Қазақстанда саяси партияны қалай құруға болады?

masa нұсқаулығы


27/01/2021
12:25 17285 0

Дима Билан «мүмкін емес нәрсе жоқ» деп ән шырқап еді ғой. Ол бізді алдаған екен. Заманауи Қазақстанда «мүмкін емес нәрсе жоқ» деген формула іске аспайды десек болады. Мысалы, бізде жаңа саяси партия құру мүмкін емес, тіпті оның арты репрессияға ұласуы мүмкін. Неге екенін түсіндірейік. 

 

ПАРТИЯ ДЕГЕН НЕ ӨЗІ?

Бұл — саяси көзқарасы бір, саясат пен мемлекетті басқаруға қатысқысы келетін азаматтар бірлестігі. 

 

«Саяси партиялар туралы» заңына сәйкес: 

 

            • Партия халық атынан сөйлей алмайды.

            • Барлық партия заң алдында тең.

            • Қазақстан азаматтарының партия құруға құқы бар.

            • Адам тек бір партияға мүше бола алады.

            • «Мына партияға мүше екен» деп адамның құқығы мен бостандығын шектеуге болмайды.

            • Әркім партияға мүше екенін айтуға және айтпауға құқылы. 

 

ҚАЗАҚСТАНДА ПАРТИЯ ҚҰРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

1. Сізге жақтас кем дегенде 1 мың адамды жинап, съезд ұйымдастыру керек. Ол съезге Қазақстан өңірлерінің үштен екісінің, яғни 17 аймақтың 12-інің тұрғындары келуі керек. 

 

Бірақ әуелі ұйымдастырушы комитет (онда кем дегенде 10 адам отыруы керек) құру және басқа да рәсімдерден өту қажет.

 

2. Бұл комитет Әділет министрлігіне партия құратынын хабарлайды. 

 

3. Министрлік құжаттарды алғанын растайтын хат береді. Содан кейін ұйымдастыру комитеті іске кірісе алады. 

 

Министрлік құжаттарды қабылдағанын сол күні растауға міндетті. Бірақ 2009 жылға дейін заңнамада министрлік қандай мерзімде растау хатын беруге тиіс екені жазылмай келді. Сондықтан тіркелмеген партиялар бұл хатты жылдап күтетін еді. 

 

Құрылтай съезіне керек барлық құжат бар. Бірақ 2008 жылдан бері заңда құжаттарды қарау мерзіміне шектеу қойылмаған деген сылтаумен Әділет министрлігі жиналып тұрған 65 мың қолды әлі тексеріп жүр, — деген «Халық рухы» қозғалысына қатысушы Серікжан Мәмбеталин 2015 жылы. 

 

Ақырында партия тіркелмей қалған. 

 

4. Егер партия Әділминнен растау хатын алса,  екі ай ішінде құрылтай съезін өткізуі керек.

Бұл жиналыста қатысушылар саяси партия құратыны, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы мен атқарушы органдары жөнінде шешім шығарады. 

 

Съезд өткізу үшін ұйымдастырушы комитет:

 

            • Әділминнен растау хатын алғанан кейін бір айдан кешіктірмей БАҚ арқылы партия құратынын, құрылтайы съезі қашан және қайда өтетінін хабарлауы; 
            • банкте шот ашуы керек.

Партияны тіркеу үшін оған Қазақстанның барлық өңірінен кем дегенде 20 мың адам мүше болуы керек. Әр өкілдіктің кем дегенде 600 мүшесі болуға тиіс.

 

ТІРКЕУГЕ ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР:

 

            • Өтініш.

            • Партия жарғысы мен бағдарламасы.

            • Құрылтай съезінің хаттамасы.

            • Партия мүшелерінің тізімі.

            • Заңды тұлғаны тіркеу алымдарын төлегені туралы құжат.  

 

Партия құжаттарды құрылтай съезі өткеннен кейін төрт ай ішінде Әділминге тапсыруы, ал тіркелген соң жарты жыл ішінде аймақтардағы филиалдары мен өкілдіктерді тіркеуі керек. 

 

 

ҚАЗАҚСТАНДА ПАРТИЯ ТІРЕУГЕ ҚАТЫСТЫ МЫНАДАЙ ТЫЙЫМДАР БАР:

 

            • Қазақстанның билік жүйесін өзгертуге, елдің тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтегі, нәсіл, ұлт, дін, тек-топтар мен рулар араздығын қоздыруды мақсат еткен партия құруға және олардың қызметіне;
            • Азаматтардың кәсібі, нәсілі, ұлты, этникасы мен дініне қарап партиялар құруға;
            • Мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында партия құруға;
            • Әскерилендірілген партия мен партия жанында әскерилендірілген құрылым құруға;
            • Партиялардың мектеп пен университеттерде үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салынған.

БІЗДЕ ҚАНША ПАРТИЯ БАР ЖӘНЕ ОЛАР ҚАШАН ҚҰРЫЛДЫ?

 

Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар: 

 

            • Nur Otan.

            • ADAL. 2020 жылғы қарашаға дейін «Бiрлiк» деп аталып келді.

            • «Ақ жол».

            • ҚХП — Қазақстанның халық партиясы. 2020 жылғы қарашаға дейін Коммунисттік халық партиясы деп аталып келді.

            • «Ауыл».

            • ЖСДП — Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

2021 жылғы 10 қантарда ЖСДП-дан басқасының бәрі Мәжіліс пен мәслихат сайлауға түсті. Біздің мына сериямыздан әр партия туралы толығырақ оқыңыз.

 

Nur Otan 1999, «Ақ Жол» 2002, «Ауыл» 2003, ҚХП 2004, ЖСДП 2007 жылы тіркелді.

 

Ең кейін ресми құрылған партия — ADAL («Бiрлiк») партиясы. Ол 2013 жылы тіркелді. Айта кететін жайт, бұл партия басқа екі партияның — «Әділет» (2004-те тіркелді) пен «Руханияттың» (2003-те тіркелді) бірігуі аясында пайда болды. 

 

ҚАЗАҚСТАНДА ПАРТИЯ ҚҰРУҒА ТАЛПЫНЫП ЖҮРГЕНДЕР БАР МА?

 

Бар, бірақ әлі күнге дейін тіркей алмай жүр. 

 

2019 жылғы қазанда журналист әрі азаматтық белсенді Жанболат Мамай Демократиялық партия құрғанын мәлімдеді. Ол жеткілікті жақтас санын жинап, құрылтай съезін өткізем деп еді, бірақ бастамашыл топтың көптеген мүшесін полиция ұстап әкеткен не оларға шабуыл жасалған.

 

— Съезге 10 күн қалғанда біздің белсенділер қудалана бастады. 100-ге жуық адам ұсталды, әкімшілік қамауға алынды, қылмыстық іс қозғалды. Тіпті Жаңаөзенде біреулер белсендіміз Мұратбай Жұмағалиевтің көлігін өртеп жіберген. Маңғыстау облысында 30-ға жуық адамды ОМОН мен полицейлер ұстап әкетті, Алматыға баруына кедергі жасады. Ойдан шығарылған себептермен алты адам бес тәулікке қамалды, — дейді Жанболат.

 

Жанболат Мамай

 

 

Белсенділер митиңге шығып, қозғалысты ресми түрде тіркеуге тырысып бағып жатыр.  Бірақ, Мамайдың айтуынша, Қазақстан заңнамасы жаңа саяси партия құруға мүмкіндік бермейді. 

 

Егер саяси партия билік, мемлекеттік органдарға тәуелді болмаса, онда ол ресми түрде тіркелмейді. Заңды толығымен өзгерту керек. Менің ойымша, партия құру үшін оған 500 адам мүше болғаны жеткілікті. Көрші Ресейде де 500 мүше болса жетіп жатыр, бірақ онда 146 миллион адам тұрады ғой. АҚШ-та бәрі штаттарға байланысты, дегенмен адам партия құрғанын жарияласа болды. Тағы бір айта кететін жайт — ол сайлауға қатысу, халықтың қолдауын алу. Онда жүздеген партия бар, бірақ сайлауға аз қатысады. Бұл олардың қайсы бай екенін көрсетеді. Жаңа партиялар тіркелсін, содан кейін сайлау халық қолдауына кім ие екенін көрсетсін. Бірақ біздің билік бұған дәті бармайды, саяси алаңымыз монополияланған.

 

2019 жылы Мамайдан басқа бірнеше белсенді өз партиясын тіркеуге құжаттарын тапсырғанын мәлімдеді.

 

— Алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 2019 жылы Қазақстанда саяси белсенділік біршама өсті,  2017—2018 жылдары саяси партия құрам деген ешкім болмады, — деді әділет вице-министрі Наталья Пан 2020 жылғы мамырда.

 

Оның айтуынша, министрлік жеті топтың бесеуін тіркемеген, біреуінің ұйымдастыру комитетінің мерзімі өтіп, тағы біреуі тексеруден өтті. 

 

Мысалы, эколог Мэлс Елеусізов, HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева, белсенді Санавар Зәкірова партия құрмақпын деп хабарлаған. 

 

Елеусізов карантин біткеннен кейін процесті бастайтынын айтты. Ал Қожалиева биліктен қысым көріп отырғанын мәлімдеді:

 

— Қозғалысымыз ашылғанан бері бізге ҰҚК де, президент әкімшілігі де, әкімдік те осы электорал кезеңде партия тіркеуге жол бермейді деп біреулер талай айтқан.

 

Зәкірова 2020 жылғы шілдеде Nur Otan партиясы мүшесінің қызымен болған оқиғаға байланысты «бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені» үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.

 

2020 жылдың желтоқсанында азаматтық белсенділер Әсия Төлесова мен Әлия Жолболдина Progress партиясын құратынын мәлімдеді. Құрылтай съезі 2021 жылғы маусымда болады деп отыр. 

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/01/2021 12:25
17285 0

Уведомление