Жамбылдағы сарбаз өлімі: Бас әскери прокуратура жыныстық зорлық-зомбылықты жоққа шығарды
Өткен айда Пірәлиев өлген жауынгер сексуалды зорлық пен бопсаға ұшыраған деп мәлімдеген еді
Фото: Ашық дереккөзден
21 ақпанда Қазақстаның бас әскери прокуратурасы Жамбыл облысындағы «Шөл дала» шекара заставасында қызмет етіп жүрген жауынгер Бекбол Мираштың сексуалды зорлықтан өлгені туралы мәлімет расталмағанын хабарлады.
Әскери прокуратура хабарында «жауынгерді өз-өзіне қол салуға жеткізген» деген күдікпен аталған заставаның әскери қызметкері тергеліп жатқаны айтылған. Тергеу мәліметіне қарағанда, күдікті әскери қызметкер Бекбол Мирашты да, онан өзге жауынгерлерді де үнемі ұрып-соғып, қорлаған. Күдікті қамауға алынған.
Прокуратура адвокаттардың тәртіптік комиссиясы күдіктінің адвокаты, қылмыстық іс бойынша кей жайттарды жариялаған Сержан Пірәлиев әрекетін арнайы қарастыратынын мәлімдеген.
Өткен айда Пірәлиев өлген жауынгер сексуалды зорлық пен бопсаға ұшыраған деп мәлімдеген еді. Сараптама нәтижесін алға тартқан адвокат, өлген жауынгердің ауызы мен іш киімдерінен бірнеше ер адамның биоматериалы табылғанын хабарлаған. Адвокаттың сөзінше, оның ішінде өз қорғауындағы күдіктінің ДНК-сы болмаған. Ішкі істер министрлігі «адвокат этиканы бұзды», «шындыққа сай келмейтін өз тұжырымын ойлап тапты» деп айыптаған.
2022 жылы 19 тамызда қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың «Шөл дала» шекара заставасында асылып қалғаны мәлім болған. Оның туыстарына командирлері «жүретін қызымен ұрсысып қалған соң өз-өзін өлтірген» деп хабарлаған. Бекбол Мираштың туыстары оны әскердегі әлімжеттіктен өлді деп санайды. Ішкі істер министрлігі «Билігін асыра пайдалану» бабымен күдіктіні қамауға алған.
Қазақстан қорғаныс министрлігі Бекбол Мираш өлімінің «қарулы күштерге қатысы жоқ» екенін мәлімдеген. Алайда қарулы күштер қатарында өлім-жітімнің көбеюіне байланысты «әскерде өлімге жол бермеу» деп аталатын бағдарлама қабылдаған.
Пікірлер жоқ.