ЖК мен ЖШС: Қайсын ашқан тиімді?

Masa нұсқаулығы: кәсібіңізді тіркерде осы сұрақтарға жауап беріңіз


22/04/2021
12:43 5346 0

ЖК деген не? 

Жеке кәсіпкер, тек өз атынан кәсіп жүргізіп отырған жеке тұлға, адам.

ЖШС деген не? 

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік, заңды тұлға. Қарапайым тілде айтсақ, бірлесіп кәсіп ашқан адамдар я ұйымдар. 

ЖК не ЖШС-ны не үшін тіркеу керек?    

Кәсіппен заңды түрде айналысып, салық төлеу үшін. 

Егер: 

  • тұрақты істейтін жұмысшыларыңыз болса; 
  • кәсібіңізден жылына ең төмен жалақыдан 12 есе (510 000 теңге) артық табыс тапсаңыз; 
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін сатсаңыз, кәсібіңізді міндетті түрде тіркеуіңіз қажет. 

Әйтпесе, шаруаңыз заңсыз болып саналады. 

 

Қайсын тіркеген тиімді: ЖК-ны ма, әлде ЖШС-ны ма?  

Әуелі мына сұрақтарға жауап беріңіз:

Бизнесті тек өзіңіз жүргізесіз бе, әлде біреумен бірігіп істейсіз бе?  

Басқа біреумен бірге кәсіп жүргізбекпін, барлығымыздың құқығы тең болсын десеңіз, ЖШС ашыңыз. Кәсібіңіздің иесі тек өзіңіз болсаңыз, ЖК ашыңыз.

Бизнесіңізді кеңейтпек ойыңыз бар ма? 

Алдағы уақытта бірнеше қалада филиал ашам десеңіз, ЖШС ашқаныңыз дұрыс. 

Кәсібіңіз тек бір жерде болса, ЖК-ны таңдағаңыз жөн.

Бизнесіңізді сатқыңыз келе ме? 

Қалыптасып қалған атауы мен клиент алдында беделі бар ЖШС-ны сатқан оңай.

Ал ЖК-ны олай тез сата алмайсыз. Әрине, оның мүлігін бөліп-бөліп бере аласыз, бірақ ЖК-ның өзін дайын бизнес ретінде сата алмайсыз. 

Жеке мүлігіңізді тәуекелге тігуге дайынсыз ба? 

Кейде қарыз алып, оны уақытылы төлей алмауыңыз, ал іс сотқа дейін жетуі мүмкін. 

Бизнесіңіз ЖК болса, сот орындаушылары келіп, үйіңіз, көлігіңіз, жеке шотыңыз бен депозитіңізді бұғаттап тастауы ғажап емес. 

Ал ЖШС болса, ұйымның мүлкін не сіздің серіктестіктегі үлесіңізді бұғаттауы мүмкін, яғни жеке мүлкіңізге тиіспейді. 

Лимиттен асып, ірі салық төлеуге дайынсыз ба? 

Көптеген кәсіпкер оңайлатылған декларация режимінде жұмыс істегенді құп көреді. Себебі осылай аз салық төлеуге, бірнеше жеңілдік алуға болады. Дегенмен бұл режимнің өзіндік лимиті бар. Одан асып кетсеңіз, кәсіпорын аутомат түрде жалпыға бірдей салық тәртібіне ауысады. ЖШС-ның мұндай режимде төлейтін салығы ЖК-ікінен бірнеше есе көп болады. 

Қандай негізгі салық тәртібі бар?

  • оңайлатылған декларация; 
  • шаруа қожалығы үшін; 
  • патент;
  • жалпыға бірдей; 
  • бөлшек сауда (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтардан дейін). 

ЖК-ны қалай тіркеймін? 

ЖК мен ЖШС-ны өзіңіз де, заңгер көмегі арқылы да ашуға болады. 

ЖК ашарда egov.kz порталы арқылы мемлекетті хабардар еткен жеткілікті. Ол үшін ЭЦҚ (электрон цифр қолтаңба) қажет. 

ЖШС-ны қалай тіркеймін? 

ЖШС ашу үшін мыналар қажет: 

  • Атауы. Тура осындай аттас басқа ЖШС бар-жоғын тексеріп алыңыз; 
  • Заңды мекенжайы; 
  • Қызмет түрі;
  • Ауқымы: шағын, орта немесе ірі бизнес; 
  • Жарғы капиталы: шағын бизнес — 0 АЕК, ал қалғандары — 100 АЕК.

Офлайн тіркелу үшін құрылтай шартына қол қойып, ЖШС құру туралы шешім шығарып, жарғы бекіту қажет. 

Онлайн тіркелер болсаңыз, бұлардың бәрін орындау міндет емес. Бірақ сонда да рәсімдеп қойғаныңыз абзал. Ертең заң бұздыңыз деген проблема шықпасын. Одан бөлек: 

  • Құрылтайшылар мен ЖШС-ның болашақ басшысының ЭЦҚ-сын, салық қызметінің базасында тіркелген өтініш берушінің ЖСН-ін дайындауыңыз қажет. ЖСН-нің тіркеліп-тіркелмегенін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан тексеріңіз. Ол жерде ЖСН-ңіз жоқ болса, салық басқармасына хабарласып, енгіздірсеңіз болады. 
  • egov.kz порталына кіріп, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы алып; банк шотын ашып; сақтандыру шартын жасасып, ЖШС-ны тіркеңіз. 
  • Тіркелгеннен кейін өзіңізге қажет салық төлеу режимін таңдаңыз. 
  • ЭЦҚ алып, мекемеге фирмалық мөр жасатыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

22/04/2021 12:43
5346 0

Уведомление