Жоғары сот «саяси тұтқын» Ерұлан Әміровтің өтінішін қараудан бас тартты
Ол енді Конституциялық сотқа шағымданбақ
Фото: Ашық дереккөзден
21 тамызда Жоғары сот «терроризм» бабымен жеті жылға сотталған белсенді Ерұлан Әміровтің кассациялық шағымын сот алқасына жіберуден бас тартты. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.
Cот Әміровтің ісін қайта қарауға ешқандай негіз жоғын алға тартып, адвокат Досқараевтың түсірген өтінішхатын қанағаттандырмаған.
Мұны естіген Әміровтің жақтастары «Масқара!» деп айқайлаған. Жоғарғы сот қызметкерлері олардан сот залын босатуды талап еткен. Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова «әділ шешім күттім» деп жылады. Ол Конституциялық сотқа шағым жазатынын айтқан.
Жоғарғы сот Әміровтің жақтастарына сотқа ұялы телефон алып кіруге рұқсат бермеген. Әміровтің жақтастары «мұндай талап Конституция мен қылмыстық іс жүргізу кодексіне қайшы» екенін айтқан
Судья журналистерге да сот залын видеоға түсіруге тыйым салып, аудио жазуға ғана рұқсат берген.
7 тамызда белсендінің кассациялық шағымы бойынша алдын ала тыңдау өткен. Жоғарғы сот Әміровтің ісі бойынша адвокат пен қоғамдық қорғаушысы келтірген уәждерін тексеру үшін шағымды қарауды кейінге қалдырған. 21 тамыздағы сотта Әміровтің адвокаты мен қоғамдық қорғаушысы тағы сөйлеген.
2022 жылы 16 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік алауыздық қоздыру», «Терроризмді насихаттау», «Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу» баптарымен белсенді Ерұлан Әміровті кінәлі деп танып, 7 жылға соттаған. Құқық қорғаушылар Әміровті «саяси тұтқын» деп таныған.
Былтыр 22 маусымда Шымкент қалалық соты Ерұлан Әміровті ақтау туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Белсендінің жақындары аппеляциялық сот қаулысына наразы болып, кассациялық шағым түсірген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Әміровті «саяси тұтқын» деп таныған. Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеоларында Қазақстан билігін сынап, Қазақстанда тыйым салынған «Көше партиясының» (Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым дейді) наразылық шараларына қатысқан.
Пікірлер жоқ.