Жоғары сот белсенді Ерұлан Әміровтің ісі бойынша кассациялық шағымды қарауды кейінге қалдырды
Төменгі сатылы сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырған
Фото: Ашық дереккөзден
Жоғары сот белсенді Ерұлан Әміровтің ісі бойынша кассациялық шағымды қарауды кейінге қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.
Жоғары сот алқасы Ерұлан Әміровтің адвокаты мен қоғамдық қорғаушысы келтірген уәждерді тексеру үшін шағымды қарауды кейінге қалдырды. Келесі сот отырысы қашан өтетіні белгісіз. Сот Азаттық радиосының тілшісіне сот отырысынан фото-видео түсіруіне тыйым салып, тек аудио жазуға рұқсат берген.
Сот алқасы Әміровті қолдап келген жақтастарына процеске «плакат ұстап келу – сотқа жасалған қысым» деп ескерткен және залға телефон алып кірулеріне тыйым салған.
Сотта Ерұлан Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова ұлының психикалық ауруы бар екенін айтып, ресми тіркелмесе де «шизофрения» диагнозы қойылғанын мәлімдеген.
Әміровтің денсаулығына байланысты анасы Ниязбекованың талап-арызымен үш рет сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, арызды прокуратура мен түзеу мекемесі қолдаған. Ал Алматы облысындағы психиатриялық емхана Әміровтің аурудан айыққаны жөнінде анықтама берген.
Ерұлан Әміровті 2022 жылы 16 мамырда Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты «әлеуметтік алауыздық қоздыру», «терроризмді насихаттау» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған.
Белсенді әлеуметтік желіде билікті сынап видеолар жариялап жүрген. Ол видеолардың бірінде «жиһад» туралы айтқан.
Былтыр 22 маусымда Шымкент қалалық соты Ерұлан Әміровті ақтау туралы апелляциялық шағымды қанағаттандырмаған. Белсендінің жақындары апеллциялық сот қаулысымен келіспей Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірген.
Пікірлер жоқ.