МӘМС деген не және оның бізге қандай қажеті бар?

masa-ның әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы нұсқаулығы


18/01/2021
12:09 8023 0

Әр Қазақстан азаматы МӘМС (не ОСМС) аббревиатурасын естігенімен, оның не екенін жете білетіндер аз: әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәні не, ол өзі тиімді ме, оны қалай пайдалануға болады? Заңгер, MedSupport жобасының негізін салғандардың бірі Ақмарал Тұрсынова masa.media-ға осының бәрін түсіндіріп берді.  

 


 

ГЛОССАРИЙ:

МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.

ТМККК — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі

Бұған мыналар жатады:

            • Жедел жәрдем қызметі;
            • Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК). Қазақстанда адам ауырғанда бірінші кезекте жүгінетін жері — емхана;
            • АИВ және туберкулездің алдын алу әрі анықтау, жарақат алғанда, уланғанда, әлеуметтік мәні бар ауруға ұшырағанда берілетін медкөмек.

Әлеуметтік мәні бар аурулар: АИВ, вирус гепатиті, қатерлі ісік (онкология), қант диабеті, психика бұзылуы, БЦП (балалардың церебрал параличі), сирек кездесетін және аз зерттелген ауру, реуматизм, Паркинсон және Альцгеймер аурулары және тағы басқалары.

ТМККК-ның толық тізімін мына жерден көруге болады. ТМККК көлемі мен тарифін денсаулық сақтау министрлігі бекітеді.

 


 

КЕЙІНГІ ҮШ ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА МӘМС ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛІП ЖАТЫР. ОЛ НЕ ӨЗІ?

Бұл — міндетті медициналық сақтандыру жүйесі. Бұл арқылы азаматтар осыған дейін ақылы болған бірқатар медицина көмегін тегін ала алады. 

Мысалы, кардиолог, эндокринолог, неуропатолог, гинеколог қарауына жазыла алады; дәрумен мөлшерін, қатерлі ісік жасушалары бар-жоғын анықтайтын анализ тапсырып, ПТР, КТ және МРТ тексерістерінен өте алады.

ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мәліметіне сенсек, 2017 жылы Қазақстан азаматтары өз табысының 41 %-ын емделуге жұмсаған. Бұл ДДСҰ ұсынған көлемнен екі есе көп (20 %). 

ҚР Конституциясына сай әр азамат тегін медициналық көмектің кепілді көлемін (ТМККК) пайдалануға құқылы. Бірақ іс жүзінде ТМККК азаматтардың барлық қажетін өтей алмайды. Олар үнемі тексеріс пен еміне қосымша қаражат төлеуге мәжбүр. 

Айта кететін жайт: біз бұрын да, яғни бұл жүйе енгізілгенге дейін де ем ақысын өзіміз төлеп келдік. Күнде естіп жүрген «тегін» медицинаның ақшасы мемлекет бюджетінен, яғни біздің салықтан бөлінеді.

МӘМС ҚАНДАЙ ЖҮЙЕ? 

Жұмыс істейтін азаматтар ай сайынғы жалақысынан сақтандыру жарнасын төлейді. Одан бөлек, жұмыс берушілер әрбір жұмысшысы үшін жарна төлейді.

Балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер мен басқа топтар атынан жарнаны мемлекет төлейді.

Бұл жарналардан ортақ қор құрылады. Бұл қор сақтандырылған азаматтар емделген емхана, аурухана мен станционар шығынын өтейді. 

МӘМС ҚАНША ТҰРАДЫ?

Салық кодексі және МӘМС туралы заңға сай жарна көлемі мынадай:

            • Жұмысшыларға, соның ішінде азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істеп жүргендер — жалақысының 1 % -ы;
            • 2022 жылдан — 2 %-ы.

Жұмыс берушілерге, соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен кооператив шаруа иелеріне:

            • әр қызметкер жалақысының 2 %-ын;
            • 2022 жылдан — 3 %-ын.

Ал фрилансер азаматтар БЖТ (Бірыңғай жиынтық төлем) төлей алады. Ол арқылы медициналық, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне тіркелуге болады. 

Республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындарына БЖТ 2 917 (1 АЕК) теңге болады.

Қала және ауыл тұрғындары үшін БЖТ — 1 458 теңге (0,5 АЕК). 

КІМ МӘМС ЖАРНАСЫН ТӨЛЕМЕЙДІ?

Әскери, арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

МЕМЛЕКЕТ КІМНІҢ АТЫНАН МӘМС ЖАРНАСЫН ТӨЛЕЙДІ?

            • Балалар;
            • Жұмыссыз деп тіркелгендер;
            • Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
            • Үш жасқа дейінгі бала бағып отырған адам (заңды өкілі);
            • Жүктілігіне, бала тапқанына, жаңа туған нәресте асырап алуына байланысты декрет демалысына шыққандар; 
            • Мүгедек балалары бар жұмыссыз адамдар;
            • Зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері;
            • Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;
            • Тергеу изолоятрында отырған адамдар;
            • Жұмыссыз қандастар (оралмандар);
            • «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарына, «Батыр ана» атағына, «Ана даңқының» I және II дәрежелі ордендеріне ие көпбалалы аналар;
            • Мүгедектігі барлар;
            • Мектеп, коллеж, ЖОО студенттері және өзге оқу орны оқушылары;
            • Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз адамдар.

МЕН МӘМС ЖАРНАСЫН ТӨЛЕЙМІН. ҚАЙ КӨМЕКТІ ТЕГІН АЛА АЛАМЫН?

            • Емханада алдын ала қаралу, диагностикадан өту;
            • Кардиолог, эндокринолог, неуропатолог, гинеколог көмегін алу;
            • Қымбат тұратын талдау жасау: ағзадағы дәрумен мөлшерін білу, онкомаркер, ПТР жасату, КТ және МРТ-ға түсу.
            • Оңалту (реабилитация).

МӘМС-ке тіркелгендер мемлекеттік ауруханалар мен емханаларда ғана емес, жеке меншік медицина орталықтарында да емделе алады. Бірақ ол үшін әуелі қор мен медорталық келісімшарт жасасуы керек. 

МЕН МӘМС ЖАРНАСЫН ТӨЛЕМЕЙМІН. ҚАЙ КӨМЕКТІ ТЕГІН АЛА АЛАМЫН?

Онда сізге ТМККК аясында мыналар тегін болады:

            • Аурудың алдын алатын вакцина салғызу;
            • Жедел әрі шұғыл жәрдем;
            • Әлеуметтік мәні бар ауруыңыз болса, емхана және стационарда емделу.  

БІЗДЕ МӘМС-КЕ ДЕЙІН НЕ БОЛДЫ?

МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін барлық тегін медкөмек ақысын мемлекет төледі. Бірақ бұл медицинаға кеткен барлық шығынды өтей алмады Адамдар кейбір медқызметті мемлекеттік ауруханаларда ала алмады. 

Бұл бюрократия мен жемқорлық көбеюіне, медицина жүйесінің құлдырауына себеп болды. Адамдар мемлекет «мынау тегін берілуге тиіс» деген қызметтердің ақысын өздері төлеп жүрді.

Ол кезде ерікті медициналық сақтандыру болған, бірақ оған жарнаны негізінен корпоратив клиенттер төледі. 

МӘМС-ТІ ЕНГІЗГЕН СОҢ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БОЛУЫ КЕРЕК?

Емхана маңызы артады, ал бұл емханаға көп адам баруына себеп болады. ТМККК жойылмайды, солай қала береді. Ол арқылы адамдар жедел жәрдем шақыра, әлеуметтік мәні бар ауруын емдете, вирустың алдын алатын вакцина салғыза алады. Мұның бері тегін болады. 

МӘМС-ТІҢ ҚАНДАЙ КЕМ ТҰСТАРЫ БАР?

 

  • Медкөмектің сапасына медқызметкерлердің жалақысы мен еңбек жағдайы тікелей әсер етеді. МӘМС жүйесін енгізгеннен бастап қызметкерлердің жұмысы көбейді, бірақ жалақысы бұрынғыдай. Бұдан бөлек, емханаларда гинеколог, инфекционист, неуролог сынды мамандар жетіспейді.

 

  • Азаматтар медкөмекті бірдей ала ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. МӘМС-ті төлемегендер мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда ақылы не МӘМС жарнасын төлген соң тегін емделе алады.  

 

  • Бюрократия мен жүйенің ашық болмауының кесірінен науқастар «емделуі» мүмкін. Мысалы, құжатта адам ем алған деп көрсетілуі, бірақ іс жүзінде тіпті емханаға келмеуі мүмкін. Осылайша, арам ниетті қызметкерлер адамды «емдедім» деп мемлекет ақшасын өз қалтасына салады. 

 

  • Қазір қоғамда әлеуметтік салық — халықтан салық жинаудың тағы бір түрі ғана деген пікір бар. Адамдар МӘМС өздеріне еш пайда әкелмейді деп ойлайды. Кей жұмыс беруші әр қызметкер атынан МӘМС жарнасын төлемеу үшін еңбек келісімшартын жасамайды. Осылардың кесірінен жұмысшылар МӘМС-ке тіркеле, тегін ем ала алмай жатыр.  

 

  • Адамдар мемлекет реформалары іске асатына сенбейді, өздерінің қандай құқығы мен  мүмкіндігі барын жете білмейді. Бұл көп адамның дер кезінде медициналық көмек алуына кедергі болып отыр. Қазақстан азаматтарының медицина және құқық жағынан сауатын арттыру — MedSupportkz жобасының басты бағыты.

 

МЕН МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТІРКЕЛГІМ КЕЛЕДІ. НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

            1. Сақтандырылғансыз ба, жоқ па, оны egov.kz порталы не Әлеуметтік сақтандыру қоры сайтынан қарап, 1406 нөміріне қоңырау шалып не @SaqtandyryBot телеграм-боты арқылы тексеріп біле аласыз.
            2. Емханаға тіркеліп, отбасы дәрігеріңіз кім екенін біліңіз.
            3. Созылмалы ауруыңыз не оған бейімсіз бе, жоқ па, соны анықтап алыңыз. 

Сақтандыру мәртебесін қалай білсеңіз, емханаға қалай тіркелсеңіз болады, әртүрлі ауруы бар адамдар қандай көмекке жүгіне алады — оны келесі бағанамнан оқыңыздар.  

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

18/01/2021 12:09
8023 0

Уведомление