Әр адамның құқығы бар. Ал міндеті бар ма?

Қоғам мен мемлекетке міндеттіміз бе


26/07/2020
14:02 20265 0

 


 

Барлығының тек айтатыны — адам құқығы. Біз де оның не екенін және не үшін қажет екенін жазған едік. Ендігі сұрақ: адам құқыққа ие болса, міндеттері де бар ма? Дәл осы сауалды заңгер, адам құқығы саласындағы халықаралық құқық маманы Татьяна Чернобильге қойдық. 

 

АДАМ КІМГЕ МІНДЕТТІ?

 

Татьяна Чернобиль:

 

— Адамның құқығы бар және ол ешкімге міндетті емес. Десе де, оның міндеттері бар, бірақ адамды басқа біреу емес, өзі міндеттейді. Адам ақ ниетті, оның басқа адам және қоршаған ортамен жауапты қарым-қатынаста болады деп топшаланады. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларацияның(1) 1-бабында былай делінген: «Барлық адамның тумысынан ақыл-парасаты мен ар-ожданы болады және бір-бірімен бауырмал қарым-қатынаста болуға тиіс». Міне, Жалпыға бірдей декларация адамнан тек осы нәрсені күтеді. 

 

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 29-бабында былай жазылған: «Әр адамның еркін дамуына мүмкіндік беретін қоғам алдындағы міндеттері бар». Құжатқа берілген мұрағат пікірде «бұл бап адамның әлеуметтік табиғатын көрсетеді» делінген. Тағы бір қызығы, бұл пікірдің авторлары адамның мемлекет емес, қоғам алдындағы негізгі міндеттері бар екенін көрсеткен. 

 

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ 

 

Қазақстан Конституциясынның(2) 12-бабында былай делінген: «Республика азаматы азаматтығына сай құқықтарға ие және оның міндеттері бар». Бұл міндеттердің кейбірін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да орындауға тиіс. Оны сөйлемдегі «әркім» деген сөзден түсіне аламыз.  

 

Сонымен, Конституция бойынша: 

 

      1. Әркім Конституция мен Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға, басқа адамның құқықтары мен бостандығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (34-бап); 
      2. Әркім мемлекет рәміздерін құрметтеуге міндетті (34-бап);
      3. Республиканы қорғау — әр Қазақстан азаматының қасиетті парызы және міндеті (36-бап); 
      4. Қазақстан азаматы тарихи және мәдени мұраларға қамқор болуға, оларды сақтауға міндетті (37-бап);
      5. ҚР азаматы табиғат пен оның байлығына ұқыпты қарауға, сақтауға міндетті (38-бап);
      6. Заң белгілеген салықтар мен алымдарды, басқа төлемдерді өтеу — әркімнің парызы мен міндеті (35-бап). 
      7. Балаларына қамқор болу, оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы мен міндеті (27-бап);
      8. Кәмілетке толған, еңбек етуге жарамды балалар еңбек ете алмайтын ата-анасына қамқор болуға міндетті (27-бап); 
      9. Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті (30-бап). 

 

Бұл міндеттердің барлығы конституциялық немесе негізгі міндеттер деп аталады. Олар – Қазақстан заңнамасының негізі. 

 

Бұдан бөлек, азаматтар басқа келісімдердің, мысалы, еңбек шарттарын орындауы керек. Бірақ бұл оның мемлекетпен қарым-қатынасы емес. Сондықтан оған тоқталмаймыз.  

 

АДАМ ӨЗ МІНДЕТІН ОРЫНДАМАСА ШЕ? 

 

Біздің бірінші және ең басты міндетіміз — Конституция мен заңдарды сақтау. Бұл ережелерді бұзу — қылмыс жасау не құқық бұзу деген сөз. 

 

Татьяна Чернобиль:

 

— Қазақстан азаматтары елдің азаматы бола отырып, оның барлық заңына бағынуға міндетті. Мораль мен ар-ожданның қағидалары заңдардың негізі болуға тиіс. Ал мемлекет сол заңдардың қоғамдағы қатынастарды реттеп отыруын қадағалуы керек. Мысалы, жұмыстағы харрасментті дер кезінде құқық бұзу не қылмыс деп есептеу, ал кез келген дамыған қоғам мойындаған біржыныстық қарым-қатынастарды керісінше қудаламау қажет. 

 

Заңдар әділетті және азаматтардың қолдауына ие болуға тиіс. Сонымен қатар олар адам құқықтарының қағидаларына: адам құқықтарының жалпыға бірдей болуы, адам мен құқықтың бір-бірінен ажырамас болуы, теңдік, мемлекеттің адам құқығын құрметтеуі, оны сақтауы мен қорғауына негізделуі керек, яғни адамның құқыққа ие болуы мемлекеттің өзінің алдындағы міндеттері бар деген сөз. Ал адам заң бұзса, жауапқа тартылуы керек. Бұл жерде мемлекеттің басты шаруасы — азаматтардың заң мен сот алдында тең болуын қамтамасыз ету. Ал жаза адамның жасаған құқық бұзу не қылмысына сай болуы керек. 

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ АДАМ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ ҚАНДАЙ?

 

Мемлекет өз азаматы мен басқа елдің азаматының құқығын құрметтеп, бұзбауға, қорғауға міндетті. 

 

Татьяна Чернобиль:

 

— Мемлекеттің әр құқық бойынша міндеттері халықаралық келісімшарттарда жазылған. Қазір мұндай тоғыз құжат бар (Қазақстан оның сегізіне қол қойып, ратификациялады, біреуіне тек қол қойды — ред.). Мемлекет сол құжаттарға қола қоя отырып, адам құқығын бұзбауға ғана емес, сол адамға өз құқығын іске асыруға көмектесуге, сол құқықты бұзғандарды жауапқа тартуға келіседі. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/07/2020 14:02
20265 0

Уведомление