Қытайда коронавирус шектеулеріне қарсы жаппай наразылық болып жатыр
Қарсылық Үрімжі қаласында өрттен 10 адам қаза тапқаннан кейін басталған
Қытай қалаларында үкіметтің коронавирус инфекциясымен күрес саясатына қарсы жаппай наразылық болып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда наразылар мен полиция арасында қақтығыстар болған.
Қарсылық Шыңжаң ұйғыр автономия ауданының орталығы Үрімжі қаласында өрттен 10 адам қаза тапқаннан кейін басталған. Олар өртенген пәтерден шектеу шараларына байланысты шыға алмаған. Бірақ жергілікті билік бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Төрт миллионнан астам тұрғыны бар Үрімжі қаласы үш айдан астам уақыт локдауында. Шектеу шараларының қатаңдығынан халық 100 күннен бері үйінен шыға алмай отыр.
Қазір наразылық ішкі Қытайға, Пекин, Гуаньчжоу, Шанхай қалаларында ауысқан.
Шанхай мен Пекин тұрғындары екі күн кешке қатарынан қарсылыққа шыққан. Алғаш рет коронавирус инфекциясы пайда болған Ухан қаласында да халық қарсылық білдірген. Бастапқыда локдаунды жоюды талап еткен шерушілер біртіндеп Қытай коммунистік партиясы сынап, басшысы Си Цзиньпиннің қызметтен кетуін талап ете бастаған. Шерушілердің көбі демократиялық реформа жүргізуді талап еткен. Кейбірі цензураға қарсылық белгісі ретінде қолдарына ақ парақ ұстап шыққан. Шерушілер Қытай әнұранын шырқаған.
Батыс БАҚ-тар мұндай қарсылық Қытайда сирек кездесетін құбылыс деп жазып жатыр. Қытай билігі әзірге ресми түсініктеме жариялаған жоқ.
Пікірлер жоқ.