Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі: «Үкімет басындағылардың өздері экстремист»

Бұл саяси тапсырыспен болған қудалау


23/06/2023
17:17 4466 0

 

«Қаншама боздақты қабірінен қазып алып, әруақтарды соттап жатқан үкімет ұялмағанда, мен ұлым үшін неменеге ұялуым керек?» дейді изолятордан шықпастан екі айға қамауға алынған журналист Думан Мұхаммедәрімнің әкесі Алмаз Тілепов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

 

– Мен баламның ісін түгелдей қолдаймын. Оны экстремистке теңеп отырған үкімет басындағылардың өзі экстремист. «Ескертусіз оқ атуға» бұйрық беріп, Қаңтарда қырып тастады ғой. Қаншама қазақтың боздақтары кетті. Соның біреуіне жауап берді ме? Ешкім де жауап берген жоқ. Қаншама боздақтарды көміп тастаған жерінен қазып алып, әруақтарды соттап жатқан үкіметтің басындағылар ұялмағанда мен ұлым үшін неге ұялуым керек? Олардың өзін соттау керек. Торғайда өзі баласын қорғайды. Мен де өз баламды қорғау үшін қолымнан келгенінің бәрін істеймін, – деді Тілепов. 

 

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюрода өткен жиынға Алмаз Тілеповтан бөлек, адвокат Ғалым Нұрпейісов, қоғам қайраткерлері Рысбек Сәрсенбайұлы және Жарқын Күрентаев қатысты. 

 

Рысбек Сәрсенбайұлы Думан Мұхаммедкәрімді қудалау саяси тапсырыс деп есептейді.  

 

– Бұл саяси тапсырыспен болған қудалау. «Экстремистік ұйымға қатысы бар, соны қаржыландыруға септігін тигізеді» деген айыптаулар түкке тұрмайды. Бұл оның бас бостандығынан айырып, журналистік кәсібіне шектеу қою. Думанның көрермендері, оқырмандары оның сөзіне сенеді, үміт артады. Ал билік одан қатты қауіптенеді. Дәл осындай қудалауды бұған дейін де көп адам басынан кешті. Бұл қудалауға негіз болып отырған 2018 жылы Астананың Есіл аудандық соты қабылдаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп тану жөніндегі шешімі. Осы шешімге сүйеніп, менің есебімше, жүзден астам адам қудалау көрді. Қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылды. Бұл жерде Думанды Мұхтар Әбілязовпен (оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир – ред) болған сұхбатына байланысты айыптап отыр, – деді Сәрсенбайұлы. 

 

Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, қазір Ресейде «соғыс» деген сөзді айтуға болмаса, Қазақстанда «митинг» деген сөзді айтуға болмайды. 

 

– Бізде қазір айтуға болмайтын сөздер бар. Қазір Ресейде «соғыс» деген сөзді қолдансаң бәлеге қаласың ғой, бізде «митинг», «өзгеріс жасау керек», «билікті кетіру қажет» деген сөздерді айтуға болмайды. Бірақ ешкім қарулы көтеріліске шақырып жатқан жоқ. «Билікті кетіру керек» деген сөзі экстремистік пиғыл деп қабылдау барып тұрған ақымақтық болар еді, – деді ол. 

 

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сот 22 маусымда ешкімді тыңдамастан Думан Мұхаммедкәрімді екі айға қамауға шешім шығарған. 

 

– Кеше кешке тергеу соты онлайн режимде өтті. Бізді тыңдамастан сот Думан Мұхаммедкәрімді екі айға қамауға алды. Оны Талдықорғандағы тергеу изоляторына жіберді. Алматы, Талдықорғандағы тергеу изоляторларында орын жоқ. Бұл нені білдіреді? Біз полицейлердің мемлекетіне айналдық. Конституцияның 20 бабы бойынша, кез келген адамның ақпарат алуға құқығы бар. Ал Думан журналист ретінде сол ақпаратты жинап, біздің ақпарат алу құқығымыздың сақталуына көмектесті. Оларды оппозициялық журналистер деп атайды. Бірақ ол шындықты айтатын журналистер, – деді Нұрпейісов. 

 

Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен ҚР ҚК 405-бабы бойынша, атап айтқанда, Мұхтар Әбілязовпен болған сұхбат кезінде «тыйым салынған ұйымды қолдады» және «экстремистік ұйымды қаржыландыруға көмектесті» деген айып тағылған. 

 

Ғалым Нұрпейісов қазір Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашар екенін айтады. Оның сөзінше, Іле аудандық полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаев оны емдеуге жібереміз деп бірнеше рет уәде берген. Бірақ сол күйі жібермеген. 

 

– Біз полиция бастығы Болат Тотыбаевқа үш рет бардық. Ол Думанды емдеуге жіберуге уәде берді. Бірақ сол күйі жібермеді. Бүйрегі дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты қазір оның қаны қоюланып кетті. Қан қоюлығы инсульт, инфарктқа алып келуі мүмкін. Кеше сотта Думан оларға «егер маған бір нәрсе болатын болса, сендер кінәлі боласыңдар» деп айтты, – деді ол. 

 

 

Тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім 22 маусымда әкімшілік қамаудан шығуы керек болған. Бірақ кеше оның изолятордан шықпастан 48 сағатқа қамауға алынғаны белгілі болған. Бүгін ол сот шешімімен екі айға қамалып, Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына жөнелтілген. 

 

«Не дейді?» ютуб арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім билікті, президент Тоқаевты ашық сынайды. Ол 19 наурызда өткен парламент сайлауынан кейін үш рет әкімшілік қамауға алынған. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

23/06/2023 17:17
4466 0

Уведомление