған.
– Университетке медициналық қызмет көрсететін Smart Health University ЖШС 2024 жылы 6 ақпанда "WhatsApp мессенжері арқылы флюрографиядан өтпеген механика-математика факультетінің студенттерінің тізімі жазылған құжаттарды Excel форматы арқылы жіберген. Алайда құжаттарда студенттердің аты-жөні туралы ақпараттан бөлек, дәрігерлік құпия саналатын мәліметтер де болған. Бұл факт бойынша 2024 жылы 14 ақпанда қызметтік тексеріс тағайындалды және студенттердің құқықтарын қамтамасыз ету үшін Алматы қалалық прокуратурасына жөнелтілді, – деп жазылған Qumash телеграм арнасына жариялаған университет жауабында.
13 ақпанда Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі старосталар чатына 200-ге жуық студенттің жеке дерегі жазылған құжат жіберілгені жөнінде ақпарат тараған. Онда студенттердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірлерінен басқа гинекологиялық деректер (оның ішінде студенттердің пәктігі жөнінде мәлімет те бар) болған. Кейін бұл дерек мессенжерлерде тараған.
Пікірлер жоқ.