Сайрагүл Сауытбай: «Өз еліңнен емес, өзге елден пана табудан артық қорлық болмас»

Қытай саяси лагері мен Қазақстандағы тергеуден кейін Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбай masa.media-ға сұхбат берді


02/10/2020
09:46 77188 0


 

Сайрагүл Сауытбай — Қытай «қайта тәрбиелеу лагерьлері» деп атайтын жерде тұтқында болған, кейін сол жерде көрген тауқыметін дүниежүзі қауымдастығына айта білген адамдардың бірі. 

 

«Қайта тәрбиелеу» немесе «саяси түзеу» лагерьлері Қытайдың Шыңжаң аумағында орналасқан. Онда Қытай билігі жергілікті мұсылман тұрғындарды — ұйғырларды, қазақтарды, қырғыздар мен дүнгендерді сот шешімінсіз ұстап отыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ондағы тұтқындар саны 1 миллионнан асады. 

 

Қытай билігі мұндай лагерьлерді бірнеше жыл жасырып келген, бірақ кейін оны дүниежүзі біліп қойғаннан кейін мойындады. Десе де, Пекин «ол жерде Шыңжаң тұрғындары тұтқында отырған жоқ, тек “экстремизмге бейім” азаматтарды қайта тәрбиелеп жатырмыз» деп сендіріп әлек. 

 

Ұлты қазақ Сайрагүл сол жердегі тұтқындарға қытай тілінен сабақ берген. Кейін Қытай билігі мені де лагерьге қамап тастайды деп Қазақстанға заңсыз келеді. Өзінің сонда көрген қорлығын айтып, елдерді Қытай жасап отырған «геноцидпен» күресуге үндеді. 

 

Сауытбай қазір Швецияда тұрады. Қазақстаннан саяси пана сұрап еді, бермеді. Жақында Қытай лагерьлері туралы «Бас куәгер» деген кітабы шықты. «Бұл — менің Қытай саясатымен күресімнің бір бөлігі ғана» дейді ол. 

 

Біз биылғы жазда Сайрагүлмен байланысқа шығып, сұхбаттасуға келістік. Оның бір шарты болды — сұрақтарымызға тек WhatsApp арқылы жауап береді. Қауіпсіздігі үшін телефонмен және Skype-пен сөйлеуден бас тартты. 

 

Назарыңызға Қытайда басқа халық өкілі болғаны үшін қайта тәрбиелеу лагерінде отырып шыққан Сайрагүлдің бізге берген сұхбатын ұсынамыз. 

 

ӨЗІ ТУРАЛЫ 

 

Фото: haaretz.com

 

Мен 1976 жылы 16 қыркүйекте Шығыс Түркістанның солтүстігіндегі Іле Қазақ автономиялық облысында туып-өстім. Ата-бабамыз осы жерде қаншама жыл бойы тұрып келеді. 

 

Лагерьге түсерден бұрын мемлекеттік балабақшада директор болып жұмыс істейтінмін. Жұбайым да білім адамы, оқытушы еді. Кейін денсаулығына байланысты зейнетке шықты. Ол және екі балам — қазір Қазақстан азаматы. 

 

Басқа да туыстарым бар, бірақ қауіпсіздігі үшін олармен бар байланысымды үздім. 

 

Біз тұрған жер Шығыс Түркістан байтақ әрі жерасты байлығы мол жер еді. Соны толық иемдену үшін Қытай билігі сол жерде тұрып жатқан түркітілдес халықтарды қудалай бастады — ұлттық мектептерімізді жойып, бәрін қытай тілінде сөйлейтіндей қылды. 

 


 

Шығыс Түркістан (Ұйғырстан) — Қытайдың солтүстік-батысындағы өлке. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округі (оған Іле Қазақ облысы кіреді) сонда орналасқан. Халқының жартысынан астамы — түркітілдес халық: ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар мен дүнгендер.  

 

Бұл аумақ мұнай мен газға бай. Өңір экономикасының жартысынан астамы «қара алтын» өндірісіне тиесілі. 

 


 

2000 жылдары-ақ жауыз Қытай билігі ақырындап біздің тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді жоюды бастады. Мысалы, балабақшада мұғалім қазақша сөйлеген кіші ұлымның аузын желімдеп тастаған. Тек менің баламды емес, кластағы басқа балаларды да солай жазалаған. 

 

ҚЫТАЙДЫҢ «ТҮЗЕУ» ЛАГЕРЬЛЕРІ ТУРАЛЫ

 

2016 жылы осындай жағдайлардан кейін отбасымызбен Қазақстанға қоныс аудармақ болдық. Бірақ жұбайым мен екі балам кетіп, мен қалып қойдым. Себебі Қытайдың құзырлы органдары паспортымды тартып алған еді. 

 


 

Сайрагүл Израильдің Haaretz басылымына берген сұхбатында Қытай 2014 жылы Шыңжаң тұрғындарының құжатын жинай бастағанын айтты. 

 


 

Одан кейін Қытай билігі отбасыммен қауышуға мүлдем мұрша бермей жүрді. Ақырында олар мені де «фашистік концлагерьге» апарып, қамалғандарға қытай тілінен сабақ беретін мұғалім қылып істетіп қойды. Бас тарту былай тұрсын, бір ауыз сөз айтсаң, бітті, өміріңе қауіп төнеді. 

 

Лагерьдің әр жеріне бақылау камералары орнатылған. Солар арқылы әр қимылымыз 24 сағат бойы бақыланып отырды. Күлуге де, жылауға да тыйым салынған еді. Ережені бұзсаң, жазаланасың. 

 

Таңертең бәріміз 6-да тұрып, таңғы ас ішетінбіз. Күніне үш рет тағам беретін. Сонда беретіні — бір шөміш күріш сорпасы, бір тілім нан. 

 

Таңғы астан соң Қытайдың дәстүрі, тарихы мен тілін, Коммунистік партияның идеологиясын оқимыз. «Мен қытаймын, соған мақтанам, Коммунистік партия жасасын, Ши Жиньпин (Қытай Халық Республикасының басшысы — ред.) жасасын» деген сияқты алуан түрлі ұран жазылған қағазды басымызға көтеріп, тоқтамай қайталаймыз. Түстен кейін соларды жырлайтын, ұлықтайтын әндер айтып үйренеміз. Содан соң жасамаған қылмысымызды «еске түсіріп», қағазға жазып, мойындауға мәжбүр боламыз. 

 

Фото: azattyq.orq

 

Титтей нәрсе үшін де жазаланасың. Қамалғандарға ине салып, дәрі береді. Бұл ине-дәрі адам денсаулығына өте қауіпті — олар әйелдерді бала сүю қабілетінен айырып, адам ғұмырын қысқартады. 

 

Одан қалса, бақылау камерасы жоқ қара бөлмеде тұтқындардың тырнағын жұлып, шегелі орындыққа отырғызып, ток таяқпен ұрады не ток орындыққа отырғызады. «Концлагерьдегі» сақшыларға шексіз құқық берілген, олар ешкімді аямайды. Қытай билігі қолданып отырған осы әдістер адамдардың болмысын өзгертіп, компартиядан басқаны көзі көрмейтін машинаға айналдырады. 

 


 

Дәл осындай фактілерді лагерьде болған басқа тұтқындар да айтады. Мысалы, тегі қазақ Гүлзира Моғдынды Қытай билігі Қазақстанға барғаннан кейін қудалай бастаған. Ол әуелі үйге қамалған, кейін дәрігерлер келіп, денсаулығын тексерген. Сол кезде Гүлзираның жүкті екені мәлім болған. 

 

— Олар (дәрігерлер — ред.) 10 апталық ұрығымды анестезиясыз алып тастады, — дейді ол.

 


 

Менің еш кінәм жоқ еді. Басқа ұлт өкілі болғаным үшін осындай геноцид саясаттың құрбанына айналдым. 

 

Олар мені бес айға жуық ұстағаннан кейін үйге алып келді. «Онда көргеніңді ешкімге айтпайсың» деп бұйрық берді. Орындамасам, өлтіретінін айтты. Басыма осындай зор қауіп төнгенде амалсыз Қазақстанға қашып кетуге мәжбүр болдым.

 

Шекараны заңсыз кесіп өтуден қорықпадым. Қытайда бәрібір мені өлім күтіп тұрған еді.  

 

Жолдасым, екі баламмен қауышқанымда лагерьде көрген барлық қайғы-қасіретімді ұмыттым. Балаларым өсіп қалған екен. Ана үшін балапандарын бауырына басудан артық бақыт болмас. Көрмей қалсам болды, оларды алып кететіндей күйде боламын. 

 

Қазақстаннан саяси пана сұрадым. Басқа ешқандай қалауым болмады. Бірақ Қазақстан пана бермей қойды. Содан отбасымды алып Швецияға кетіп қалдым.

 

Өз еліңнен емес, өзге елден пана табудан артық қорлық болмас. 

 


 

2018 жылы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сайрагүлді шекарадан заңсыз өткені үшін үйінен алып кетіп, тергеу изоляторына қамап тастаған еді. Ал Қытай Қазақстаннан күдіктіні қайтаруды сұрады. 

 

Сайрагүл Қазақстаннан өзін Қытайға бермеуді, босқын мәртебесін беруді сұраған.

 

— Қазақстан ауыр жаза берсе, берсін, тек Қытайға бермесе болды, — деген Сайрагүл. 

 

Құқық қорғаушылар Сауытбай Қытайға табысталатын болса, онда өлім жазасына кесіледі деген ойда болды. 

 

Сот оған босқын мәртебесін бермей, алты айға пробация мерзімін тағайындады. Бұл дегеніміз — Сайрагүл жарты жыл бойы пробация қызметінің бақылауында болады. Сот залынан босап шыққан қазақ қызы кейін отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды. 

 


 

Фото: nyt.com

 

Қытайдың Қазақстанға ықпалы мықты. Егер дәл осылай кете берсе, қазақ елінің ертеңіне де үлкен қауіп төнеді.

 

Швецияға келгеннен кейін де Қытай билігі мені аңдуын, мені қылмыскер ретінде көрсетуін тоқтатқан емес. Осыған қарамастан мен онымен тынбай күресіп келемін, күресе беремін де. Жауыз Қытай билігі құрдымға кетпейінше, ондағы миллиондаған бауырымыз бостандық алмайынша, мен бұл күресімді әсте тоқтатпаймын. 

 

Фото: rp-online.de

 

Биыл наурызда мен АҚШ-тан «Батыр Ана» марапатын алдым. Бұл сыйлықтың мен үшін үлкен мәні бар. АҚШ үкіметі менің ұлт мүддесн қорғауға қосқан үлесімді жоғары бағалады. 

 


 

Сауытбай айтып тұрған марапат — АҚШ Мемлекеттік департаментінің жыл сайын бейбітшілік, теңдік пен адам құқықтары үшін өз өмірін қатерге тіккен әйелдерге беретін «Батылдығы үшін» сыйлығы. Мұндай сыйға бұған дейін 10-нан астам әйел ие болды. 

 


 

ЖАҚЫНДА ШЫҚҚАН КІТАБЫ ТУРАЛЫ

 

«Бас куәгер» деп аталатын кітабым биыл 22 маусым күні Берлинде неміс тілінде жарық көрді. Қазір ағылшын және басқа тілдерге аударылып жатыр. 

 

Бұл кітапта менің Қытай билігінен көрген қорлығым, тауқыметті тағдырым және азап лагерінде мұғалім болып істеген кезім, онда көргенімнің бәрі дәлел-фактімен толық баяндалған. Ол арқылы Қытай билігінің XXI ғасырдағы геноцид саясатын дүниежүзіне әшкерелеп, әлемді онымен күресуге үндегім келеді. 

 

Фото: кейіпкердікі

 

Қазір Батыс елдерінде бұл кітапқа қызығатындар қатары күн сайын артып келеді. Күн сайын көп елдегі (Америка, Швейцария, Австрия, Германия) оқырманымнан алғысхат алып жатырмын. Олар кітапты оқығаннан кейін жүздеп сатып алып, таныстарына тегін таратып жатқанын айтты. Қытайды зерттеуші ғалымдар, саясаткерлер, бірнеше елдің билік өкілдері де оған жоғары баға беріп отыр. Оларға алғысым шексіз. 

 

Қазір бұл кітап сатылуы жағынан Австрияда екінші, Швейцарияда сегізінші орында тұр. Бұл — біз үшін үлкен жеңіс. Бұл да — менің күресімнің бір жолы. 

 

ҚЫТАЙ БИЛІГІ ТУРАЛЫ 

 

Қазір күллі дүние Қытай билігінің шынайы бет-бейнесін таныды. Оған қаншама куәгердің әңгімесі дәлел. Дүниежүзі Қытайға қарсы бірігіп жатыр. 

 

Мемлекеттердің көбі Қытайға қарсы санкция жариялап, саясатына қарсы шығып келсе де, Қытай билігі геноцидінен бас тартар емес. Әлі де миллиондаған жазықсыз азамат түрмелерде, фашизм лагерьлерінде құл болып (АҚШ-тың мәліметінше, «түзеу» лагерьлерінде тұтқындар құлдыққа жегілген екен — ред.), азап шегіп жатыр. Қаншама қандасымыз Қытайдың озбыр билігінің қанды шеңгелінен шыға алмай, отбасымен қауыша алмай жүр. 

 

Дегенмен Қытай компартиясы құрдымға кететін, Шығыс Түркістан халқы азат болатын күнге аз қалды. Ақиқат ақырында жеңіп шығады деп үміттенемін.

 


 

Мұқаба: amazonaws.com

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/10/2020 09:46
77188 0

Уведомление