Қазақстанның Қарулы күші туралы 6 факт

Қазақстан әскер жағынан дүниежүзінде нешінші орында


06/05/2021
14:21 9842 0

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Осыған орай masa.media елдің қарулы күші туралы алты факт жинады.

 

Қарулы күш деген не? 

 

Қорғаныс және Қарулы күштер туралы заңға сәйкес, Қарулы күш — Қорғаныс министрлігіне қарайтын барлық бөлім мен мекеме:

 

  • Құрлық күштері;
  • Әуе қорғанысы күштері; 
  • Әскери теңіз күштері;
  • Әскери білім беру мен ғылым орындары және тағысын-тағы. 

Басты міндеті — халықты басқа елдің агрессиясынан қорғау, мемлекет тұтастығын ұстап тұру, мемлекеттік және әскери нысандарды, әуе кеңістігін күзету. 

 

Неге бұл мереке 7 мамырда тойланады? 

 

Себебі Қазақстанның Қарулы күштері 1992 жылғы 7 мамырда құрылды. 

 

Қазақстан әскер жағынан дүниежүзінде нешінші орында? 

 

Global fire power рейтиңінде Қазақстан 140 ел арасында 62-орында тұр. Көш басында — АҚШ, Ресей мен Қытай. 

 

Зерттеушілер рейтиңді 50 факторға сүйеніп жасаған. Ең негізгілері: 

 

  • қорғанысқа кететін қаражат;
  • әскер саны;
  • танк, кеме, ұшақ, тікұшақтар мен басқа да әскери техника саны және тағысын-тағы. 

 

Қазақстан қандай әскери одаққа мүше? 

 

Қазақстан әскери одақтардан Ұжымдық қауіпсіздік келісімі мен ТМД-ның біріккен әуе қорғанысы жүйесіне мүше.

 

Бірінші бірлестіктің құрамында Қазақстаннан басқа Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан бар. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАН — КӨПТЕГЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМҒА МҮШЕ. МҰНЫҢ БІР НӘРСЕГЕ ЫҚПАЛЫ БАР МА, ӘЛДЕ ҚҰР МАҚТАНУ МА?

 


 

Бұл елдер осы келісім аясында қандай да бір агрессия, табиғи апат не халықаралық террористерден қорғауда бір-біріне әскер жағынан көмектеседі. 

 

Ал Біріккен әуе қорғанысы жүйесіндегі елдер ТМД-ның әуе кеңістігін бірігіп қорғайды, бақылайды. 

 

Қазақстанда 7 300 әйел әскери қызметте 

 

Жалпы, елде әскери қызметкер саны — 135 мың. Қорғаныс министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, оның 7 300-і — әйел.  

 


 

Әскери қызметкер деген: 

 

  • мерзімді әскери қызметтен өтіп жатқандар; 
  • әскери қызметке келісімшарт арқылы жұмыс істеп жатқандар;
  • арнайы әскери оқу орындарында оқып жатқандар.

 


 

Олардың 800-дейі — офицер, 6 300-дейі — сарбаз (матрос) бен сержант (старшина). Көбі — байланысшы, медицина және қаржы қызметкері, заңгер, аудармашы, кадр қызметкері, іс жүргізуші және оқытушы. 

 

Тәуелсіздік алғаннан бері мерзімді әскери қызметтен 900 мың адам өтті 

 

1991 жылдан бері Қазақстанда мерзімді әскери қызметтен 900 мың ер адам өтсе, қазір 18 мыңдайы өтіп жатыр. 

 

Елде әскерге тек ерлер шақыралады. Ал әйелдер онда келісімшарт арқылы істей алады.

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МЕНІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫП ЖАТЫР. НЕ ІСТЕУІМ КЕРЕК?



 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

06/05/2021 14:21
9842 0

Уведомление