«Демография» сөзі әдетте екі мағынада қолданылады: ғылым атауы ретінде және статистиканың бір саласы ретінде.
Кең мағынада ол — халықтың, ұлттың, этнос тобының көбеюін не азаюын, құрамын, аумаққа бөлінуін, көшіп-қонуын тарих, әлеумет пен экономикамен байланыстырып зерттейтін ғылым.
Ал статистика ғылымының бір саласы ретінде ол халық саны мен ұлттық-жыныстық құрамы және көші-қон туралы мәлімет жинайтын, талдайтын және сипаттама беретін қызметті білдіреді.
Демография деп ауызекі тілде туу, өлім-жітім мен некелесу көрсеткішінің жалпы жиынтығын да айта береді.
Демографияның негізгі көрсеткіші — халық саны. 2021 жылдың 1 ақпанындағы статистика бойынша Қазақстанда қазір 18 миллион 897 мың адам тұрады.
Терминді ең әуелі 1855 жылы халық санын есептеумен айналысқан француз ғалымы Жан-Клод Ашиль Гийяр енгізген. Ол демографияға «адамзаттың табиғи және әлеуметтік тарихы» деп анықтама берген.
Оның пікірінше, демография адам мен оның хал-жағдайына қатысты барлық нәрсені математика мен география бойынша зерттейді. 1882 жылы Халықаралық гигиена және демография конгресінде «демография» ұғымы ресми қолданысқа енді.
Нет комментариев.