Жойқын зілзала болса, Алматыдағы үйлердің 30 пайызы қирауы мүмкін
Медеу және Бостандық аудандарында қирау қауіпі жоғары

Фото: Ашық дереккөзден
Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30 пайызы қирауы мүмкін. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді.
– Болжам бойынша, 9 балл және одан жоғары амплитудасы бар жойқын жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30%-ы қирауы мүмкін, – деді ол.
Оның сөзінше, жоғары амплитудадағы жер сілкінісі болған жағдайда Алматының Медеу және Бостандық аудандарында ғимараттардың қирау қауіпі жоғары. Салыстырмалы түрде Түркісіб ауданы қауіпсіз.
23 ақпанда Тәжікстанда магнитудасы 7 балдық жер сілкінісі болды.«Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедиция» мекемесінің мәліметінше, бірінші жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 6:37-де болған. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-батысынан 696 шақырым жерде, Тәжікстан аумағында. Энергетикалық класы – 16.0. Магнитудасы – 7.0. Жерасты дүмпуі 20 шақырым тереңдікте болған. Алматы мен Шымкентте Рихтер шкаласы бойынша 2-3 балдық жер сілкінісі сезілген.

Пікірлер жоқ.