Медиация деген не және Қазақстанда қаншалық тиімді жұмыс істейді?

Оның соттан айырмашылығы қандай


10/08/2020
14:33 14361 0

 


 

Қазақстанда дауды шешу үшін қайда жүгіну керек? Көпшіліктің ойына келетін жауап — сот. Бірақ елде кейбір дауды соттан тыс шешуге болады. Ондай жолдардың бірі — медиация.  Ал оның соттан айырмашылығы қандай? Masa.media жауап береді. 

 

МЕДИАЦИЯ ДЕГЕН НЕ?

 

Медиация — тараптардың дауды өзара келісіп шешетін шара. Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор деген маман көмектеседі. Келісімге келсе, тараптар өзара жазбаша келісім шартын жасасады. Ол медиация туралы шарт деп аталады. 

 

МЕДИАЦИЯ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

 

Медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды. Мақсаты — сот жүйесіне ауыртапылықты кеміту.

 

«Сотта қарастырылатын даулардың санын азайту, оларды шешудің балама түрлерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу маңызды»,деген еді сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

 

МЕДИАЦИЯНЫҢ СОТТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

 

Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы — медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. 

 

Сот ісін ашу үшін бір тараптың арызы жеткілікті, ал медиацияға қос тарап келісіп барады.

 

Медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Сотқа жүгіну үшін тұлға талап арыз жазып, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Сот талап-арызды қабылдағаннан кейін тұлға бірнеше айға дейін сот отырысын күтеді. Сотқа жүгіну үшін заңгерге барады, қызметі үшін ақша төлейді. Ал медиацияда тараптар медиаторлар тізімінен қажет маманды таңдап, еңбек ақысын (егер ақылы болса) бөліп төлейді. 

 

Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда тек қана тараптарға байланысты болады. Олар тіпті  бір күннің ішінде мәмілеге келе алады. 

 

МЕДИАЦИЯҒА ҚАНДАЙ ІСТЕ ЖҮГІНУГЕ БОЛАДЫ? 

 

Қазақстанда кез келген адамның медиацияға жүгінуге құқы бар. Медиацияға ол сотқа дейін де, кейін де баруына болады. 

 

Бірақ бұл медиация арқылы кез келген дауды шешуге болады деген сөз емес. Медиация тек еңбектегі, отбасындағы және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге, онша ауыр емес, орташа ауыр және кейбір жағдайда ауыр қылмыстық істі шеше алады. Алайда қылмыстық істі медиацияның көмегімен шешу үшін алдымен сотқа бару керек.

 

 

МЕДИАТОР ДЕГЕН КІМ?

 

Медиацияға міндетті түрде үшінші тарап — медиатор қатысуы керек. Ол тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі болмауға тиіс. Оны тараптар өзара келісіп таңдайды. Оның басты міндеті — даудан қос тараптың қанағаттанып шығуына көмектесу. Медиатордың судья секілді билігі болмайды, оның тараптарды қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. 

 

МЕДИАТОР РЕТІНДЕ КІМ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ АЛАДЫ?

 

Медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес (қоғамдық) болуы мүмкін. 

 

Отставкадағы судья немесе жиырма бес жасқа толған, кез келген салада жоғары білімге ие, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша сертификат алған азамат кәсіпқой медиатор бола алады. Оның қызметі ақылы және еңбек ақысын тараптар өзара келісіп төлейді. 

 

Қоғамдық медиатордың рөлін судья немесе қырық жасқа толған азамат атқара алады Қызметі ақысыз. 

 

Барлық медиатор арнайы медиаторлардың тізімінде тіркелуі қажет. 

 

Мемлекеттік қызметкер, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, қылмыстық қудалауға ұшыраған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. 

 

ТАРАПТАР МЕДИАЦИЯДА КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ АЛМАСА ШЕ? 

 

Тараптар бір келісімге келе алмаса, медиация тоқтайды. Кейін дауды сот арқылы шешсе болады. 

 

ТАРАПТАРДЫҢ БІРІ МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ ШАРТТЫ ОРЫНДАМАСА ШЕ?

 

Тараптардың бірі медиация туралы шартты орындамауы мүмкін. Ондай жағдайда екінші тарап сотқа жүгіне алады. 

 

МЕДИАЦИЯ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

 

Жоғарғы соттың статистикасы бойынша Қазақстанда 2018 жылы азаматтық дау бойынша 32 453 дау тараптары медиация арқылы ортақ мәмілеге келген. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 41 650-ге жеткен. Ресми мәліметте соттан тыс, тікелей медиатордың көмегі арқылы шешілген даулардың саны көрсетілмеген. 2019 жылы медиация арқылы ең көп отбасындағы (19 252) және қандай да бір келісім шарттарға байланысты (14 873) даулар шешілген. 

 

Медиация арқылы шешілген істердің саны жыл сайын артса да, отставкадағы судья, медиаторлар тренері, арбитр Халбуви Шарифбаеваның сөзіне қарағанда Қазақстанда медиация баяу дамып келе жатыр. 

 

«Мемлекет медиаторлар қызметі үшін ақы төлемейді. Ал көптеген медиатордың өз қызметіне жарнама жасауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Қазақстанда азаматтардың медиациядан хабары жоқ. Білсе де, халық медиацияға қарағанда өздеріне таныс сотқа көбірек сенеді», — дейді сарапшы. 

 

«Сондай-ақ медиацияда екі тарап бір келісімге келеді. Бірақ оның шартын орындалуын мемлекет қамтамасыз етпейді, қадағаламайды. Бір тарап шартты елемесе, онда екінші тарап сотқа жүгінуі қажет. Бұл бәрі бір медиация тараптары сотқа қайтып келеді деген сөз. Ал медиация сол сот жүйесіне ауыртпалық түсірмес үшін ойлап табылды ғой», — дейді Х. Шарифбаева. Оның ойынша, медиация шешімдері арбитраж шешімдері секілді атқару қағазы арқылы шешілсе, мәселе оңалар еді. 

 

— Арбитраж сотында дау тараптарының бірі оның шешімін уақытылы орындамаса, екінші тарап соттан сол шешімге атқару қағазын ала алады. Атқару қағазы дау тарабына арбитраж шешімін сот шешіміндей орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан медиация туралы шарттың арбитраж шешімі секілді атқару қағазы болса және соның негізінде орындалса, жағдай жақсарар еді, — дейді медиатор тренері.  

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова  

Поделиться

Нет комментариев.

10/08/2020 14:33
14361 0

Уведомление