«Аборт жасатпасаң, миыңа ине салып өлтіреміз»: Шыңжаңда лагерьге қамалмай қысымға ұшырағандардың әңгімесі
Шыңжаңдағы «саяси түзеу» лагерьлерінен тыс өмір
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары кейінгі 10 жылда көрші Қытай Шыңжаң аймағындағы түркі тілдестерді қудалап жатыр дейді: 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және тағы басқасы сот шешімінсіз қамауда отыр. Әйелдер жасанды түсік жасатуға мәжбүр, азаматтар органдарға шақырылып тергеледі, жүріп-тұруы қатаң қадағаланады. Тіпті үйге жайғасып, келген-кеткенді бақылап отырады екен.
Басында Қытай билігі ешқандай лагерь жоқ, әйелдер жасанды түсік жасатпайды деп сендірген, бірақ кейін лагерь барын, аймақта туу деңгейі төмендегенін мойындады. Десе де, Пекин «лагерьде тұтқын жоқ, тек “экстремизмге бейім” азаматтарды қайта тәрбиелеп жатырмыз», ал туу деңгейінің төмендігі діни экстремистермен күрес пен экономика дамығанының арқасы деп отыр.
masa.media Шыңжаңнан әрең дегенде көшіп келген екі қазақ әйелінен сұхбат алды. Олар бізге қалай жасанды түсік жасатуға мәжбүр болғанын, қалай «ертең қайда оянамын» деген үреймен өмір сүргенін айтып берді.
Бұрын бізге сол лагерьде тұтқын болған, Қазақстаннан саяси пана таба алмай, Швецияға кетіп қалған Сайрагүл Сауытбай сұхбат берген еді. Оқи отырыңыз.
«Баламды көз алдымда бөлшектеп алып тастады»
Есімім — Гүлнар Өмірұзақ. Жасым 42-де. Іле-Қазақ аутоном облысы, Шапшал ауданы, Сегізсұмын ауылының тұрғыны болдым. Қазір Қазақстанда тұрам — ықтиярхат иесімін. Үш балам бар.
Қазақстанға алғаш рет 2015 жылы туыстарымды көрем деп келгенмін. Ауылға қайтқанда жергілікті сақшылар (полиция — ред.) келіп, менің, күйеуім мен екі баламның құжатын алып кетті. Себебін ешкім түсіндірмеді. Десе де, үндемей біраз уақыт өз ісімізбен айналысып жүре бердік.
Құрсағыма төртінші балам бітіп, ішім қатты білінбесін деп көшеге көп шықпай жүрдім. Жыл сайын өтетін медтексеруге барғанымда дәрігерлер жүкті екенімді біліп қойды.
Қытайда 1979 жылы «Бір отбасы — бір бала» деген саясат жүзеге асырыла бастады. Соның аясында бір отбасының тек бір баласы болуға тиіс еді. Екі не одан көп баласы бар қытайлықтар айыппұл төлейтін. 2015 жылы бұл тыйым алып тасталды. Бірақ кейінгі жылдары Шыңжаңдағы халыққа қысым күшейген сайын бала туу да бақылауға алынған. Әйелдерді жыл сайын медтексеруге шақырып отырған. Арасынан біреудің жүкті екенін білсе, әкімдіктен адамдар келіп, аборт жасатқызған не айыппұл төлеткен.
Зерттеулерге сенсек, осының кесірінен Шыңжаңда туу деңгейі қатты төмендеген.
Кейін Жоспармен туу мекемесінің қызметшісі мен әкім келіп, үш күн ішінде баланы алдыру керегін айтты. «Аборт жасатпасаң, миыңа ине салып өлтіреміз» деді. Төбемнен жай түскендей болды, көтергеніме төрт ай болған баламды қимай жыладым. Айналамызда болып жатқан адам төзгісіз жайттардан соң қарсылық білдіруге қорықтық.
«Аборт жасатпасаң, миыңа ине салып өлтіреміз» деді. Төбемнен жай түскендей болды, көтергеніме төрт ай болған баламды қимай жыладым. Айналамызда болып жатқан адам төзгісіз жайттардан соң қарсылық білдіруге қорықтық.
Ертеңіне олар мені аудан ауруханасына апарып, бес-алты тал дәрі берді. Бала өсіп қалғандықтан түспей қойды, қатты қиналдым. Олар мені басқа ауруханаға апарып, ота жасады: баламды көз алдымда бөлшектеп алып тастады.
Операция аяғында жатырыма бала тууға қарсы түйреуіш салып қойды. Денсаулығым қатты нашарлап, психологиялық тұрғыдан күйзелдім. Кейін тағы бір тексеруден өткенде дәрігерлер жатырымда ісік барын айтты. Оны емдей алмадық: ақшамыз жетпеді.
2017 жылғы қаңтарда Жоспарлы туу мекемесінен келіп, үшінші баламды дүниеге әкелгенім үшін 18 400 юань (ол кезде бұл 883 200 теңге еді) төлеу керегін айтты. Қарыз алып, әйтеуір дегенде өтедік.
Жыл аяғында бүкіл отбасымызбен бірге Қазақстанға көшеміз деп шекараға бардық. Екі қазақ сақшысы еш себебін айтпастан, жолдасым Бақытәліні қолын қайырып бір көлікке, мені балаларыммен бірге екінші көлікке отырғызып, полицияға алып кетті. 18-ден асқан қызым, күйеуім үшеуімізді жеке-жеке кіргізіп, тергеді.
Онда күйеуім екеуімізге «Қазақстанға не үшін бардыңдар?», «Немен айналыстыңдар?», «Қазақстан күмәнді мемлекет екенін білесіңдер ме?», ал қызыма «Неге ата-анаңа Қазақстанға бармайық деп айтпадың?» деп қайта-қайта сұрақ қойып, дауыс көтеріп, қысым көрсетті.
Мені балаларыммен бірге үйге қайтарып жіберді де, жолдасымды алып қалды. Шыққан бойда Құлжаға такси жалдап, туыстарыма кетіп қалдық. Ертеңіне Бақытәліні лагерьге алып кеткенін естідім.
Үш-төрт айдай Құлжада тұрдық. Сол кезде тұрғындар қайда тіркелсе, сонда тұруы керек деген бұйрық шықты. Ауыл әкімі Құлжа әкімдігіне келіп, мені күмәнді азамат деп, үш күн ішінде үй тауып, Сегізсұмынға көшуге тиіс екенімді айтты.
Көштік. Бізді тексеру, бақылау күшейді. Үйімізге келіп, бейнебақылау камерасын орнатып кетті. Күнде екі адам (бір қытай, бір қазақ) келіп қонып, кіммен араласатынымызды бақылады. Екі жыл осылай жүрдік.
Ауыл әкімдігіне барып, күніне сегіз сағат сабақ оқитынбыз. Сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін жасырын жиынға қатысатынбыз. Күндіз Қытай саясатын үйреніп, Коммунистік партияны мақтасақ, ал кешкісін балаларымызға қытайша тәрбие беруді, дін, тіл — барлығы қытайша болуы керек деп оқытты. Барлық жерге камера орнатылғандықтан қимылдауға мүмкіндік болмады. Маған «жолдасыңды дұрыс жолға салмадың» деп, оның орнына кешірім сұратып, Қазақстанды жамандатып, Қытай билігін ұлықтатып хат жаздыратын. Арасында лагерьге барып, жолдасымның жағдайын біліп тұрдық.
Маған «жолдасыңды дұрыс жолға салмадың» деп, оның орнына кешірім сұратып, Қазақстанды жамандатып, Қытай билігін ұлықтатып хат жаздыратын.
Бақытәлі лагерьден бір жылдан кейін ауыр халде шықты. Ондағылар ұрып-соғып, «жолбарыс үстелге» отырғызып қинапты.
Шыңжаң лагерьлерінде тұтқын болғандардың сөзінше, ондағы күзетшілер дегеніне бағынбағандарды «жолбарыс үстелге» отырғызып жазалаған. Аяқ-қолын байлап, төбесінен жарық жағып қойып, 78 сағат бойы бақылап тұрған. Не тамақ ішуге, не ұйықтауға, не дәретханаға шығуға рұқсат бермеген.
Ол шыққан соң тоғыз ай бойы сабаққа бірге барып жүрдік. Осы уақыт аралығында ол әкімдікке барып, әйтеуір дегенде өзінің және үлкен қызымның құжаттарын қайтарып алды.
Бақытәлі Қазақстанға өтіп кетті. Барған соң қатты ауырып жүре алмаған. Жолдасымды алып қайтамын деп сылтауратып, туыстарым арқылы әкімдіктен 15 күнге рұқсат алдым. Құжаттарымды берерде «Қазақстанға барғанда Қытайдағы жағдайды айтпайсың, айтсаң, қай жерден болсын тауып аламыз» деп айтып, бір қағазға қол қойдырды. Мен тез арада виза аштырып, 2019 жылғы қарашада балаларыммен бірге Қазақстанға келдім. Содан бері Қытайға оралмадық.
Қазір Алматы облысында тұрамыз. Мұнда басында біраз уақыт тыныш жүрейік деп сыртқа шықпадық, ешкіммен араласпадық. Енді ғана атымызды жасырмай, Қытайдағы заңсыздықты халыққа айтып жүрміз. Жолдасым медициналық көмек алды. Ал өзімді жатырдағы ісік әлі күнге дейін мазалайды, бірақ емге ақшамыз жоқ. Туыстарымыздың бәрі Қытайда. Оларға зиянымыз тимесін деп хабарласпаймыз.
«Басымнан өткендер қорқынышты түс сияқты»
Есімім Сезім (атын кейіпкердің өтінішімен өзгерттік). Жақында 40-қа толдым. Қытай саясатынан жәбір көріп, құрсағындағы баласынан айырылған анамын.
Қазақстанға алғаш рет 2017 жылы келдім. Жолдасым Серік 2009 жылдан бері осы жердің азаматы. Қазақстанға екінші рет барарда сақшылар (полицей — ред.) үш айда бір келіп, тіркеліп кетуің керек деп айтты. Егер келмейтін болсам, ағам арқылы хабарласатынын ескертті. Амал не, келісім бердім.
Қазақстанда екі баламды мектепке берген едім. Тіркеліп келеміз деп оларды алып, Қытайға бардым. Сақшы телефонымда шетел қосымшасы — WhatsApp бар деп, оны тексеруге алып кетті, кейін құжаттарымды тартып алды.
Бірнеше рет сақшыларға барып, құжаттарды қайтаруды өтіндім. Бермей қойды. Бір күні басышлар балаларымды жергілікті мектепке бер деді де, олардың да құжаттарын тартып алды.
Кейін жүкті екенімді біліп, аман-сау тұрғанда Қазақстанға қайту керегін түсіндім. Бірақ сақшылар құжаттарымды қайтармай қойды.
Бір кезде түн ортасында үш қазақ сақшысы «Тез киін, сені ауруханаға апарамыз» деп, алып кетті.
Сол кездері аласапыран заман болатын. Сақшылар қалаған уақытында үйіңе баса-көктеп кіріп, алып кететін. Олардың айтқанына барлығы қорыққаннан көнетін. Бәріміз «ертең үйде оянамын ба» деген үреймен өмір сүретінбіз.
Сол кездері аласапыран заман болатын. Сақшылар қалаған уақытында үйіңе баса-көктеп кіріп, алып кететін. Олардың айтқанына барлығы қорыққаннан көнетін. Бәріміз «ертең үйде оянамын ба» деген үреймен өмір сүретінбіз.
Дәрігерлер жүкті екенімді білгеннен кейін Жоспарлы туу мекемесінен келіп «құрсағыңдағы бала артық, аборт жасат» деді. Баланың әкесі Қазақстан азаматы, бәрібір мұнда босанбаймын деп, біраз қарсылық білдірдім.
Бір күні қыстақ әкімі түн ортасы келіп, ауыл әкімдігіне әкетті. Барсам ағам Айдар сонда отыр екен. Оған «Қарындасым басшылық айтқанын істемесе, бүкіл жауапкершілік менің мойныма түседі» деген құжатқа қол қойдырды.
Жақындарыма зияным тимесін деп аборт жасаттым. Психологиялық тұрғыдан қатты күйзелдім.
Бір аптадан кейін есімнен танып қалдым. Мұнда ешбір емхана жеке куәліксіз қарамайды. Туыстарым жағдайымды қыстақ әкіміне хабарлайды. Әкімнің қол астындағылары мені ауруханаға апарды.
Ем ақысын ағама төлеткен көрінеді. Төрт-бес күннен кейін үйге оралғанымда, әкім хабарласып, туберкулезге шалдыққанымды, егер сенбейтін болсам, басқа жаққа апарып тексеретінін айтты. Мен, әрине, сенбедім.
Келесі күні мені толық тексеруден өткізіп, рентген жасады. Дәрігерлер диагнозым туберкулез емес, жай өкпе қабынуы екенін айтты. Ауыл әкімі оған сенбей, басқа ауруханаға бардық. Ондағы қазақ дәрігері де алаңдайтын жағдай емес екенін айтты. Диагноз әкімге ұнамады.
Ертеңіне ауылдағы аурухана басшысы хабарласып, сонда емделуім қажет екенін айтты. Айтпақшы, сол күні ағамды лагерьге алып кеткенін білдім.
Дәрігерлер туберкулездікі деп үлкендеу қызыл дәрі берді. Ауруханада қалмаймын, туберкулезім жоқ деп қарсылық білдіріп, үйге кетіп қалдым. Сонда медбике болып істейтін сіңлім Айданаға қысым жасалған екен. Оған дәрі ішуімді бақылауды тапсырыпты. Айдана маған жылап хабарласып, емханаға келуді сұрады.
Оған зияным тимесін деп ауруханаға бардым. Дәрігерлердің барлығы ауылдастарым ғой. Олар «дәрінің әсері мықты, ішпе» деп, қолыма графа беріп, «тек толтырып отырсаң болды» деді. Қуанып, алғысымды айттым. Сөйтіп, дәріні дәретханаға тастап отырдым.
Дәрігерлердің барлығы ауылдастарым ғой. Олар «дәрінің әсері мықты, ішпе» деп, қолыма графа беріп, «тек толтырып отырсаң болды» деді.
Бірде ауыл әкімі келіп, маған бар айтқанды орындап, Қазақстанға барма деп бұйырды. Қарсылассам, лагерьге кететінімді айтты. Мұнысынан аурухана басшысы қорқып, «бүгіннен бастап ешқайда шықпайсың, ауруханада боласың» деді. Сақшылар ауруханаға да қалаған уақытында келіп, тексеріп жүрді.
Ауруханадан шыққанда биліктегілер мені тексеріп тұруға төрт қазақ пен бір қытайды тағайындады. Үйге кезекпен келіп отырды. Жақындарым қорыққасын маған жоламады. Оларға барайын десем, рұқсат алу қажет болды: аудан шеңберінен шығуға тыйым салынған еді.
Бір күні басшылар ағам жатқан «саяси түзеу» лагеріне апарды. Олар ештеңеге алаңдамауды, жоғарыда отырған басшылармен видео арқылы сөйлесетінімді және бұл шетелге кететін ең соңғы мүмкіндік екенін айтты.
Лагерьге кіргенде толық тексеріп, металы бар барлық затымды алып қойды да, бір бөлмеге кіргізді. Онда әйелі Қазақстан азаматы бір жігіт пен жолдасы Қазақстанға кетіп қалған әйелді алып келді. Екеуі лагерьде тұтқында екен.
Бізді бір-бірден ішкі бөлмеге кіргізді. Онда телевизор және микрофон болды. Бір кісі қытайша сөйлеп, арғы жағынан аудармашы аударып отырды. «Атың кім? Қазақстанға неше рет бардың? Бізге не талабың бар?» деп сұрақ қойды. Мен бәріне жауап беріп, екі баламмен бірге кетуім керегін айттым. Іште ағамды көріп қалам ба деп жан-жаққа қарап тұрдым. Көре алмадым.
Лагерь толық торланған, үш қабатты ғимарат. Тұтқындар бірдей ақ пен көк араласқан спорт киім киіп жүр. Мен тек сыртта жүргендерді көрдім. Бәрі бір сызықпен жүрді, қасында қаруланған сақшылар болды.
Лагерь толық торланған, үш қабатты ғимарат. Тұтқындар бірдей ақ пен көк араласқан спорт киім киіп жүр. Мен тек сырттағаларын көрдім. Бәрі бір сызықпен жүрді, қасында қаруланған сақшылар болды.
Бір айдан кейін сақшылар мені мен екі баламды шекараға апарып тастады. Онда лагерьде кезіккен жігіт те болды. Сақшылар маған «өз еркіммен жасанды түсік жасаттым», «Шыңжаңда бәрі бұрынғы қалпында, лагерь жоқ» деген құжатқа қол қойдырып алды. Сөйтіп шекарадан өттік.
Қазақстанда шынымен туберкулезге шалдықтым. Алты ай емделіп, сауығып шықтым. Кейін ҚР азаматтығын алдым. Жұмыс болмағаннан қаржы жағынан қиналдық. Балаларым мектепке барады, оқу үлгерімі жақсы. Бар туысым Қытайда, бірақ оларға көп хабарласпаймын. Өздері де қорқады. Амал нешік. Өмір жалғасып жатыр. Басымнан өткендер қорқынышты түс сияқты.
Иллюстрация: Аксиния Леонтьева
Пікірлер жоқ.