Жаңаөзенде «МұнайСпецСнаб Компани» жұмысшысы қаза болды


01/02/2024
15:11 7820 0

Фото: Ашық дереккөзден

Жаңаөзендегі кеніште «МұнайСпецСнаб Компани» жұмысшысы қаза болды. Бұл жөнінде Lada.kz сайты хабарлады.

«ӨзенМұнайСервис» компаниясының мәліметінше, 27 қаңтарда, кеніште «жазатайым оқиға» болған  

– «Өзен» кенішінде 27 қаңтарда түнгі ауысым жұмысшылары ұңғымалардың біріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде жазатайым оқиға болып, «МұнайСпецСнаб Компани» жұмысшысы қаза болды. Қазір оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін және алда мұндай оқиғаларға жол бермес үшін мемлекеттік еңбек инспекциясының жетекшілігімен комиссия жұмыс істеп жатыр деп жазылған компания хабарламасында. 

Хабарламада жұмысшы қазасына қатысты ақпарат айтылмаған. Компания өкілдері марқұмның «тиісті білімі болғанын және қауіпсіздік бойынша тексерістен өткенін» жазған. 

Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенген Lada.kz сайтының жазуынша, «МұнайСпецСнаб Компани»жұмысшысы бригадалар тұратын дөңгелегі бар вагонға баспалдақпен көтерілген. Сол кезде оны тоқ ұрған. Оқиға орнына барған жедел жәрдем қызметі өкілдері жұмысшының қазасын тіркеген. 

Сайтта жарияланған суретте темір баспалдақтың астында электр кабеліне ұқсайтын сым жатқаны көрінеді. 

Компания өкілдері бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді. 

«МұнайСпецСнаб Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорындары – «Өзенмұнайгаз» және «ӨзенМұнайСервис» компанияларына мердігерлік қызмет көрсетеді. Бұған дейін компания жұмысшылары наразылық өткізіп, өзге талаптармен қатар еңбек жағдайын да жақсартудыталап еткені еді. 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

01/02/2024 15:11
7820 0

Уведомление