Қазақстанда қорлауға қатысты қылмыстық бап бар. Ол қай кезде қолданылады?

Қорлау дегеніміз не, адамдарды айтқан сөзі үшін қалай жазалайды


08/09/2020
11:42 23324 0


 

Қазақстан Қылмыстық кодексінде осы уақытқа дейін жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар үнемі сынға алған екі бап болды — «Жала жабу» және «Қорлау». Жылдар бойы сарапшылар мемлекеттік билікті бұл екі бапты қылмыс деп танымауға, сөз үшін қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.

 

Мамыр айында жала жабу туралы бап Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған еді. Ал қорлау болса, бұрынғыдай қылмыстық құқықбұзушылық болып қала береді (ҚР ҚК 131-бабы).

 

Біз мұның қаншалықты қисынды екенін, сот қандай сөздерді қорлау дейтінін және осы бап бойынша айыпталушыларға қандай жаза қолданатынын анықтағымыз келді.

 

2019 жылдың 9 айында Қазақстанда қорлау бойынша 5 816 шағым тіркелді, оның 253-і бойынша үкім шығарылды (93-і — айыптау, 160-ы бойынша күдікті ақталды).

 

ҚОРЛАУ ДЕП НЕНІ АЙТАДЫ?

 

Соттың айыптау үкімдерінен:

 

Айыпталушы WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушіге тиесілі ұялы телефонға әдепсіз сөздері бар қорлайтын хабарламаны әдейі жіберді. (...) Маманның қорытындысы бойынша зерттеуге ұсынылған материалда жәбірленуші туралы жағымсыз ақпарат бар екені анықталды. (...) Жәбірленушіге жолданған «жезөкше» сөзі негатив мағынада қолданылған, әдепсіз сөз (жала жабу) және сөйлеудің әдепсіз түрі деп есептеледі.

 

***

 

Сарапшы-лингвист, филология ғылымдары кандидатының қорытындысы бойынша «г***он» сөзі жіберуші белгілі бір адамға қаратып қолданған, қорлау ретінде қабылданады. «Г***он»  сөзі — сипаттама, оны «пайдасыз, бос, ақымақ адамдар» cөздерінің санатына жатқызады. (...) Бұл сөздің мағынасы жекелей алғанда да, ар-намысы мен абыройын түсіретін хабарлама контексінде де норматив емес лексика санатына жатады.

 

***

 

Айыпталушы жәбірленушінің тарапына «У**ок, дол***б, мышь драная. Увижу тебя, буду разговаривать по-мужски» деген сөздер айтты. Жәбірленуші 500 мың теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуді сұрайды. Себебі оның жүрегі ауырып, «үстіне жуынды төккендей» сезімдей болғанын айтады. 

 

 


 

 

ҚР Қылмыстық кодексіндегі түсініктемелерден «Қорлау — бұл басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне әдепсіз түрде нұқсан келтіру» деген тұжырым шығады.

 

Мұндағы маңызды мәселе — міндетті түрде әдепсіз (ұятсыз) түрде болуға тиіс.

 

Сот айыпталушының расында әлеуметтік нормалар мен моральға негізделген, қорлайтын сөздер мен сөз тіркестерін қолданған-қолданбағанын бағалайды. Бұл мәселеде жәбірленушінің пікіріне негізделуге болмайды, өйткені әр адамның түсінігі әртүрлі. Кейбір адам болмашы сөзге ренжуі мүмкін. 

 

Оның үстіне, жағымсыз сөздер шындыққа сәйкес келе ме, жоқ па, маңызды емес. Қорлау мен жала жабудың айырмашылығын осы жерден көруге болады, яғни боғауыз дұрыс емес формада қолданылған шындық болуы мүмкін. Жаман адамды жаман деп айтуға ешкім тыйым салмайды. Бірақ «қ***с» деп айтқаны үшін ол сотта жауап береді.

 

Қылмыстық кодекске түсініктемелерде былай делінген: «қатты айтылған сыни ескертулер, белгілі бір адамға қатысты теріс пікір, оның жағымсыз қасиеттерін атап, оның мінез-құлқындағы кемшіліктерге әдепті түрде назар аудару қорлау болып саналмайды». 

 

Диана Окремова, «Құқықтық медиа орталық» ҚҚ директоры:

 

— Мен қорлауға арналған бап бойынша қылмыстық іс қозғалмауы керек деп ойлаймын. Бұл туралы бұрыннан айтып келе жатырмыз, жақында депутаттар мәселені тағы да талқылады. Өкінішке қарай, қорлауды қылмыс деп танымауға көпшілік үзілді-кесілді қарсы болды. Ал қазір 131-бап бойынша қозғалған іс саны көбейді, көбі мессенджер арқылы жіберілген хаттарға байланысты. Біреу ортақ чатта бірдеңе деп жазады, бәрі содан басталады. Ренжіген адам дереу сотқа жүгініп, екінші тарапты жазалауға асығады.

 

Негізінен жағымсыз сөздердің көбі телефонмен сөйлесу кезінде немесе ортақ чатта айтылады. Біреуге қаратып айтылған боғауыз сөздің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл қылмыстық істер жөніндегі соттарға қосымша салмақ салады. Сот бір адамды «ақымақ» немесе «боқмұрын» деп айтқаны үшін соттауы керек. Ал мұндай «қылмысты» кісі өлтіру, зорлау, ақша жымқыру қылмысымен қатар қою — күлкілі нәрсе. Олар қоғамға үлкен қауіп төндірмейді.

 

 


 

 

Соттың ақтау үкімінен:

 

Сот қаулысы жүргізген сот-психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысы бойынша «с*****н» сөзінде жеке тұлғаға баға берілмеген және оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келмеген. Ал «дебилка», «идиотка» сөздері тұлғаға әдепсіз түрде айтылған және оған негатив баға береді.

 

Сонымен бірге «жарымес», «ақымақ» сөздері әдепсіз сөздер деген тұжырымдарға сот сыни көзқараспен қарап, оны іске қоспайды. Өйткені дөрекі сөздер — қоғамдық моральға және қоғамдық әдеп нормаларына нұқсан келтіретін ұятсыз сөздер. Ал «ақымақ» сөзінің өзі — әдеби норма және қорлауға жатпайды, ал «жарымес» сөзі — медициналық диагноз.

 

 


 

 

Қазақстанда айыппұл салуға болатын «әдепсіз» сөздердің бекітілген бірыңғай тізімі жоқ. Сот пен лингвист сарапшылар әр істі жеке қарастырады.

 

Жалпы, «Қорлау және жала жабу: сарапшының көзқарасы» нұсқаулығы авторларының айтуынша:

 

«Бейнорматив лексикаға БАҚ-та, сондай-ақ қоғам тарапынан қолданысы мақұлданбайтын тіл нормасынан тыс жатқан сөздер (боғауыз) енеді. Оның үш категориясы бар — тұрпайы сөздер, балағат және боқтық (боғауыз)».

Тұрпайы лексика — көпшіліктің көзінше қолданылуы орынсыз деп танылатын лексика, ол мəдениетті, əдепті сөйлеу тұрғысынан бағаланады да, моралдық-этикалық тұрғыдан қарастырылмайды. Мысалы, сленг, жаргон, қарапайым сөздер. 

Балағат — адамның, заттың, құбылыстың теріс жалпыланған дөрекі бағасын қамтитын сөз. Негізінен бұл категорияға белгілі бір контексте қолданылатын және адамды жағымсыз етіп сипаттайтын сөздер кіреді (мысалы, «жексұрын» сөзі және басқалары).

 

Боқтық сөздерге қазіргі қазақ тілінде де, орыс тілінде де мына түрдегі сөздер жатқызылады: ер мен əйелдің жыныс мүшесінің атауы, жыныстық қатынас атауы, адамның азғындық қылығының атауы, осы сөздермен түбірлес басқа да туынды сөздер.

 

 

БІРЕУДІ ҚОРЛАҒАН АДАМҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

 

Баптың бірінші бөлігі бойынша, яғни әңгіме арасында біреуге бетпе-бет тіл тигізгені үшін 100 АЕК (277 800 теңге, 2020 жылы 1 АЕК = 2 778 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе ол адам 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады.

Баптың екінші бөлігінде интернетте, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе көпшілік алдында қорлау қарастырылған. Бұл жерде айыппұл әлдеқайда көбірек, 200 АЕК (555 600 теңге) немесе 180 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа тарту.

 

Біреуді қорлағаныңыз үшін түрмеге отырмағаныңызбен айыппұлдан қаша алмайсыз.

 

 Ольга Диденко, Internews заңгері:

    

Жала жабу Қылмыстық кодексте болған кезде қылмыс делінді, ал қорлау қылмыстық құқықбұзушылық болып қала бермек.  Қорлау — қоғамға немесе белгілі бір адамға айтарлықтай зиян келтірмейтін, қоғамға  қаупі аз заңсыз әрекет.

 

Бұл жерде бір сұрақ туындайды: мемлекет неге жала жабуды декриминализациялап, соған пара-пар қорлауды сол санатта қалдырды? Біз қорлау мәселесі бойынша прокуратураға хат жазамыз, себебі бұл қылмыстық қудалау логикасын бұзады деп есептейміз. Қорлады деп айыпталған адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталуы мүмкін.

 

Диана Окремова, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ директоры:

 

Қорлау үшін екі жаза қарастырылған: айыппұл және қоғамдық жұмысқа жегу. Ал шын мәнінде бұл жерде мемлекеттің емес жеке адамның ар-намысына нұқсан келді. Сол себепті жәбірленушіге моральдық өтемақы төлеу ақылға қонымды сияқты. Моральдық зиянды өтеуді талап ету мүмкіндігі бар кезде мұндай даулардың азаматтық сотта қаралуын қолдаймын.

 

Қорлау жеке мәселеге жатады. Сондықтан қылмыстық іс прокурордың немесе полицияның бастамасымен емес, тек жәбірленушінің шағымы бойынша қозғалуы мүмкін. Барлық дәлелдемені сотқа шағымданған жәбірленуші ұсынуы керек.

 

Жеке шағымдарда тергеу жүргізіліп, жауап алынбайды. Олар дереу сотқа жіберіледі. Тіркелген шағым көп, бірақ оның бәрі сотқа жетпейді, көбіне адамдар сотқа дейін татуласады, — дейді Ольга Диденко.

 

 

LPRC құқық саясатын зерттеу орталығының «Қазақстандағы жала жабуды декриминализациялау: алғышарттар, салдары және ықтимал қиындықтар» аталатын зерттеуі авторларының айтуынша, қорлау бойынша істер қоғам мен жеке адамға қаупі аз екеніне қарамастан соттарға қосымша салмақ салады. Сарапшылардың пікірінше, жеке айыптаудың қылмыстық процесі азаматтық соттағы процеске қарағанда әлдеқайда арзан әрі оңай:  

 

Қылмыстық процесте жала жабу және қорлау жағдайларында мемлекеттік баж төлеу, сот ісін дайындау, дәлелдемелер жинау, мүддеңізді қорғау, қорғаушы мен  өкілдерге ақша жұмсау қажет емес. Бәлкім сот процестерінің жеңілдігі және арзан болуы көптеген адамды жала жабу және қорлау туралы істер бойынша жеке айыптауға шағым түсіруге итермелейтін шығар?

 

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАНДАЙ ЖАЗА БЕРІЛЕДІ?

Заң ғылымдарының докторы Николай Хавронюк Қазақстан Қылмыстық кодексінің баптарын талдай отырып, «Жала жабу мен қорлау үшін қылмыстық іс бойынша жауап беру — әлі күнге дейін дәстүрлі заң, бірақ ол біртіндеп жойылып барады» дейді.

 

Мысалы, Эстонияда, Израильде, Украинада және Францияда мұндай заң жоқ. 

 

Қытайдың Қылмыстық кодексінде қорлау мен жала жабуды бірге қарастыратын 246-бап бар: «Адамға зорлық-зомбылық көрсету немесе басқа әдістермен қорлау, оның абыройын түсіру үшін фактілерді бұрмалау».

 

Ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, аз мерзімге қамауға алу, қадағалау немесе саяси құқынан айыру (сайлау және сайлану, көпшілік алдында сөйлеу, кітап, мақала шығару, жиналыстарға қатысу, саяхаттау, мемлекеттік органдарда қызмет ету, мемлекеттік компанияларда басшылық лауазымдарды атқару құқығы) сияқты жаза беріледі.

 

Беларусьте де қорлау үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Елдің Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша көпшілік алдында сөйлеген сөзінде, БАҚ-та немесе интернетте қорлағаны үшін айыппұл салу не екі жылға дейін түзету жұмысына тарту не тұтқындау немесе бас бостандығын үш жылға дейін шектеу жазасы қолданылады.

 

Ресейде қорлауға қатысты бап Әкімшілік кодексте бар. Жеке тұлғаларға 1–3 мың рубль (6–17 мың теңге) айыппұл салынады. Бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, қоғам алдында қорлағаны үшін айыппұл 3–5 мың рубль болады (17–28 мың теңге).

 

Жала мен қорлау — сөз, іс-әрекет емес. Сөздің айтылуы, жазбаша немесе ауызша түрде ой білдіруге байланыстының бәрі сөз бостандығына, сөз бостандығы құқына қатысты. Халықаралық стандарттар бойынша сын, сөйлеу, ақпарат тарату, бағалау, пікір білдіру, ой айту мүмкіндігі үшін қылмыстық жауапкершілік болмауы керек. Адамдар бірдеңе айтудан қорқатын болады, мұның салдарын елестету қиын. 

 

Халықаралық стандарттар бойынша жазаны бекіту және тағайындау кезінде өте мұқият болу керек. Төтенше жағдайларда, шын мәнінде қоғамға зиян келтіретін немесе орны толмас әрекеттерге әкеп соғатын ғадауат тілі қолданылғанда ғана бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалуы керек. Мұндай мәселелерді шешудің ең жақсы әдісі — азаматтық сот ісін жүргізу. Қылмыстық қудалау адамның өміріне таңбадай басылады, — дейді Ольга Диденко.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

08/09/2020 11:42
23324 0

Уведомление