Зерттеушілер: Назарбаев өзі ашқан қорлары арқылы 8 миллиард долларлық мүлікті басқарып отыр
OCCRP, Vласть пен «Клооп» бұрынғы президент туралы зерттеу шығарды
Фото: occrp.org
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашқан қорлары арқылы кемі 7,8 миллиард долларлық мүлікті басқарып отыр дейді Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), Vласть және «Клооп» зерттеушілері.
Олардың зерттеуіне сенсек, Қазақстан халқына көмектесу үшін құрылған «Қазақстанның бірінші президенті — Елбасы», «Назарбаев қоры», «Нұрсұлтан Назарбаев қоры», «Демеу» және «Елбасы» қорына:
- бірнеше банк (мысалы Jusan);
- Kcell мобайл операторы;
- азық-түлік өндіретін «Цесна», «Сапа нан» компаниялары;
- «Астықжан 1», «Астықжан 2», «Цесна» және өзге де сауда орындары;
- The St. Regis Astana қонақүйі (қазір Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаевтың атында);
- Бурабайдағы Baitas Hotel;
- Алматыдағы Nurtau гольф клубы және Swissotel Willness Resort қонақүйі;
- Антальядағы Rixos Beldibi бес жұлдызды қонақүйі;
- КТК және Astana TV телеарналары, «Караван» газеті;
- Бағасы 100 миллион доллар Airbus ACJ320neo ұшағы және басқа мүлік тиесілі.
— Бұл мүлік қағаз жүзінде Назарбаевқа тиесілі емес, бірақ оларды бұрынғы президент қорлардың негізін қалаушы ретінде басқарып отыр, — дейді зерттеушілер.
OCCRP бұрын да Назарбаев әулеті туралы зерттеулер шығарған еді. Онда бұрынғы президенттің тоқалы саналатын Әсел Құрманбаева шетелдегі 30 миллион долларлық компаниясын сатып жібергені айтылады.
Ал «Азаттық радиосы» Назарбаевтың қыздары, жиендері мен інісіне АҚШ пен Еуропадағы құны 785 миллион доллар болатын бірнеше зәулім сарай тиесілі дейді.
Сарапшылар Қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі ықпалын арттырып жатыр, Назарбаев дәуірі бітуге таяды деген пікірде.
Жуырда The Guardian өз дереккөздеріне сүйеніп Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мүлкін бөлісіп жатыр деп жазды.
Пікірлер жоқ.