Қазақстан Конституциясын қалай түсінсек болады? Бірінші бөлім
Masa.media мен Qazaqsha jaz негізгі заңды қарапайым тілде түсіндіріп берді
Конституция — кез келген елдің бас заңы. Онда мемлекеттің құрылысы, басқару формасы, діни көзқарасы мен идеологиясы, азаматтардың жалпы құқығы және тағы басқа нақтыланады. Соған сүйеніп өзге заңдар жазылады. Ешбір заң не норматив акт Конституцияға қайшы келмеуге тиіс.
Қазақстанда көптеген норматив құқықтық актіні, әсіресе қазақшасын түсіну қиын. Конституция да солай. Қарап отырсақ, ол әуелі орысша жазылған, кейін мемлекеттік тілге аударылған. Бірақ аударманың сапасы көңіл көншітпейді. Мұны мамандар да растайды.
Masa.media азаматтар заңдарды, әсіресе негізгі заңды оқып үйренсе, қиналмай түсінсе екен дейді. Сондықтан біздің редакция Qazaqsha jaz-бен бірігіп Конституцияны түсінікті қылып қайтадан жазып шықты.
Qazaqzha jaz — қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жөніндегі қозғалыс.
1-бап
1. Қазақстан Республикасы — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Оның ең басты қазынасы — адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы.
Зайырлы мемлекет деген — мемлекеттік діні жоқ мемлекет.
Құқықтық ел — адам құқығы мен бостандығын ұлықтайтын, әділ заңы мен сот жүйесі бар мемлекет.
Әлеуметтік ел — азаматтарына тең құқық пен мүмкіндік беретін мемлекет.
2. Республиканың басты принциптері: қоғам татулығы мен саяси тұрақтылық; халық игілігі үшін экономикасын даму; қазақстандық патриотизм; мемлекеттің аса маңызды шаруаларын демократиялық әдістер, оның ішінде республикалық референдум не парламентте дауыс беру арқылы шешу.
2-бап
1. Қазақстан Республикасы — президент басқаратын біртұтас (унитар) мемлекет.
Қазақстан федерация емес, яғни онда аутономия не ішкі саясатында ешкімге тәуелді емес құрылымдар жоқ. Ресей, мысалы, унитар емес, онда өз заңдары мен тәртібі бар бірнеше республика бар.
2. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет аумақ тұтастығын, оған қол сұғылмауын және бөлінбеуіне жауапты.
3. Республика қандай облыс, аудан, ауылға бөлінетіні, оның астанасының мәртебесі заңда көрсетіледі. Қазақстанның астанасы — Нұр-Сұлтан (2019 жылға дейін Астана деп аталып келді) қаласы.
3-1. Астанада конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін.
Соған сай, астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығы бар. Онда өзінің құқықтық режимі болады.
4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан деген бір нәрсе.
3-бап
1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық.
2. Халық қалауын тікелей республикалық референдум мен еркін сайлауда дауыс бере отырып білдіреді, сондай-ақ билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға (президент, депутат, министрлерге) сеніп тапсырады.
3. Қазақстанда билікті ешкім иемдене алмайды. Билікті басып алған адам жауапқа тартылады.
Президент пен парламент ғана халық пен мемлекет атынан билік жүргізе алады. Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне сеніп тапсырылған құқық шегінде мемлекет атынан билік жүргізеді.
4. Қазақстанның мемлекеттік билігі біртұтас. Оны жүзеге асыратындар тек Конституция мен заңдарға сүйенеді.
Билік заң шығарушы, атқарушы және сот деп үш тармаққа бөлінеді әрі тежемелік және тепе-теңдік жүйесі қағидасына сай өзара әрекет етеді.
Бұл дегеніміз — үш билік бір-бірін тексеріп, қадағалап отыруға тиіс. Мұндай практика билік бір адамға өтпесін деп ойлап табылған.
4-бап
1. Елімізде қолданылатын құқық деп:
- Конституция;
- соған сай қабылданған заңдар;
- өзге де норматив құқықтық актілер;
- халықаралық келісімшарттар;
- республиканың басқа да міндеттемелері;
- Конституциялық кеңес пен Жоғарғы Соттың норматив қаулыларын айтамыз.
2. Конституция — Қазақстанның ең басты заңы.
3. Республика бекіткен халықаралық шарттардың күші ел заңдарікінен басым болады. Бұл дегеніміз — ел заңдары мемлекет ратификациялаған халықаралық келісімшарттарға қайшы келмеуі керек. «Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмеген болса» деген осыдан шыққан.
Бұрын Қазақстан адам құқықтары туралы бекіткен халықаралық шарттарды тізіп, оларға қол қоюдың не керегі барын айтып бердік. Оқи отырыңыз.
Қазақстан қол қойып, бекіткен халықаралық шарттар мемлекет аумағында қалай қолданылатыны заңнамада жазылады.
4. Барлық заң, Қазақстан қол қойып, бекіткен халықаралық шарттар міндетті түрде халыққа жарияланады. Жарияланса, норматив акт қолдынысқа енді деген сөз.
5-бап
1. Қазақстанда мемлекеттік идеология жоқ. Азаматтар саяси партия құра алады. Мемлекеттік органдарда саяси партия құруға болмайды.
Оқи отырыңыз: Саяси партияны қалай құруға болады?
2. Барлық қоғам бірлестігі заң алдында тең. Олардың ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына болмайды. Қоғам бірлестіктеріне мемлекеттік органдардың міндетін жүктеуге болмайды.
3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыратын қоғам бірлестіктерін құруға, сондай-ақ заңнамада көрсетілмеген әскерилендірілген бірлестіктер құруға тыйым салынған.
4. Басқа елдердің саяси партиялары, кәсіподақтары мен діни партияларының қызметіне тыйым салынған. Саяси партиялар мен кәсіподақтарға шетелден қаржы алуға болмайды.
5. Шетелдің діни бірлестіктері біздегі қызметін жүзеге асырарда, шетелдегі діни орталықтардың біздің елдегі діни бірлестіктеріне басшы тағайындарда әуелі республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісіп алады.
6-бап
1. Қазақстанда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады.
2. Меншіктің пайдасы иесіне ғана емес, қоғам игілігіне де тиюге тиіс. Меншік пен оның иесінің құқығын қорғау тәртібі заңнамада көрсетіледі.
3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар — мемлекет меншігі. Бірақ жер жекеге өте алады. Оның шарттары заңда жазылған.
7-бап
1. Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында (әкімдіктерде) қазақ тілі мен орыс тілі тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасайды.
8-бап
Қазақстан халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын құрметтейді: мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын ұстанады, қарулы күшін бірінші болып қолданудан бас тартады.
9-бап
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері — туы, елтаңбасы мен әнұраны. Олардың сипаттамасы және ресми қолдану тәртібі конституциялық заңда жазылған.
II бөлім
АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ
10-бап
1. Қазақстан азаматтығы заңға сай беріледі және тоқтатылады. Қандай себеппен берілсе де, барлық Қазақстан азаматтығы бірыңғай және тең болады, яғни барлық Қазақстан азаматы тең құқылы.
2. Қазақстан азаматын азаматтығынан, оны өзгерту құқығынан айыруға, елден қууға болмайды. Азаматтықтан сот террористік қылмыстар жасады, Қазақстанның аса маңызы мүддесіне үлкен зиян келтірді деп танығанда ғана айыруға болады.
3. Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды, яғни өзге елдің азаматыттығын алған азамат Қазақстан азаматтығынан айырылады.
11-бап
1. Республика бекіткен халықаралық шарттадағы жағдайлардан басқа жағдайда Қазақстан азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
2. Республика шетелде жүрген азаматтарын қорғайды және оларға қамқор болады.
Мысалы, соғыс болып жатқан мемлекеттен азаматтарын елге алып келеді.
12-бап
1. Конституцияға сәйкес, Қазақстан азаматының құқығы мен бостандығы бар. Мемлекет оларды қорғауға тиіс.
2. Әркім туған бойда абсолют құқық пен бостандыққа ие болады. Ешкім адамды құқығынан айыра алмайды. Адам құқығы мен бостандығы — заңдар мен өзге де норматив құқықтық актілердің негізі.
Яғни заңдардың басты міндеті — адам құқығы мен бостандығын қорғау.
3. Республика азаматының құқығы мен атқарар міндеті болады.
4. Конституция, заң мен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқығы мен бостандығы ел азаматтардікіндей болады.
5. Адам мен азамат өз құқығы мен бостандығын пайдаланам деп басқалардың құқығы мен бостандығын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамға нұқсан келтірмеуге тиіс.
13-бап
1. Әркім құқық иесі ретінде өз құқығы мен бостандығын заңға қайшы келмейтіндей қорғауға қақылы.
2. Әркім құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғай алады.
3. Әркім білікті заң көмегін ала алады. Тегін заң көмегі көрсету тәртібі заңдарда жазылған.
14-бап
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Ешкімді шыққан тегі, лауазым және мүлік, жыныс, нәсіл, ұлт, тіл, діни көзқарасы, наным, тұратын жеріне не өзге де жағдайына бола алалауға болмайды.
15-бап
1. Әркімнің өмір сүру құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өлтіруге қақы жоқ. Қазақстанда өлім жазасы бар. Оған адамдар өліміне түрткі болған террористік қылмыс пен соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыс жасағандар кесіледі. Ондай жазаға кесілген адам амнистия алу үшін өтініш білдіре алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы өлім жазасының тарихы
16-бап
1. Әркім жеке бас бостандығына ие.
2. Адамды заңда көзделген ретте және сот санкциясымен ғана тұтқындауға және қамауда ұстауға болады. Тұтқындалған адам бас бостандығым шектелді деп шағымдана алады. Адамды сот санкциясынсыз 72 сағаттан астам ұстауға болмайды.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокат (қорғаушы) көмегіне жүгінуге құқылы.
17-бап
1. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды.
2. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, жәбір көрсетуге не қадір-қасиетін таптайтындай жазалауға болмайды.
18-бап
1. Адамның жеке өміріне араласуға болмайды. Адам өзіне және отбасына қатысты ақпаратты жасыра, ар-намысы мен беделін қорғай алады.
2. Әркімнің жеке салымы мен жиған-тергені, жазысқан хаттары, қоңырау, пошта, телеграф арқылы және басқа жолмен алысқан хабарларын өзгеден жасыру құқығы бар. Заңда көрсетілген ретте ғана бұл құқық шектелуі мүмкін.
3. Мемлекет органдары, қоғам бірлестіктері, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа оған қатысты құжаттар, шешімдер және ақпарат көздерін көрсетуге тиіс.
19-бап
1. Әркім қай ұлтқа жататынын, қай партия мен дінге кіретінін өзі шешеді және мұны өзгелерге білдірсе де, білдірмесе де болады.
Мысалы, менің ұлтым — қазақ, осы партияға мүшемін, атеиспін деп айтса да, айтпаса да болады.
2. Әркім өз ана тілінде сөйлей, төл мәдениетін тұтына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдай алады.
20-бап
1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынған.
2. Әркім заңда тыйым салынбаған тәсілмен еркін ақпарат ала, тарата алады. Мемлекеттік құпия бар мәліметтер тізбесі заңда көрсетіледі.
3.
- Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту;
- оның тұтастығын бұзу;
- мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру;
- соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздық, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға не үгіттеуге болмайды.
21-бап
1. Қазақстан аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам онда емін-еркін жүре, қай жерде тұратынын өзі шеше алады. Бірақ бұл құқық кейде шектелуі мүмкін. Қалай шектелетіні заңда жазылады.
2. Әркім Қазақстаннан кете алады. Қазақстан азаматтары елге кедергісіз орала алады.
22-бап
1. Әркім ар-ождан бостандығына ие.
Бұл дегеніміз — әркім қағида ұстана, құдайға сене алады не сенбесе болады. Адамның құндылығы мен пікірі болады.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асырам деп жалпы адам және азаматтардың құқықтары мен олардың мемлекет алдындағы міндеттерін шектемеуге болмайды.
23-бап
1. Қазақстан азаматтары емін-еркін бірлесе алады. Қоғам бірлестіктерінің қызметін заң реттейді.
2. Әскери қызметкерлер, ұлттық қауіпсіздік органдары, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялар партия мен кәсіподақтарға мүше болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдамауға тиіс.
24-бап
1. Әркім еңбек ете, қызмет пен кәсіп түрін емін-еркін таңдай алады. Азамат сот үкімі бойынша не төтенше/соғыс жағдайында ғана жұмысқа жегілуі мүмкін.
2. Әркімнің қауіпсіз пен таза жерде жұмыс істеу, алалауға ұшырамай еңбекақысын алу және жұмыссыздықтан мемлекет көмегімен қорғалу құқығы бар.
3. Жұмысшылар заңда көрсетілген тәсілдерді қолдана отырып жекелей және ұжым болып (мысалы ереуілге шығу) еңбек дауларын шеше алады.
4. Әркімнің демалу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндердің жұмыс ұзақтығы заңда жазылады. Жұмысшылар демалыс және мереке күндері демала, жыл сайын төленетін демалысқа шыға алады.
25-бап
1. Ешкім өзгенің баспанасын тартып ала алмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйді тартып алуға болмайды. Заңда көрсетілген тәртіп пен ретте ғана тұрғын үйге басып кіріп, оны тексеру және тінтуге болады.
Мысалы, полиция үстіңізден іс ашып, үйіңізге келіп, тінте алады.
2. Қазақстанда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңда белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі.
26-бап
1. Қазақстан азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкі оның жеке меншігі бола алады.
2. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығын заң қорғайды.
3. Сот шешімінсіз ешкімнің мүлкін тартып алуға болмайды. Заңда жазылған ерекше жағдайларда ғана мемлекет қажеті үшін ақысын төлеп тартып алуға болады.
4. Әркім кәсіп аша, мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік үшін емін-еркін пайдалана алады. Заңнама монополияны реттеп әрі шектеп отырады. Жосықсыз (недобросовестная) бәсекеге тыйым салынады.
27-бап
1. Мемлекет неке мен отбасы, аналар, әкелер мен балаларды қорғайды.
2. Балаларын бағып-қағу, асырау — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
3. Кәмелетке толған, еңбек ете алатын балалар еңбекке жарамайтын ата-анасын бағып-қағуға, асырауға міндетті.
28-бап
1. Қазақстан азаматы:
- жасына келген;
- науқастанған;
- мүгедек болған;
- асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңда көрсетілген жағдайларда оған ең төмен жалақы мен зейнетақы мөлшерінде әлеуметтік ақы беріледі.
2. Ерікті түрде әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік көмектің өзге де түрлері мен қайырымдылық жасауға болады.
29-бап
1. Қазақстан азаматтары денсаулығын күте алады.
2. Республика азаматтары заңда көрсетілген кепілді медициналық көмекті тегін ала алады.
Сақтандыруы бар Қазақстан азаматы тегін емделе алады. Бірақ тегін ем тізімі заңға сай шектелуі мүмкін. Сақтандыруы жоқ азаматтар тегін жедел жәрдем шақыра, шұғыл көмек алады. Біз бұл жүйе туралы толығырақ жазғанбыз. Оқи отырыңыз.
3. Мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде медициналық көмек беру мен емделу тәртібін заң реттейді.
30-бап
1. Азаматтар мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім ала алады. Орта білім алу — міндет.
2. Конкурс арқылы грант ұтып алған азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында тегін жоғары білім ала алады.
3. Жеке меншік оқу орындарында ақылы білім алу негізі мен тәртібі заңда көрсетіледі.
4. Мемлекет білім берудің жалпыға бірдей стандарттарын жасайды. Кез келген оқу орны осы стандарттарға сай істеуге тиіс.
31-бап
1. Мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы ортаны қорғайды.
2. Адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін дерек пен жайттарды жасырған лауазымды адамдар заңға сай жауапқа тартылады.
32-бап
Қазақстан азаматтары бейбіт әрі қарусыз жинала, жиналыс, митиң мен демонстрация, шеру мен пикет өткізе алады. Бірақ заңнама мемлекет қауіпсіздігі, қоғам тәртібі, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау үшін бұл құқықты шектеуі мүмкін.
33-бап
1. Қазақстан азаматтары:
- тікелей және өкілдері (депутаттар) арқылы мемлекетті басқаруға қатыса;
- мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей жүгіне, жеке және ұжым болып өтініш жолдай алады.
2. Республика азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлай және оларға сайлана, сондай-ақ республикалық референдумда дауыс бере алады.
3. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында (мысалы түрмеде) отырған азаматтар сайлай және сайлана, республикалық референдумда дауыс бере алмайды.
4. Мемлекеттік қызметке тұрам деген азаматтардың құқығы тең болады, яғни ешкімге артықшылық берілмейді. Оларға қойылатын талаптар заңда көрсетіледі.
34-бап
1. Әркім Қазақстан Конституциясы мен заңдарын орындауға, басқа адамдардың құқығы, бостандығы, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
2. Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
35-бап
Заңда белгіленген салық, алымдар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу — әркімнің борышы әрі міндеті.
36-бап
1. Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті.
2. Республика азаматтары заңға сай түрлі әскери қызмет атқарады.
37-бап
Қазақстан азаматтары тарихи және мәдени мұраларын, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға, күтіп ұстауға міндетті.
38-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға, табиғат байлығына ұқыпты қарауға міндетті.
39-бап
1. Елдің конституциялық құрылысын қорғау, қоғам тәртібін, адам құқығы мен бостандығын, халық денсаулығы мен имандылығын сақтау үшін адам, азамат құқығы мен бостандығы шектелуі мүмкін. Оны заң ғана керек шамада шектей алады.
Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде үйден шығуға тыйым салынды.
2. Ұлтаралық және дінаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет Конституцияға жат.
3. Саяси себеппен азаматтардың құқығы мен бостандығын қандай да бір түрде шектеуге болмайды. Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көрсетілген құқықтар мен бостандықтарды шектеуге мүлдем болмайды.
40-бап
1. Қазақстан Республикасының басшысы — президент. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына жауап береді, елде, халықаралық қатынастарда Қазақстанның өкілі болатын ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Президент — халық пен мемлекеттік биліктің бірлігі, Конституция мызғымас екені, адам және азамат құқығы мен бостандығының нышаны әрі кепілі.
3. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармағы: парламент, үкімет пен сот келісіп жұмыс істеуін, өкімет органдарының халық алдында жауапты болуын қадағалайды.
41-бап
1. Президентті кәмелетке толған Қазақстан азаматтары 5 жылға сайлайды. Сайлау тікелей әрі жасырын өтеді.
Бұл дегеніміз — азаматтар өздері барып дауыс береді және кім кімге дауыс бергені құпия болады.
2. Президенттікке туған бойда Қазақстан азаматтығын алған, 40-қа толған, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін/жазатын, кейінгі 15 жыл бойы Қазақстанда тұрып жатқан және жоғары білімі бар республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда президент болам дегендерге қосымша талаптар жазылуы мүмкін.
3. Президентті кезекті сайлау желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі. Президент пен парламенттің жаңа құрамын сайлау бір күнде өтпеуге тиіс.
3-1. Президентті кезектен тыс сайлау өтеді деп президент ұйғарады. Мұндай сайлау конституциялық заңда көрсетілген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
5. Қай кандидатқа сайлауға келген сайлаушылардың 50 %-нан астамы дауыс берсе, сол кандидат президент болады.
Кандидаттардың бірде-бірі сонша дауыс жинай алмаса, сайлау қайтадан өтеді. Оған көп дауыс алған екі кандидат түседі. Ең көп дауыс жинаған кандидат президент болып сайланады.
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін» деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
2. Ант беру салтанаты (инаугурация) қаңтардың екінші сәрсенбісінде өтеді. Оған парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, республиканың бұрынғы президенттері қатысады. Президент өкілетіне Конституцияның 48-бабында жазылған жағдайда ие болған адам бір ай ішінде ант береді.
3. Президенттің өкілеті қашан тоқтайды:
- жаңа сайланған президент қызметіне кіріскенде;
- өзі қызметінен мерзімінен бұрын босатылғанда я қуылғанда;
- қайтыс болғанда.
Бұрынғы президенттердің атағы экс-президент болады, орнынан қуылған бұрынғы президенттер бұлай атала алмайды.
5. Бір адам қатарынан ең көп дегенде екі рет президент бола алады. Бірақ тұңғыш президентке (Нұрсұлтан Назарбаевқа) мұндай шектеу қойылмайды.
43-бап
1. Президент:
- өкілдер органының (парламент не мәслихаттың) депутаты бола;
- ақысы төленетін өзге жұмыста істей;
- кәсіпкерлікпен айналыса алмайды.
44-бап
Президент:
1) Жыл сайын Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау арнайды;
2)
- парламент пен оның палаталарын (Мәжіліс пен Сенатты) кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды;
- парламенттің бірінші сессиясын өткізеді және оның депутаттарынан Қазақстан халқына беретін ант қабылдайды;
- парламенттің кезектен тыс сессиясын өткізе алады;
- Сенат ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін парламентке қайтарады.
3)
- Мәжілісте отырған саяси партия фракцияларымен кеңескеннен кейін Мәжіліске премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады; Мәжіліс келісім бергеннен кейін премьер-министрді тағайындайды;
- Премьер-министрді қызметтен босатады;
- Премьер-министр ұсынған тізімге қарап үкіметте кім отыратынын шешеді; Кейін Мәжілісіпен ақылдасып, үкіметке адамдар тағайындайды;
- Ешкіммен кеңеспей сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін тағайындайды;
- Үкімет мүшелерін қызметтен босатады;
- Үкімет мүшелерінен ант қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер туындағанда қажетіне қарай үкімет отырыстарына төрағалық етеді;
- облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.
4) Сенаттан келісім алғаннан кейін Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Өзге елдердегі дипломатия өкілдіктеріне басшы тағайындайды және алып тастайды;
7) Орталық сайлау комиссиясының төрағасын, оның екі мүшесін, Есеп комитетінің төрағасын, оның екі мүшесін тағайындайды;
8) алып тасталды;
9) алып тасталды;
10) республикалық референдум өткізу туралы шешім шығарады;
10-1) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Конституциямен қабысып-қабыспайтынын анықтаңыз, Конституциясының 91-бабының 3-тармағында жазылған жағдайда қорытынды беріңіз деп Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды;
11) келіссөз жүргізеді және парламент бекіткен халықаралық шарттарға қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; қызметі кезінде тіркелген шетелдік дипломатиялық және өзге де өкілдердің сенім грамоталары мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Президент — Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы. Қарулы күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
14) Азаматтық, саяси баспана беру мәселелерін шешеді;
15) Азаматтарға кешірім береді (амнистия);
16) Республиканың демократиясы, оның тәуелсіздігі мен аумағы, саяси тұрақтылығы, азаматтарына елеулі және тікелей қатер төнгенде, конституциялық органдардың жұмысы бұзылғанда премьер-министр мен Сенат және Мәжліс төрағаларымен кеңескеннен кейін елдің бүкіл аумағында не аймақтарда төтенше жағдай енгізеді, Қарулы күшін қолданады, өзге де шара жасайды. Мемлекет басшысы мұның бәрін істейтінін парламентке ескертуге тиіс.
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнгенде елдің бүкіл аумағында не бір жерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, мұны парламентке дереу хабарлайды;
Мобилизация — Қарулы күшті жұмылдыру, әскерден өткендерді армияға шақыру.
Әскери жағдай — соғыс кезінде не соғыс болып қалады дегенде енгізілетін жағдай.
18) Өзіне бағынатын Мемлекеттік күзетті жасақтайды;
19) Мемлекеттік хатшыны тағайындайды, қызметтен босатады, оның мәртебесі мен өкілеті қандай болатынын шешеді; президент әкімшілігін құрады;
20) Қауіпсіздік кеңесін және өзге де консультатив-кеңесші органдарды, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жоғарғы сот кеңесін құрады;
21) Конституция мен заңдарға сай басқа да міндетін орындайды.
45-бап
1. Президент Конституция мен заңдарды орындау үшін жарлық мен өкім шығарады. Олар елдің бүкіл аумағында орындалуға тиіс.
3. Президент қол қойған парламент актілері, үкімет бастамасымен шығарылған президент актілеріне әуелі Сенат және Мәжіліс төрағасы не премьер-министр қол қояды.
46-бап
1. Президентке, оның абыройы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды.
2. Президент пен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғауға ақша мемлекеттен жұмсалады.
3. Осы баптың ережелері экс-президенттерге де қатысты.
Яғни Нұрсұлтан Назарбаевқа тиісуге, тіл тигізуге болмайды, оның баспанасы мен күзетінің ақшасы мемлекет бюджетінен алынады. Мына жерден толығырақ оқыңыз.
4. Тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеті Конституция мен конституциялық заңда көрсетіледі.
47-бап
1. Президент науқастанып, міндетін тұрақты орындай алмаса қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
Ондайда парламент Мәжіліс пен Сенат депутаттары мен тиісті медицина мамандарынан тұратын комиссия құрады. Оған кіретін Сенат және Мәжіліс депуаттарының саны тең болуға тиіс.
Мерзімінен бұрын босату туралы шешім парламент отырысында қабылданады. Депутаттар шешім шығарарда комиссия мен Конституциялық кеңестің барлық рәсім Конституцияға сай өткені туралы қорытындысына сүйенеді. Егер парламент депутаттарының кемі төрттен үші президент кете алады десе, мемлекет басы қызметінен босатылады.
2. Президент мемлекетке опасыздық жасағанда ғана парламент оған импичмент жариялануы мүмкін.
Импичмент жариялаудың тәртібі: Мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірі «президентті айыптау керек» деп бастама көтереді. Ал олардың көбі «президентті айыптаймыз» десе, тергеу басталады.
Оны Сенат ұйымдастырып, қорытындысын палаталардың біріккен отырысына жібереді. Парламент депутаттары Жоғарғы сот пен Конституциялық кеңестің шешімін ескеріп шешім шығарады.
Айып тағылған кезден бастап 2 ай ішінде түпкілікті шешім шықпаса, президент ақталады. Кейін айып тағу керек деген Мәжіліс депутаттары қызметтен кетеді.
3. Президентті қызметтен қуу мәселесі ол парламент не Мәжілістің жұмысын мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарап жатқанда қозғалмайды.
48-бап
1. Президент қызметтен мерзімінен бұрын босаса немесе қуылса, қайтыс болса оның өкілеті қалған мерзімге Сенат төрағасына көшеді; Сенат спикері «міндетті орындай алмаймын» десе, оның орнына Мәжіліс спикері келеді. Ол да президент міндетін орындаудан бас тартса, кезек премьер-министрге келеді.
Президент міндетін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат төрағасы, Мәжіліс төрағасы не премьер-министр болудан қалады. Мысалы, Сенат төрағасы президент міндетін уақытша атқарса, ол Сенат төрағасы деген лауазымынан айырылады.
Олардың орнын иелену тәртібі Конституцияда көрсетілген.
2. Президент міндетін уақытша кім орындаса да, ол Конституцияны өзгертейік деп бастама көтере алмайды.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.