Жұмыстағылар қырындап тиіссе, қайтпек керек?

masa.media нұсқаулығы


29/09/2021
12:32 7567 0

Материалды дайындауға көмектескен Құқықтық саясатты зерттеу орталығына (LPRC) алғыс айтамыз. 

 

2010 жылы Қостанай облысында мектепте гардеробшы боп істейтін Анна Белоусоваға директор қырындап тиісіп, қорқытып-үркітіп ақшасын алып алады. 

 

Көп ұзамай Анна жұмыстан қуылады, қаланың білім бөлімі мен полицияға шағым жазады, бірақ ондағылар мұны қылмыс деп танымайды. Кейін мектеп директоры оны жала жапты деп сотқа беріп, жеңіп шығады. 

 

Жаза ретінде Белоусова көпшілік алдында кешірім сұрауға тиіс болды. 

 

2012 жылы Анна құқық қорғаушылардың көмегімен БҰҰ Әйелдерді алалауды жою комитетіне жүгінеді. Үш жылдан кейін комитет Аннаның айтқаны шын деп шешім шығарып, Қазақстан билігін оған моральдық және материалдық өтемақы төлеуге үндейді. 

 

Анна Белоусованың кейсі елдегі бірыңғай жағдай десек болады. Себебі жұмысында сексуал харассментке ұшырағанын әйелдер ұят болады деп не қорыққаннан, өз құқығын білмегеннен ешкімге айтпайды. 

 

Әріптесіңіз не бастығыңыз қырындап тиіссе қайткеніңіз жөн? Қалай әрекет ету керек? Құқық бұзған жауапқа тартыла ма? 

 

Біз мұны Құқықтық саясатты зерттеу орталығының заңгері Аяжан Ойратпен бірге анықтаймыз. 

Сексуал харассмент деген не? 

 

Харассмент деп адамға ыңғайсыз орта туғызатын кез келген әрекет: тиісу, балағаттау, ұятқа қалдыру және тағы басқасы. 

 

Сексуал харассмент деген қырындап тиісу. 

 

Заңгер Аяжан Ойрат оның бірнеше түрі бар дейді:

 

        • Физикалық: жағымсыз әрекет мен ұсыныстар, мысалы, арқадан қаққылау, шымшып жіберу, аймалау, сипау, құшақтау, сүйіп алу немесе кез келген басқа физикалық әрекет. 
        • Вербал: интим сипаттағы өтініш не талап. Мысалы, жалақыңды көтерем деп секске мәжбүрлеу. Сексуал сипатта тіл тигізу, ұлты, нәслі, келбетіне қарап дөрекі сөз айту; әзілдеу.
        • Вербал емес: әдепсіз қылықтар мен ишарат, қырындап қарау, тіл тигізетін не ерсі дыбыс шығару, ысқыру. 
        • Психологиялық қысым: осының бәрі адамның психологиясына қысым жасайды. 
        • Керек емес дегенді елемей порнографиялық фото не видео көрсету. 


 

Сексуал харассмент қош сөз айту, флирт немесе ұнататынын білдіру емес. 

 

Флирт — екі жаққа да жағатын іс-әрекет. Бірақ, мысалы, қыз жігітке ұнамайсыз, қысылып тұрмын деп тоқтауын сұраса, флирт пен жағыну харассментке айналады. 

 

Әлеуметтанушы мен психологтар қырындап тиісетін адам мұны секс қалағандықтан емес, көбіне басынғысы келетіндіктен не жазаланбайтынын білгендіктен істейді дейді. 

 


Бастығым не әріптесім қырындап тиіссе, қайда хабарласуым керек? 

 

Әріптесіңіз не бастығыңызға іс-әрекеті ұнамайтынын айтыңыз. Ұсыныс, ишарат, физикалық әрекеті жағымсыз екенін айтып, тоқтауды талап етіңіз. 

 

Айтқаныңызды тыңдамаса, жоғары басшылыққа не кадрлар бөліміне барып, шағым түсіріңіз. Олар шағымыңызды қабылдауға тиіс, ал қолыңызда дәлел болса (алмасқан хаттардың скриншоты, қоңыраулар жазбалары, фотосуреттер, бейнелер), бұл істі назардан тыс қалдырмауға міндетті.

 

Ондағылар да әрекет етпесе, полицияға барайын ба?

 

Полицияға мынадай жағдайда хабарласу керек: 

 

        • Жаңағы адам секске мәжбүрлесе, қорқытып-үркітсе, бопсаласа, лауазымыңызға бола, мысалы, жалақыңды көтерем не жұмыстан шығарам деп психологиялық қысым көрсетсе. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 123-бабына («Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, сексуалдық сипаттағы әрекеттерге итермелеу») сай іс қозғауға болады. 
        • Тіл тигізсе, қорқытып-үркітсе — бұған Қылмыстық кодекстің 131-бабында («Қорлау») тыйым салынған. 

  

Полиция әріптесіңіз не бастығыңыздың әрекеті қылмыс емес десе, азаматтық сотқа барып, ар-намысыңыз бен қадір-қасиетіңізді қорғау үшін талап-арыз жазыңыз. 

 

Не болса да, адвокат жалдағаныңыз дұрыс, қырындап тиісудің түр-түрі бар, сондықтан стратегия да әртүрлі болады. 

Тиіскен адам қалай жазаланады? 

 

— Қазақстанда харассментке ұшырағандарды қорғау деңгейі өте төмен. Еңбек кодексінде сексуал харассмент не екені түсіндірілмейді, ол тіпті алалаудың бір түрі боп саналмайды. Соның кесірінен азаматтарды қорғауға қатысты бірыңғай тәртіп жоқ, — дейді заңгер Аяжан Ойрат.

 

Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген адам 3 мың АЕК-ке (8,7 миллион теңге, 2021 ж. 1 АЕК = 2 917 теңге) дейінгі айыппұл төлейді не үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 

Ал тіл тигізгендер 100 АЕК-ке дейінгі (291 700 теңге) айыппұл төлейді не түзеу жұмысына жегіледі. 

 

— Басшы не әріптестің кез келген әдепсіз әрекеті тиісу деп есептеледі. Егер жұмыс берушіге қырындап тиісу әдепсіз және ұят қылық екенін дәлелдесеңіз, ол тиіскен адамды жұмыстан Еңбек кодексінің 52-бабына сай қуа алады, — дейді Аяжан Ойрат.

 

Ал басшы не әріптес жұмыс уақытында мұғалім, медицина немесе фармацевтика қызметкеріне тиіссе, қылмыскер 80-1-бабы («Медициналық және фармацевтика қызметкерлерінің жұмысына кедергі болу») не Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сай жауапқа тартылады («Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу»).

 

Мұғалімге тиіскендер 30 АЕК (87 510 теңге) көлемінде айыппұл төлейді, ал медицина және фармацевтика қызметкеріне тиіскендер дәл осы көлемде айыппұл төлейді не 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамалады. Егер жәбірленген адам азаматтық сотқа шағым түсірсе, онда тиіскен адамға кешірім сұратуға, моральдық өтемақы төлетуге болады.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

29/09/2021 12:32
7567 0

Уведомление